ДАРИҒАНЫҢ тағы бір байлық көзі АНЫҚТАЛДЫ

  • Қазақ-қытай шекарасындағы бизнес-схема арқылы экс-президенттің қызы қалай пайдаға кенелді? 

Назарбаев кланының активтері ептеп елдің иелігіне қайтып жатыр. Қазір Қаржы мониторинг агенттігі Дариға Назарбаеваның Қазақстан – Қытай шекарасындағы бизнес-схемасына тергеу жүргізуде, деп жазады Dalainside.

Себеп – Қытай мен қазақ шекарасындағы «Нұрлы жол» қақпасына қарасты ұзындығы 3 шақырым (!) жолды Назарбаеваның «Eurotransit Nur Zholy» компаниясы пайда көзіне айналдырған.

Жетісу облысы, Панфилов ауданы аумағындағы Қазақстан – Қытай шекарасы маңындағы бейтарап аумақта «Нұрлы жол» өткізу пункті бар. Қазақ шекарасынан өткен соң, саудагерлер нейтралды аумақта орналасқан сауда орталығына барып, өздеріне керектіні сатып алады. Бұдан кейін жүк пен жолаушыны жоғарыда айтқан «Eurotransit Nur Zholy» компаниясының көліктері кері қарай қазақ шекарасына дейін жеткізеді. Шекараға дейінгі жол ұзақтығы небәрі үш-ақ шақырым… 

Жұрт осы үш шақырымды жүріп өту үшін, Дариғаға тиесілі компанияның логистикалық қызметіне жүгініп, қомақты ақша төлеуге мәжбүр болған. Жүк және жолаушы тасымалдау ісімен айналысатын өзге компанияларды бұл жерге жолатпаған. Осылайша «Eurotransit Nur Zholy» компаниясы Қорғастағы жеке-дара монополистке айналған.

Ал «Нұрлы жол» – Орта Азиядағы ең үлкен өткізу пункті. Назарбаеваға тиесілі «Нұрлы жол» өткізу пунктін салуға «Еуразия банкінен» 100 млн доллар бөлінген. 

Қаржы мониторингі агенттігі «Eurotransit Nur Zholy» ЖШС-ін тексеру кезінде Қытайдың бейтарап аумағынан Қазақстанға жүк таситын жалғыз оператор бола тұра, қызмет құнын бәленбай есе өсіргені дәлелденді. Агенттік компанияның былықтарын тексеруді жалғастыруда.

Дариғаға тиесілі компания монополистік қызметтен 4,2 млрд теңге табыс тапқан. Сөзге келмей, кінәсін мойындаған компания басшылығы құны 5,3 млрд теңгеден асатын активтерін (3,6 гектар жер телімі бар) мемлекетке аудару туралы өтініш-хат беріпті.

Shishkin_like арнасының жазуынша, Қазақстан – Қытай шекарасындағы өткізу пункті – «Eurasia Transit Holding LTD» серіктестігінің еншілес компаниясы. Ал «Eurasia Transit Holding LTD» құрылтайшыларына қарасаңыз, келесі персоналар алдыңыздан шығады:

  • Данияр Қайрат – QazaqGaz компаниясының экс-басшысы, Дариға Назарбаеваның жұбайы делінген Қайрат Шәріпбаевтың (суретте) ұлы. 
  • Венера Шайжүнісова (суретте – сол жақта) – Дариға Назарбаеваның кіші қызы. 

Бұдан ілгеріде «Eurotransit Nur Zholy» компаниясы Дариға Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевтың бақылауында болғанын топшылауға болады. Компания 2018 жылдан бері қазынаға 485 млн теңге салық төлеген. Ең қызығы салықтың сүбелі бөлігі (318 млн теңге) Қаңтар оқиғасынан кейін апыл-ғұпыл аударыла бастаған. Компанияның 2022 жылғы таза табысы 1,4 млрд теңгені құрағанын айта кету керек. 

Қаңтар оқиғасы отыз жыл бойы халықтың несібесін төгіп-шашқан Назарбаев әулетін тәубесіне түсірді. Dalainside телеграмм-арнасына жеткен мәлімет бойынша, сайлаудан кейін Жаңа Қазақстан Дариға ханыммен мықтап айналыса бастайды.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн