Ермұрат БАПИ: Олар заман тапсырысын орындайтын сұрқылтай

Жарас КЕМЕЛЖАН

24.08.2021, 09:08

Қазақ журналистикасында бас редакторлығы сотталған жалғыз бас оқырман бар. Ермұрат Бапидың есім-сойы солақай сотпен сотталған «ДАТ» жобасымен шыққан бірнеше газет арқылы жақсы таныс. Оның үстіне билікке тәуелдісі артып, тәуелсізі азайған бүгінгі күні оқылымды газет шығару оңай шаруа емес. Көптің көңілін жықпайтын, шенеуніктердің қоясын қотаратын газет жасау нарыққа байланған қазіргідей кезеңде үлкен тәуекелді қажет етеді. Сондай тәуекелмен, табандылықпен ширек ғасырға жуық уақыттан бері тәуелсіз басылым шығарып келе жатқан бұрынғы бас оқырманды әңгімеге тарттық.      

– Ермұрат аға, аптаның алаңы Ауғанстан болып тұр. Тәліптер жайпап, жапырып, билікті қолына алып жатыр. Ауған емес, біздің жұрт та үрей құшағында. Өзбекстан келісіп шекараны ашып берсе, босқындар бізге өтіп кетпей ме деген күмән бар. Мұндай жағдайда тәліптер мен қазақ билігі қалай ымыраға келуі мүмкін?

– Мен сыртқы істер мәселесінде жарытып сарапшы бола алмайтын шығармын… Өте күрделі процестер басталған сияқты. Дегенмен жеке өзімнің бақылауымды баян етер болсам, Ауғанстан проблемасында екі жағдайды тілге тиек етуге болады. Біріншіден, қазақ билігінің сыртқы қатынастар бойынша күн тәртібінде жаңа контур пайда болады. Ауғанстанмен арада ортақ шекарамыз жоқ деп, Орталық Азия елдері үшін бірегей проблемадан жалтарудың жолы жоқ. Бүгін өзбекке енген босқындар арасындағы «қой терісін жамылған» радикалдар ертең бізге де келуі әбден мүмкін. Оның үстіне оларға құшағын айқара ашуға дайын дүбәра діндар қазақ өз ішімізде аз емес.

       Екіншіден, ауған проблемасын пайдаланған Ресей Орталық Азия елдері мен Қазақстанға өз ықпалын күшейте бастайды. Тәжікстандағы ресейлік 201-ші әскери база біртіндеп, сөз жоқ, әскери бригадаға айналады. Бұл дегеніңіз –  кемінде 5000 әскер. Дәл осындай база Әндіжан аңғарында да ашылуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан билігі аймақтық проблеманы ОА елдерімен бірге шешудің бастамашысы болғаны жөн сияқты. Бір жағынан, ауған синдромы Қазақстан үшін түріктік немесе Орталық Азия одағын құруға шанс береді. Егер ОА елдері мен Қазақстан осындай ортақ мәмілеге келіп жатса, Ресей тарабы әдеттегідей «кіші бауырларының» ымыраласу үрдісіне килігіп, керенау кедергі келтіре алмас еді. Бұл геосаясат тудырған талап және оны Ресей емес, түркітілдес, ағайын елдердің өзі шешуі керек.

– Тәліптердің жеңісінен кейін біздің сақалдылар, яғни сәлафиттер мен уахабистерге «жан» бітуі мүмкін бе?

– Әбден мүмкін! Олардың «жаны» бұрыннан бар болатын, ендігі жерде сақалдылар ашық әрекеттерге кірісуі ықтимал. Ең бастысы – әлеуметтік желілер мен интернет басылымдар арқылы нақұрыс насихатын бұрынғыдан да күшейте түседі. Сондықтан тиісті қауіпсіздік органдары, әсіресе мешіт уағыздарына қатаң мониторинг жүргізу қажет деп ойлаймын. Қазақтарды мұсылмандық жікке бөлген салафизммен аңдыспақ ойнаудың заманы өтті, енді теріс ағымды тыюдың батыл әрекеттерін қолдану керек. Әйтпегенде кеш қаламыз. Қазірдің өзінде кешігіп қалған түріміз бар. Халықтың исламішілік алауыздығына арқау болған «бөліп алып билеудің» тактикасы мемлекеттік тұтастық мүддесі жолында тас-талқан болуы тиіс.

– «ДАТ» газеттері жобасының шыға бастағанына ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Аз уақыт емес. Ымырасыз, нәтижесіз күрестен шаршаған жоқсыз ба? «Ермұратта бұдан басқа жол жоқ» дейтіндердің пікірі қаншалықты қисынды?

– «Ымырасыз» дегеніңізге қосыламын. Ал «нәтижесіз» дегенің дүдәмал долбар. Нәтиже – халықты саяси сауаттандыру, орыс тілінде бұл «ликбез» деп аталады – «ликвидация безгамотности». Бұл тұрғыда «ДАТ» талайдың көзін ашты десем, соншалықты қатты қателеспеймін. Сол себепті де нәтиже бар.

       Ал «шаршаған жоқсыз ба» дегенге келсек, көкірек қағудың қажеті жоқ. Иә, бір газетті ширек ғасыр шиырлау шығармашылық тұрғыда шаршатты. Сол  баяғы оппозициялық сегментті жаңа трендте жүргізуге қабілеті бар, жаңаша ойлайтын жастарға газет тұтқасын ұстатқым келеді. Жанрдың дағдарысын мойындау керек: қазіргі коммуникативті тіл мен заманауи стильден кенде қалғанымыз рас. Бірақ жаңаша ойлайтын жас журналистердің арасында билікке қарсы оппозициялық ойды «оғаш» жазуға жүректі жасты көре алмай жүрмін. Бүгін атып шыққаны – ертең бүгежектеп қалады. Табандылық жоқ. Соттан да, оттан да қайтпайтын қышырлы біреудің жүрегі дауаласа, өзімнің жекеменшік газетімді бүгін-ақ қолына ұстатар едім. Талап біреу – жақсы журналистік жазу және сол жазуға жауап берерлік жүрек.

— Ал «Ермұратта басқа барар жол жоқ» дегенге не дейсіз?

– Бауырым-ау, алпыстан асқанда жаңа жол іздейтін жастан өтіп кеткен сияқтымын. Оның үстіне бұл мен құрметтейтін қоғамға күлкілі жағдай болады. Ал екі жастың бірінде күлкісі көп табалауға қалғым келмейді. Әйтпесе барлығын сырып тастап, жеке шығармашылықпен айналысуға болар еді. Мемуар деуге келмес, бірақ Қазақстанның жаңа тарихына публицистикалық көзқарас тұрғысында бірдеңе жазу ойымда бар. Енді ғұмыр болса, оның барлығы кейінірек атқарылатын шаруа.

– Сол ширек ғасырлық күресте өзіңізбен бірге жүрген біраз дос, замандас, бауырларыңыз позициясын өзгертіп, бір-ақ күнде «Нұр Отан» болып нұрланып шыға келді. Тіпті кейбірі депутат болды дегендей. Сізге де сол жолды таңдауға болар еді ғой. Ұсыныс түспеді ме, әлде принциптен аттай алмай жүрсіз бе?

– Біріншіден, әркімнің өз таңдауы болады. Екі күннің бірінде ол таңдауды дамбал сияқты ауыстыра беру абырой әпермейді. «Депутат болды» дегенде, «Нұр Отанға», Айдос Сарым мен Ерлан Сайыровты меңзеп тұрған шығарсың. Иә, тонның ішкі бауындай, дос болмасақ та, бұл жігіттермен аралас-құралас жүргенім рас. Енді оларды жата жазғырудың ретін білмеймін. Білетінім – саяси білім-танымы мол бұл жігіттерге азаматтық қоғам тарапынан сұраныс болмады. Олардың қарымын пайдаланатын жүйелі оппозиция және жоқ. Енді қайтпек керек? Өмір зулап өтіп жатыр, материалдық сұраныс та жағадан алатын жағдай туды. Содан олар өздерінің құны бағаланатын ортаны қалады. Бұған не деп дау айта аласың?

Екіншіден, маған да соған ұқсас ұсыныстар түскен. Бір емес, бірнешеуі болды. «Принциптен аттай алмадым» деген пафосты қоя тұралық, бірақ сол ұсыныстарға ішім жылымады. Содан, шамасы, үйреншікті жерімде қала беруді қалаған сияқтымын… Ол аз десең, соғыс жесірі – кемпірдің бауырында өскен бірбеткейлігім және бар.

– Десек те, өзіңіз айтқандай, жас келіп қалды дегендей, «жылы жер» іздеу ойыңызда жоқ па?

– Иә, алты айдан кейін пенсияға шығамыз (күлді). Енді маған арналған «жылы жер» жоқ шығар. Одан да ескі орнымды суытпағаным жөн-ау деймін.

– Билікпен қырғиқабақ болып өткен өміріңізге ішіңіз ашып, өкінген кезіңіз болған жоқ па? Жақындарыңызға, бала-шағаңызға қылдай болса да қиянаты, кесірі тиген кезі болған шығар?

– Өткеніме өкінемін демейін, бірақ осы жүрісім далбасаның қылығы емес пе деген ойлар болады. Әсіресе мыңқ етпес қоғамның саяси самарқаулығын көргенде, «біз неге ит боп жүрміз» деп ойлайсың. Осы жылдың қарашасында оппозиция атанғанымызға 24 жыл болады: бір ұрпақтың ғұмырын сарп еттік. Нәтиже қайсы? Бұл енді өкініш пе, уайым ба – өзің ойлай бер.

        Әрине, «осы жүрісімнің» қиянаты көп болды. Оның барлығын жырласам, етегім жасқа толады (күлді). От пен соттың қиянатынан өткеніміз  өз алдына бітпес әңгіме. Екі рет қылмыстық баппен сотталдық. Әкімшілік жазаның саны мен төленген айыппұлдың есебінен жаңылдық.

       Біз бір әкеден тараған 12 баламыз, мұғалім болып жүрген жалғыз қарындасымнан басқамыздың бірде-бірі мемлекеттік қызметте жоқ. Төрт-бесеуі «тұрақты» жұмыссыз. Ешқайда жұмысқа қабылданбаған балаларым шетелге кетуге мәжбүр болды.

– ЖСДП-ның құлақ-шекесінен бір салып есеңгіреткеніңізді жұрт әлі күліп, еске алып жүр. Өткен шақтың әңгімесі болса да сұрайын, ЖСДП-ның жетекшісі бола тұрып, жалғыз қалуыңыздың құпиясы не: қасыңыздағы жігіттердің сатқындығы ма, әлде Ермұраттың саясаткерлік тәжірибесінің аздығы ма? 

– Екеуі де бар. Сатқындық жеке маған қатысты жасалса, өкініш жоқ. Мен бетін халыққа, азаматтық қоғамға бұрған елдегі жалғыз оппозициялық партияны биліктің ығына жығылған жандайшаптар сатып кетті. Халықтың саяси мүддесін, ерік-жігер есесін сатты. Егер сол 2019 жылдың күзінде ЖСДП-ның азаматтық қоғаммен бірігуін жүзеге асырғанда, биліктің бүгінгі контуры басқаша болар ма еді? Соған жеткізбеді. КНБ-мен бірігіп, партияны халықтан ұрлап әкеткен сатқындарды елдің есіне салып қойған жөн шығар: олар – Асхат Рахымжанов деген бір ауыз қазақша қақпайтын дүбәра, Тазабек Сәмбетбай деген мыңқиған мөшек, Айдар Алибаев (өзі солай жазады) деген саясат саудагері. Қуат Күнболатов деген күнкөріс қуған пенде. Соңғы екеуі бүгінде ЖСДП-ны сатып, «Ел тірегі» партиясына кетіпті. Талғат Әлиев (бірде Омаров деп жазылады) пен Нұрым Нұрлыбеков деген «контордың» астауынан ауқаттанған алаяқ тірліктің адамдары. Бұл саяси сатқындарды жеке-жеке атап отырған себебім – ертең олар тағы бір ұйымның ішіне лаң салуы мүмкін деген сақтықтың ишарасы.

        Ал «тәжірибенің аздығы» дегенде, бұған дейін партиялық жетекшілік рөл атқармағаным рас. Оның үстіне өзім азаматтық қоғамды партияға тарту ісімен айналысып, ішкі жұмыстың барлығын, соңғы «төңкеріс сиезін» өткізу міндетін жоғарыда аталған саяси сатқындарға жүктеп қойған едім.

Енді езе беретін емес, нәтижесі белгілі – қоғам жалғыз оппозициялық партиядан айырылды. ҰҚК мен «нұротандық» Бауыржан Байбек сырттан басқаратын қуыршақ партия соңғы парламенттік сайлауда тағы да сатқындық жасап, сайлауға қатыспай қалғаны баршаға мәлім болса керек. Қысқасы, не айтасың, ЖСДП-ның жандайшап партияға айналып кеткені есіме түссе жүрегім ауырады. Оппозициялық қозғалыстың саяси ұйымы болатын партиядан айырылып қалдық. Жанға бататыны – осы.

– Жаңа технология ғасыры сайт пен әлеуметтік желіні дамытты. Мемлекет бағатын басылымдардың жөні бөлек. Ал «ДАТ» жарнама бермейді, тендер алмайсыз. Газетті қалай шығарып жатырсыз?

–Халыққа қажет-ау деген осы газетті біз базар саудасынан түсетін азын-аулақ ақшамен ғана шығарып жатырмыз. Демеушіміз де, жебеушіміз де – оқырман. Басқа бір адам немесе қалталы азаматтан қарайласар қайыр жоқ.

-Неге? Әкежан Қажыгелдин ше? Экс-премьер көмектеседі деген сөз бар ғой?

– Сөздің бары рас. Бірақ ол қаңқу сөз ғана, анығында, сонау «СолДАТ»-тан кейін (2001 ж.) ол кісі қаржылық көмек жасауды қойды. Оның үстіне өзі де қуғында жүрген азаматтан ақша сұрау есті азаматтың ісі болмайды. Рақмет, кезінде көмек жасады, қоғамға оппозициялық газет шығаруға жәрдем етті. Соңғы 20 жылда газетті мен жеке өзім шығарамын. Қатты қиналған кезімізде Серікжан Мәмбеталин сияқты бірер қоғамшыл жігіттің «дем салғаны» бар.

Мынау соңғы корона-кризистен кейінгі жағдайымыз өте ауыр. Журналистік штатта үш-ақ адам қалды. Олардың алатын жалақысы еден жуушының табысына да жетпейді. Бірақ арқа-жалымызды күдірейтіп алып, газет шығаруды тоқтатқан жоқпыз. Бүгінде, негізінен, баспахана ақысы мен салық төлеу үшін жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

– Соңғы кездері Ресей пропагандасы күшіне мініп тұр. Қазақстанға шүйлігетіндей соншалықты себеп те жоқ. Сонда олардың аузына сөз салып, баспасөзіне тіл бітіріп отырғандар кімдер?

– Путин! Путиннің агрессиялық, ұлыдержавалық саясаты мен «Орыс әлемі» деп аталатын оның саяси бағдарламасы. Ал біздің билік Путин мен Ресейдің әпербақан әрекетіне ләм-мим дей алмайды. Оған соңғы оқиғалар куә: Кремль жақ орысқа, оның тіліне соқтығып жатыр деген дабыра көтерді; ұлтжанды үш қазақ жігіті сотқа тартылып жатыр, «Тіл майданын» құрған Қуат Ахметов сияқты өжет жігіттер қуғынға түсті. Өз елінде, өз жерінде отырып дүкеннен қазақ тілінде нан сатып ала алмау деген масқара сорақылық қой. Кремльдің кәрінен тышардай қорыққан біздің билік осыған көзжұмбайлық жасап отыр.

– Сіздер Шерханның шекпенінен шықтыңыздар. Бұрын журналистер мықты редакторлардың мектебінен өтіп, бірте-бірте қалыптасатын. Қазір олай емес. Шекпен де, мектеп те жоқ. Оның үстіне блогер дегендер пайда болды. Қойшы да, мұнайшы да, ит пен құс та блогер. Билік газетте көлдей материал жазатын журналистердің емес, алақандай пост жазатын блогерлердің пікірімен санасып, соларға қомақты қаламақы төлейді. Бұл уақыт талабы ма, әлде биліктің бишігіне бағынбайтын сөзі мірдің оғындай нағыз журналистерді тұншықтыру ма?

– Әр заманның өз сұрқылтайы болады. Бұл, шамасы, эволюцияның табиғи құбылысы шығар. Блогер деген бәлекет – заманның әлеуметтік тапсырысын орындайтын сұрқылтай. Ешкімнің алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ, заң-паңның аузын ұрып қойған бір жазғыш әлдекімнің тапсырысын өтеп, ақшаға жалданады; ол әділет пен ақиқатты ақысын төлеген адамға жығып береді. Блогер деген жандайшабың – осы. Мен мұндай бәлекетті қасиетті журналистикамен салыстыра алмаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Республиканский еженедельник онлайн