Біз Назарбаевтың БИЛІГІ МЕН ҚУЛЫҒЫНАН ШАРШАДЫҚ, дейді Киев кеңесіне қатысушылар

Әлеуметтік желілерде бұдан бұрын хабарланғандай, Украина астанасы Киев қаласында өздерін «Қазақстан оппозициясының өкілдері» деп таныстырған бір топ азаматтың жиыны өткен еді.

Осы жиынның ұйымдастыру тобы ақпарат қызметінің хабарлауына қарағанда, Киевте кеңескен оппозицияшыл топтың құрамында елге танымал қайраткерлерден Балташ Тұрсынбаев, Серікбай Әлібаев, Рысбек Сәрсенбай, Уәлихан Қайсаров, Қуаныш Мұқтай болған. Олардың қатарында саяси қуғынның салдарынан елден қашып, Украинаны паналауға мәжбүр болған Айдос Садықов, Ермек Нарынбай, Ардақ Әшім, Ержан Тұрғынбай болды.

Киевтегі кеңесте не айтылды, қандай тұжырым жасалды? Бұған орай жиынды ұйымдастыру тобының ақпарат қызметі мынадай ақпарат таратты: «…Іштегі және сырттағы Отанға, мемлекетке жанашырлықпен қарайтын адал ниетті азаматтардың баршасы ұлы мақсат жолында бірігуі тиіс. Оппозициялық, демократиялық күштер Қазақстанда бейбіт жолмен өзгеріс жасаудың бастамасы ретінде халық құрылтайын өткізуге дайындалуы қажет… Ынталы топ /осыған байланысты/ құрылтай жиынын үстіміздегі жылғы 1 маусым күні Қазақстан астанасында бастауға шешім қабылдады».

Еске сала кетейік, бұл құрылтай туралы хабарға әлеуметтік желіде бірегей қолдау болмады. Мәселен, «бұл қандай тобыр», «басты көңілді сайлауға аударайық», «қайдағы-жайдағымен халықтық құрылтайдың қадірін кетірмейік» деген сияқты пікірлер жазылды.

Желі арқылы таратылған ақпаратта айтылғандай, бұл құрылтайда мынадай мәселелер қаралатын көрінеді: «Халық –мемлекеттік биліктің қайнар көзі; Елдегі әлеуметтік жағдайды жақсарту; Президент сайлауында дауыс беруге бойкот жариялау; Қытайдағы қазақтар мәселесі және ҚХР мен ҚР арасындағы қарым-қатынас; Тәуелсіздікті, мемлекеттілікті, демократияны қорғау».

Осы жиында астанада өтетін құрылтайды ұйымдастыру тобының төрағасы болып, белгілі саясаткер Уәлихан Қайсаров сайланған екен. Біз төменде ынталы топтың құрылтай өткізу туралы үндеуін cәл-пәл ықшамдап, жариялап отырмыз. Ескерте кетейік, бұл үндеуге жоғарыда аталған белсенді азаматтар қол қойған. Ал мәселенің толық мән-жайын газеттің келесі санында белгілі қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайдың газет тілшісімен болған сұхбатында жариялайтын боламыз.

«D»

  •  Бір адам билеп-төстеген қазақ елі тұйыққа тірелді. Назарбаевшылдар халықпен санаспастан және оны қажет деп таппастан, білгендерін жасады. Олардың келтірген залалы зіл батпан. Ең бастылары мыналар:

Мемлекеттіліктің іргесі шайқалды. Басқарудың барлық тармақтары өзін «елбасы» атандырған жеке дара билік құрушы Н.Назарбаевтың қолына тиді. Заң шығарушы парламент, атқарушы үкімет, сот, барлық күштік құрылымдар соның қалауымен жасақталады. Сайлаулар сайқымазаққа, соттар сахналық қойылымға айналып, бастапқы мәнін жойды. Мемлекеттік органдарға азаматтардың сенімі қалмады. Басқарушылар халықтан алыстады.

Тәуелсіздікке қатер төнді. Қос көршінің құшағына өз еркімен беріле құлаған Қазақстан экономикалық және саяси дербестігін әлсіретті. Шикізат беруші артта қалған африкалық елдердің кебін киді. Мұнай мен газдың, уран мен алтынның негізгі қожасы болудан қалды. Дайын өнім өндіріп, оны тиімді бағамен сыртқа шығару қолдан келмеді. Тәуелсіздікке тұсау салатын әртүрлі одақтар мен ұйымдарға кіруге құлшыныстың, инвестицияға, миллиардтап қарыз алуға әсіре құмарлықтың салдары осыған жеткізді. Мемлекетті басқарған Назарбаев сіңірген тәуменділік қызметі үшін марапатқа бөленді, кеудесін толтыра орден тақты. Тәуелсіздік жеке бастық атақ пен даңққұмарлықтың бодауында кетті.

Жемқорлық айықпас дертке ұшыратты. Мемлекеттік басқарудан бастап, перзентхана, балабақшаға дейін жемқорлық жайлады. Сатқын, пайдакүнем шенеуніктер ұлттық мүддені ақшаға айырбастады. Жерді, оның асты-үстіндегі бар байлықты өзара бөлісті. Өндіріс нысандарын, кен орындарын сырттан жеткен пысықайлардың майлы алақандарына салып берді. Қазақстан жемқорлық бойынша аты шыққан, алдыңғы қатарға іліккен ел болды. Адалдық, тазалық, ар мен абырой сияқты адами құндылықтар аяққа басылды.

Жерімізді саудаға салды. Ата-бабадан қалған қасиетті мұра – Жер-ананы сатуға шығарды, шетелдіктерге жалға беруге кірісті. Айналадағы мемлекеттермен шекараны нақтылап, белгілеу барысында ұтылысқа түсті. Жер туралы заңдағы жөнсіздіктерге қарсы тұрған патриот азаматтарды қуғындады, соттады.

Жұмыссыздық жұртты жүнжітті. Тоқырауға ұшыраған өндіріс орындары – зауыттар мен фабрикалар жабылды. Олар алып-сатарлықтың орнына айналды. Кешегі өнім өндіретін, тұтыну бұйымдарын шығаратын жүздеген мың кәсіпқой жұмысшылар далада қалды. Республика азаматтарының едәуір бөлігі кедейленді. Қайыршылар күн санап көбейіп барады.

Ауыл адамдары босқын болды. Астығы мен ет-сүті тоқшылықтың, орасан зор табыстың көзі болған ауыл шаруашылық жүйесі талқандалды. Ауыл тұрғындары күнкөріс үшін қала жағалап, босып кетті. Баспанасыз, жұмыссыз қалған қазақ өз Отанында «аутсайдер» атанды.

Мәңгүрттендіру басталды. Министр ауысқан сайын өзгеретін сауатсыз реформалар жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне кері әсерін тигізді. Жоғары оқу орындарында тегін оқыту мүмкіндігі шектелді. Мыңдаған жастың мамандық алуға ұмтылысы қол жетпес арман күйінде қалды. Елімізде білімсіздік пен біліксіздік үстемдік құратын кезең басталды.

Азаматтық құқық аяққа тапталды. Конституцияда жазылған өмір сүру, еңбек ету, сайлау, сайлану, бейбіт жиындар, сөз бостандығы құқықтарын пайдалануға шектеулер, кедергілер қойылды. Қарсы пікір білдіруге, наразылық танытуға, ұсыныс, талап қойғанға қарсы жазалау шараларын ойлап тапты. Қудалау мен қысым көрсетудің шектен шыққан түрлері қолданылды. Алаңдарда, көшелерде, тіпті үйінің қасында адамдарды заңсыз ұстау, полициялардың сүйрелеуі тұрақты және жеккөрінішті сипат алды. Соттар мен прокуратура, полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті саяси тапсырысты орындаушы, жазалаушы ролін атқарды.

Халыққа қарсы оқ атылды. Жаңаөзенде және Шетпеде билік басындағылардың бұйрығы бойынша бейбіт адамдарға оқ ату құралдары қолданылды. Жазықсыз жандар қырғынға ұшырады. Одан бұрын оппозиция жетекшілерінің өміріне саяси тапсырыспен қастандық жасалды. Билік қанды қол қылмыскерден асып түсті. Қазақстан авторитарлық, тоталитарлық елдердің қатарына қосылды.

Іріпшіріген билік жүйесі құрылды. Н.Назарбаев отбасылық, олигархиялық, тоталитарлық билік жүйесінің негізін қалады және оны дамытты. Билік арқылы өзі де, айналасындағылар да миллиардтаған байлықты иеленді. Халықтың несібесіне, үлесіне аяусыз қол сұқты. Биліктен айырылмау үшін Ата заңды, басқа да заңдарды өз мүдделеріне лайықтап өзгертті. Алдағы президент сайлауы да сол мақсатқа қызмет етеді.

Мұның бәрі құлдыраудың шегіне жеткенін айғақтайды. Ел басына төнген алапат қатерді әркім күнделікті өмірде көріп, түсініп отыр. Отанын сүйген, ұрпағын ойлаған ақниетті азаматтардың баршасына біз үндеу тастаймыз:

Біз отыз жылға жуық уақыт Н.Назарбаев басқарған мемлекетте өмір сүрдік және оның орындалмайтын уәделеріне тойып болдық. Қулығына да қанықтық. Үміт күтумен және оның халық қамын ойламайтын, өзінің шексіз билік құру үшін жасаған қитұрқы әрекеттерінен шаршадық. Билік жүйесін бейбіт жолмен өзгертпейінше, баршамыздың жағдайымыздың жақсармайтыны анық. Біздер, осы үндеуге қол қоюшылар, Киев қаласындағы ынталы топтың бас қосуында үстіміздегі жылғы 1 маусым күні республика астанасында ХАЛЫҚ ҚҰРЫЛТАЙЫН шақыру туралы бастама көтердік! Қолдаңыздар! Үн қосыңыздар! Бәріміз бірге өз Отанымызды авторитарлық билеуден, жемқорлықтан құтқарайық! Тәуелсіздікті, мемлекеттілікті қорғайық! Құлдық санадан арылып, еркіндікке, бостандыққа ұмтылайық! Әділеттіліктің орнығуына күш салайық! Халық – ҰЛЫ КҮШ. Біз ЖЕҢЕМІЗ!

Ілесбек Байжанов:

  • Жетім сатқан, жер сатқан, азғын қоғам орнатқандарға зауал келсін! Алла-Тағаламыз жар болсын халқымызға!

Иса Исаев:

  • Қолдаймын! Жай ғана сөзбен қолдамай, іспен, қаражатпен қолдауға дайынмын! Не істеуге болады? Құрылтайға қатысуға қалай болады? Қайда бару керек? Туыстарымызды, жолдастарымызды да қатысуға шақырайық.

Ғазиз Қаймолдин:

  • Е-е, қазағым, саяси бөлінген демейсіңдер ме осыны, нағыз анау ұры шалды қолдағанмен бірдей мыналарың! Қосановты пайдаланып, билікті әлсіреткеннің орнына, сіздер шет елге кетіп, сырттан не бітірейін деп жүрсіңдер? Өкінішті! Билікке қарсы күштерді әлсіреттіңдер.
Республиканский еженедельник онлайн