Біз сенімен БІРГЕМІЗ, УКРАИНА!

Әлеуметтік желілер арқылы күнібұрын белгілі болғандай, өткен аптада құрылып, шұғыл саяси реформалар жүргізу жөнінде («ДАТ», 24.02.2022 ж.) ел билігінің атына мәлімдеме қабылдаған «Ел болашағы» азаматтық бастамасының мүшелері кезекті үндеу қабылдады. «Біз сенімен біргеміз, Украина!» деген аншлагпен жарияланған бұл үндеуде бастамашылар соғыс өртіне оранған Украинаға гуманитарлық көмек жинау мәселесін көтеріп, арнайы көмек қорын ашты, бүкіл Қазақстан халқын азаттығы үшін кескілескен күреске кіріскен украиндықтарға көмек көрсетуге шақырды.

Біз бүгін «Ел болашағы» азаматтық бастамасының ұйымдастырушысы, «ХАҚ» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиеваны сұхбатқа шақырып, үндеуге қатысты мән-жайды білген едік.

– Тоғжан бике, ең алдымен ресейлік басқыншылық соғыстың салдарынан отқа оранған Украина халқына көмек қолын созған ізгілікті бастама үшін «Ел болашағының» қыз-жігіттеріне алғыс айтамыз!

– Рақмет! Бұл азаматтық қоғамның ортақ адамгершілік ісі ғой. Іргемізде озбырлығы асқынған Ресей тұрғанда. Украинаға көмек көрсетудің басқа қандай жолы болуы мүмкін?!

– Сіздер көтерген үндеу бойынша бүгінде қанша қаржы жиналды? 

– Украина халқына гуманитарлық көмек жинау туралы үндеу жариялаған 26 ақпаннан бергі алғашқы үш күнде Қазақстанның әр өңірінен 50 миллион теңгеден артық қаражат жиналды. Әлі де ақшалай, дәрі-дәрмек, азық-түлік, өзге де қажетті дүниелер түрінде көмектер толассыз келіп жатыр. Әр өңірден, әр жастағы, әр ұлт өкілдері бұл бастамаға қатысуға асық. Мәселен, бір оқушы бала 100 теңге аударса, 10 млн теңге аударған азамат та болды. Ақшалай көмектесе алмағандар заттай әкелсе, кей ерікті азаматтар жиналған заттарды сұрыптауға, қорапқа салып, оны елшілікке жеткізуге қолғабыс етуге арнайы келіп жатыр.

– Ресейдің қас-қабағына алаңдаған ақордалық билік тарапынан ескерту жасалып, қандай да бір сес көрсету жасалып жатқан жоқ па?

– Жоқ, ондай әрекеттер болмады… Украина – тәуелсіз мемлекет! Украина халқының өз тәуелсіздігін қорғауға толық құқығы бар екені даусыз. Біз де тәуелсіз елдің халқымыз. Осы гуманитарлық шараны ұйымдастыра отырып, біз де Отанымыздың тәуелсіздігін барынша қорғауға дайын екенімізді айтқымыз келеді. Бұл бір жағынан ресейлік шапқыншы билікке жолданған азаматтық белгі деп қабылдануы керек. «Украинадан кейінгі кезек Қазақстанға келеді» деп, баспасөзде жазылып жүргенін ескерер болсақ, бұл азаматтық ишараны Ақорда билігі де түсіне отырып, Ресеймен арада құрылатын ендігі геосаяси қарым-қатынастың бір аргументі ретінде қолдануы тиіс деп ойлаймын.

– Жақсы айттыңыз, Тоғжан бике! Расында да, Ресеймен қарым-қатынас орайында Ақорда азаматтық қоғамның бастамасы мен көмегіне сүйенуі керек шығар?

– Әлбетте! Украинадағы бүгінгі азаттық соғысының тәжірибесі посткеңестік елдер үшін басқа амалдың жоқтығын көрсетті.

Соғыс кезінде мыңдаған халық туған жерлері мен үйлерін тастап кетуге мәжбүр болады, адам үшін ең қарапайым деген заттардың: киім-кешек, дәрі-дәрмек, азық-түлік – бәрі-бәрі тапшы болады. Кез келген соғыс – ауқымды гуманитарлық дағдарыс. «Ел болашағының» азаматтық бастамасы осы күйзелістен құтылуға қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана көмек. Сондықтан қазақстандықтар тағдыры қыл үстінде тұрған украин халқына қолғабыс етуге тиіс.

– Ал енді жиналған заттай гумкөмекті Украинаға жеткізу жолы қалай шешіліп жатыр?

– Бұл істі Украинаның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастыруда. Елшілікпен тікелей байланыстамыз, олар логистика жағын мойнына алды. Сонымен қатар Польшада Украинаға гуманитарлық көмек үшін арнайы қор құрылған. Қазақстаннан алынбаған кейбір дәрі-дәрмекті алу үшін, қаржының бір бөлігі сол қорға аударылып, сол жақтан алынған дәрілер Украинаға тікелей жөнелтіледі. Украинаға көмекті жіберу жағы негізгі осы екі арна арқылы жүзеге асырылуда. 

– «ДАТ»-тың өткен санында елдегі саяси өзгерістерді талап еткен үндеу жарияланған соң, оқырмандар тарапынан: «Осы азаматтық бастамасы қалай құрылды?» деген сұрақ туындауда…

– «Ел болашағы» әзірге ешқандай саяси ұйым емес. Біз қоғамдық-әлеуметтік бастамаларды көтеруші азаматтық топ ретінде ғана әрекет етудеміз. Мен осы топтың құрылуына мұрындық қана болған адаммын. Ал топтың алғашқы құрамынан тұрақтап қалған елге танымал азаматтар – Арман Шораев, Бақытжан Бұқарбай, Бахытжан Төреғожина, Ермұрат Бапи, Дина Елгезек, Досым Сатпаев, Қарлығаш Еженова, Марғұлан Сейсембай, Мұхтар Жәкішев.

Ал Украинаға гуманитарлық көмек жинау жөніндегі соңғы үндеуден кейін тобымызға Айнаш Керней, Аягөз Ханетова, Амандық Дәулетбекұлы және Рахымбек Абдрахманов қосылды.

– Бұл топты саяси бірлестік немесе ұйым ретінде құрылудың алғашқы қадамы деп, әлеуметтік желілерде айтылып жатқан алып-қашпа сөздер туралы не айтар едіңіз?

– Әзірге бізде бұл топты саяси ұйымға айналдыру жөнінде мәселе қозғалған жоқ…

– Азаматтық топтың бір мүшесі Ермұрат Бапи өзінің «Фейсбуктағы» бір жазбасында «осы құрамда саяси партия құруға қол қоямын» деген еді…

– Бұл енді қоғамның бірігуін көптен бері аңсап жүрген Ерекеңнің арманы ғой… Топтағы әрқайсымыздың көкейімізде осындай ізгі ой бар. Бірақ бұл енді болашақтың үлесіндегі мәселе болса керек…

Жалпы, кез келген мемлекет өзінің даму бағытын халықтың қалауына қарай ұстануы қажет. Қазақстанда болатын реформалар мен демократиялық өзгерістерді тек қана қазақстандықтар белгілеуі тиіс. «Ел болашағы» азаматтық бастамаларының ұстанымы осы. Қазақстан халқының демокртаиялық қоғам орнататын күні алыс емес. «Ел болашағы» осы үрдісті жеделтетуге және елдің өркениетті жолмен дамуына ықпал етуі үшін, барша қазақстандықтардың басын біріктіруді мақсат етеді.

– Ал енді сұхбатымыздың басты тақырыбы – гуманитарлық көмек жинау мәселесіне қайтадан оралар болсақ, тағы да не айтар едіңіз?

– Басқа не айтайын?! Украина халқына жанашырлық танытып, ақшалай және заттай көмек көрсеткен барша азаматтарға, ұйымдастыру жұмыстарына келіп, қолғабыс еткен белсенділерге, осы шараны ақпараттық қолдаған ақпарат құралдарына «Ел болашағы» азаматтық бастамасы атынан алғыс айтамын!

Әрине, бізге жәрдем жасап жатқан Украинаның елшілігіне айтылар рақметтің орны ерекше! «Слава Украине!».

– «Героям слава!». Рақмет сұхбатыңызға, Тоғжан бике! 

Айсұлу ОСПАН,

«D»

Редакциядан: Гуманитарлық көмек жинау төмендегі мекенжайларда жүргізілуде (Қазақстандағы украиндық және басқа да азаматтарға түсінікті болу үшін, ақпаратты орыс тілінде жариялап отырмыз):

1. Посольство Украины в РК. Астана, ул. Жылая,12, м-н Караоткель, 2. Тел.8 (7172) 40-07-57. 

Златослава +7 707 657 8234.

2.Координация волонтеров:

Координаторы сборов гумпомощи в Астане: 

1. Айжан +77051578320

2. Радмила +77017245405 

3. Алия +77073046030 

4. Меруерт +77057544741

3. Координация волонтеров по Алматы, ул. Фонвизина, 10, 307 офис. Телефон: 87713777773. Динара Мелиханова. 

4. Сбор средств для закупа гумпомощи производится на карту Каспи голд. Номера карт: 

1. 5169 4971 1448 9911. Карта привязана к телефону по номеру +77072999357. Имя: Рахимбек Абдрахманов.

2. 4400 4301 8405 3327

+77019257585. Имя: Тогжан Кожалиева.

5. Помогать лучше финансово, так как очень большие сложности в оформлении таможенных документов по вещам от физических лиц и наличием рейсов.

6. Вся информация по акции на Телеграмм-канале: 

https://t.me/El_bolashagy

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн