САЙРАГҮЛ Швециядан СӘЛЕМ АЙТТЫ!

Сейсенбі күні кешкісін танымал адвокат Айман Омарова өзінің қорғауындағы Сайрагүл Сауытбаймен бірге Швециядан тікелей эфирге шықты.

Қазақстаннан азаматтықты былай қойып, босқын мәртебесін ала алмай, шетелді паналауына қол ұшын берген адвокат мұңылық-ана Сайрагүлді іздеп барып, өз көзімен тұрмыс жағдайын көрді. Сол жерден тікелей эфир арқылы байланысқа шығып, әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берді. Сайрагүлге жанашыр ағайынның ізгі тілегімен қатар, кекеп-мұқатушылар да болды. Сол сұрақтардың бәріне Сайрагүл салмақты жауап қайтарды.

«Армысыздар, Алаш жұрты! – деп бастады сөзін Сайрагүл. –Адвокатымыз Айман Омарова осыдан бір ай бұрын мені әуежайда шығарып салар кезде бір айдан соң артыңнан барып, жағдайынды көріп қайтамын деген болатын. Сол уәдесінде тұрды. Міне, келді».

Елден отбасымен асығыс аттанған Сайрагүл халықпен дұрыстап қоштаса алмағанын, рахмет айтып кете алмағанын, өздерін Швеция жақсы қарсы алғанын айтты.

«Швецияға келген соң, әртүрлі адамдар барлық мүмкіндіктерді жасады. Тіпті алты бөлмелі үй берді, шетел тілін үйрену курсына барып жүрміз. Әзірге жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Балаларды да қалай оқытамыз деп, мұндағы ата-аналар бас қатырмайды екен. Балаларға жауапты арнайы екі адам бар, олар осы айдың жиырмасында екі баламды алып кетіп, тіл үйретеді. Мұнда адам құқығына сондай сыйластықпен, құрметпен қарайды. Ешкім сені ешнәрсеге қинамайды.

Жақсы адамдардың көмегімен әлеуметтік желіде «Сайрагүлге араша»! деген жеті топ құрылды. Үлкен-кіші бар, балаларға дейін ұзақ уақыт қолдаушы болды.Үлкен рухани күш берді. Сол топтағы адамдардың барлығына алғысымды білдіремін. Өздеріңізді сағынып жүрмін, сіздер керемет, қымбат адамсыздар! Еуропаға келгенімде қандастарымыз жер-жерден хабарласты.

Еуропада тұратын, бұрыннан менің жағдайымды біліп отырған қандастар хабарласып, келіп кетті. Жағдайымызбен танысты. Жақсы адамдар жер бетінде өте көп екен, жақсы сөз естіп, қолдау көрген мен бақыттымын! Қазақ еліндегі әділетті сүйетін, жүрегі таза адамдарға жақсылық тілеп жүремін. Мен үшін бәріңіз қымбатсыздар! Балаларымды жақсы тәрбиелесем, сіздерге, Қазақ еліне көмегім тисе екен деп ойлаймын. Маған жасаған жақсылықтарыңызға қарыздармыз!» – деді өз елінен пана таппай, Еуропа асып кетуге мәжбүр болған ана толқу үстінде.

– Серікжан Біләш туралы не айтасыз?

– Серікжан Біләш әлем танитын құқыққорғаушы. Ол кісі Қытайда қиналып, тағдыры тәлкекке түсіп жатқан қазақтардың жағдайын әлемдік деңгейге көтерді. Менің тауқыметке толы тағдырымда күндіз-түні ұйықтамай, жүгірген азамат. Ақиқат, Серікжан ағаға қатысты жағдайда әділеттілік жеңеді! Әділеттілік жолындағы қызметінің арқасында тез арада бостандыққа шығады деп сенемін, соны тілеймін!

– Еліңізге өкпеңіз, ренішіңіз бар ма?

– Ешкімге ренжімеймін, өкпелемеймін. Осы өмірге бәріміз қонақпыз, қысқа ғұмырда бір-бірімізді бағалайық!

– Қазақстан үкіметіне өкпеңіз бар ма?

– Қазаққа берген Алланың жері кең, дархан даласы бар. Тек табанымды тірейтін алақандай ғана жердің маған бұйырмағаны өкінішті-ақ! Өздеріңізге, қазақ еліне деген сағынышым басылмайды екен. Қазақ тілін ешуақытта ұмытпаймыз! Жуырда Америкадан бір азамат арнайы келіп кетті. Өзі осы Швецияның адамы екен, Америкадағы бір университеттің профессоры. Осы жерден көлік жалдап, отбасымызға қаланы аралатты. «Швецияға қош келдің, Сайрагүл!» деп мақалажазыпты. Өз елімнің жағдайын таныстырайын деп келдім дейді. «Қиын тағдырлы адамдарды тауқыметтен құтқарып, осында алып келген өзімнің Швециям үшін, өзім швециялық болғаным үшін мақтанамын!» – дейді.

Тілді үйреніп, жағдайымызды дұрыстап алғаннан кейін, әлеуметтік желіде парақша ашып, барлығыңызбен байланысқа шығатын боламын.

Тікелей эфирдің мәтінін ықшамдап дайындаған –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ

Республиканский еженедельник онлайн