Жер комиссиясына ЖЕТІ ҰСЫНЫС

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА

Құрметті Қасым-Жомарт мырза! Сіздің Ұлттық қоғамдық-саяси кеңестің бесінші отырысында шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылық жерлерін сатуға және жалға беруге заң жүзінде біржолата тыйым салуды көздеген пікіріңіз көпшіліктің көңілінен шықты. Енді осы пікірді президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру үшін, президенттің әкімшілігі тиісті заң жобасын әзірлеуі керек. Еске салсақ, сіз бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны қайтадан құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуін тапсырған болатынсыз. Және комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдері мен жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керектігіне мән беріп, үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды да тапсырдыңыз.

Сіздің бұл бастамаңыз шынайы іске асатын шара болса, көпшіліктің құптауына ие болары сөзсіз. Алайда 30 жылдан бері Ақордадан шыққан қандай да бір бастама, қаулы-қарар, бағдарламалар болсын, оған халықтың күмәнмен қарайтыны да жасырын емес. Өйткені осы уақыт ішінде жоғарыдан қабылданған жүздеген шешімдер мен қаулылардың көбі аяқсыз қалды. Оған бөлінген қыруар қаржының желге ұшып жатқаны тағы аян.

Елді дүрліктірген осы бір түйткіл мәселені ел президенті екі жылдан бері қолға алмай, неге кешіктірген? Немесе үкімет басшылары, парламент депутаттары мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері де төрт жарым жылдан бері халықтың жанайқайына үн қатпағаны қалай?

Себебі жер – байлық пен капиталдың көзі. Ал билік басында отырған топтың заңсыз тапқан қаржылары 108 шетел банктерінде 320 млрд теңге көлемінде жасырылғаны, 69 мемлекетте олардың жылжымайтын мүліктерінің бары ашық ақпарат көздері арқылы мәлім. Оған қоса, экс-президент Назарбаевтың отбасы мүшелері мен оның сыбайластарының әлемнің дамыған ондаған елінде қымбат виллалары мен миллиардтаған доллары тығылып жатқанынан халықтың хабардар екені де жасырын емес.

Дегенмен, еліміздің 65% жері экологиялық апатқа ұшырап, флора-фауна мутацияға айналып, егістік жерлер мен жайылымдардың топырағы деградацияға ұшырады. Байлық иелері тек мұндағы табиғи ресурстар қоры таусылмай тұрғанда, ұйымдасқан түрде әрқайсы өз үлесін молырақ қармап қалуды мақсат тұтады деген пікір қарапайым халықтың санасына сіңіп кеткен.

Ал жер ешкімге де сатылмауы, шетелдіктерге жалға да берілмеуі тиіс деп митингіге шыққан қара халықты арнайы жасақтар шетінен ұстап, оларға әкімшілік іс қозғап, қамауға алатыны, айыппұлдар салатыны және белсенділік көрсеткен Макс Боқаев пен Талғат Аян сияқты патриот жігіттерді 5 жылдан соттап, түрмелерде азаптауы заңды ма?

Біздегі феодалды-тоталитарлық жүйе адам құқықтары мен бостандықтарын тәрк етіп, наразы халықтың өміріне қауіп төндіруде. Зорлық-зомбылыққа құрылған режимнің сұрқия саясаты қоғамды жаппай депрессияға ұшыратып, мәңгүрт тобырға айналдырудың нәтижесі ешқашан әділ сайлау өтпейтін етіп, халықтың саяси билікке өз еркімен араласуына шектеу қойып, тас қамалға қамап қойған.

Бүкіл табиғи ресурстар мен стратегиялық маңызы бар пайдалы қазба байлық нысандары, өндірістік кәсіпорындар мен логистикалық құрылымдарға шейін шетел капиталы мен өзімізден шыққан олигархтарға сатылып кеткен. Жергілікті халық өз елінде, өз жерінде тұрып, солардың құлы ретінде өмір кешуде.

Құрметті президент мырза! Халық ең болмаса өзінің күнделікті тіршілік етіп отырған, мыңдаған жыл бұрын бабаларынан қалған жерлерінен айырылып қалмасын десеңіз, алдымен жер реформасы жөнінде құрылатын комиссия құрамының 75%-ын шынайы қоғам өкілдерінен жасақтауға мүмкіншілік беріңіз. Ал қалған 25%-ы құзырлы органдардың өкілдері бола берсін. Сол үшін комиссия құрамын жасақтау мерзімін 25 наурыздан сәуірдің 10-на дейін шегергеніңіз дұрыс болар еді. Өйткені комиссия құрамын қоғамдағы белсенді азаматтар қатарынан жасақтауға, республиканың барлық өңірлерінен ұлтжанды, агроөндірістің қыр-сырына қанық адамдарды топтастыруға уақыт керек.

2016 жылы үкіметтің қаулысымен жасақталған 75 адамнан тұратын комиссияның құрамында бес адам ғана қоғам өкілдері санатынан болды. Олардың астанадан бастап, Алматы қаласы мен басқа облыс орталықтарына барып, жергілікті халықпен бірлесіп өткізген жиындары халықтың наразылығын тудырған Жер кодексіндегі 24, 17, 18, 97-баптарды ғана емес, тіпті наразылыққа қатысы жоқ 11-бапқа өзгерістер енгізіп, басты мәселе «жер сатылмайды, шетелдіктерге жалға да берілмейді» деп жазылуға тиіс шешімнен айналып өтті.

Жарты жыл көлемінде іс атқарғандай болған комиссияның жұмысы аяқтала келе, оған төрағалық еткен сол кездегі премьер-министр Б. Сағынтаев пен ауыл шаруашылық министрі Ө. Шөкеев қорытынды мәлімдеме жасаудан жалтарып кетті. Ал комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан: «Біз жер дауына байланысты мәселелердің 90%-ын шештік, тек жер кадастры ғана кейінге қалды» деп көпшілікке мәлімет таратты. Содан бері төрт жарым жыл өтті. Ал жер кадастры туралы мәліметтер бүгінге дейін халықтан жасырылып келеді. Неге?

1993-94 жылдары еліміздегі колхоздар мен совхоздар таратылып, жекешелендіру барысында еліміздегі егіс алқаптарының ең шұрайлы жерлерінің 80%-ын С. Терещенко – 7 млн гектар, С. Кулагин – 4,5 млн, Л. Батурина (Мәскеудің бұрынғы мэрі Ю. Лужковтың әйелі) – 3,7 млн, В. Розинов – 1,5 млн гектар, т.с.с. латифундистер өзара бөлісіп алған болатын. Оның үстіне жыл сайын үкіметтен бөлінетін субсидияның да 86%-ы солардың еншісінде кетті.

Ал жоғарыда айтылған мырзалар еліміздің солтүстік өңірлеріндегі құнарлы егістік жерлерді иемденіп алғанда, агроөндірісіміз басқаша дамып, астық молшылығы жасалды ма? Керісінше, өндіріс жылдан-жылға кеміп, жер пайдаланудағы агротехникалық шаралардың дұрыс жүргізілмеуі салдарынан сол өңірлерде өсетін жоғарғы кликалинді бидайдың сапасы үшінші сортқа түсіп кетті.

Бүгінде ол жақта ұйымдасқан агрохолдингтердің иелігінде мыңдаған гектар жер және олардың құзырындағы агрофирмалардың жүздеген гектар жері бар. Оларды басқаратын көбінесе Ресей жағынан келген немесе өзімізден шыққан қос азаматтығы бар жер иеленушілер. Ондағы құрылымдар жабық акционерлік құрылым болғандықтан, олардың шаруасына ауыл шаруашылық министрінің немесе жергілікті әкімдердің де ықпалы шамалы сияқты.

Осыдан келіп, нарықтық экономикаға бетбұрыс жасап, жеке меншіктікке қол жеткізгендегі «ұтқанымыз»: бұрын ауыл шаруашылық өндірісі республикамыздың ЖІӨ-нің 44%-ын беретін болса, қазіргісі 6% ғана. Сол сияқты шикізат қорын ауыл шаруашылық өнімдерінен алатын жеңіл өнеркәсіп министрлігінің кәсіпорындары ЖІӨ-нің 17%-ын беретін. Қазіргісі 1%-ға да жетпейді.

Бұрын 24-28 млн тонна көлемінде жинайтын астықтың қазіргі мөлшері жартысына да жетпейді. Бұрын жылына 12 млн тонна жоғары сапалы бидайды, 360 мың тонна жоғары сапалы ет пен 107 мың тонна жүнді экспортқа жіберетін агроөндірістің быт-шытын шығарып, еліміздегі халықтың жан басына шаққанда 1,5 гектардан егістігі бар (әлемде 0,2 га), 10 гектардан мал жаятын жері бар мемлекет айналдырған 18 млн халықты асырай алмай, тамақ өнімдерінің жартысынан көбін сырттан сатып алатын күйге түстік. Соңғы 30-40 жылдан бері даярланған ауыл шаруашылық өндірісіндегі әртүрлі сала мамандары жұмыссыз қалды.

Осылайша қитұрқы әдістермен жүргізілген саяси-экономикалық «реформалардан» қазақ халқы дымсыз қалды десек, қателеспейтін шығармыз. Жекешелендіру науқанында олигархтар мен латифундистерден қалған 20% жердің топырағы құнарсыз, суы тапшы, күре жолдан қашық 1,7 млн гектар жер кішігірім фермерлер мен ұсақ жеке шаруа қожалықтардың еншісіне қалды. Ол байғұстардың жерді өңдеп, егіншілікпен айналысатын мүмкіншіліктері де шектеулі. Қолдарында агротехникалық шараларға лайық жұмыс жүргізетін ауыл шаруашылық машиналары мен арнайы техникасы да жоқтың қасы. Және жанар-жағар майдың тапшылығы, тыңайтқыш пен банктердің беретін несиесінің шарықтауы қосылып, диханшылықтан табатын табыстары мардымсыз болғандықтан, азын-аулақ мал ұстап, тіршілік етіп келеді.

Ал латифундистердің қолындағы миллиондаған гектар егістік жерлер үкімет тарапынан ширек ғасырдан бері ауқымды ревизия не мониторинг жасалмағандықтан, егістік жерлердің жартысына жуығы күтімсіздіктен ауысымды егіс айналымынсыз пайдаланудан топырақ қабатының шірінді қыртысы тозып, деградацияға ұшырауда.

Сондықтан жер реформасы туралы құрылатын комиссия, біріншіден, жер кадастрына байланысты мәселелерді ауқымды түрде өткізіп, кімдерде қанша жер барын, оларды қашан, қандай келісімшарттармен алғанын анықтауды қолға алуы тиіс. Жер ресурстарын тиімсіз пайдаланатын немесе игере алмай бос жатқан жерлерді олардан қайтып алып, басқаға беру мәселесі күн тәртібіне қойылуы керек.

Екіншіден, ауыл шаруашылық айналымындағы барлық жердің мәртебесін анықтайтын, жер мен топырақтың сапасына қатысты талдау жасап, әрбір 2-3 жылда жоспарлы түрде мониторинг жүргізетін, топырақ бонитетінің дәл баллдық көрсеткіштерін анықтайтын арнайы Ұлттық ғылыми-зерттеу институтын құру қажет. Сол арқылы жердің әділетті, экономикалық негізде белгіленген бағасы анықталып және оған салынатын салық құнының мөлшері де белгілі болуға тиіс .

Үшіншіден, еліміздегі өнім беретін егіс алқаптарын иеленіп алған латифундистер ірі орталық қалаларда тұрып жатады да, иелігіндегі егістік жерде жұмыс атқаратындар, олардың сеніп тапсырған адамдары өз кезегінде жерді тағы бір пайда іздеген көлденең көк аттыларға субарендаға беретіні жасырын емес. Олардың көздегені – жерден мүмкіндігінше көбірек пайда табу болғандықтан, жер жұмысында атқарылатын агротехникалық шаралар мезгілінде орындалмайды. Жердің күтіміне тиесілі мөлшерде қаржы да салынбайды. Сондықтан егістік алқаптар жыл сайын тозып та, кеміп те бара жатқаны – осындай факторлардың кесірінен.

Бұрынғы 36 млн гектер егістіктің бүгінде 11 млн-ға жуығы ғана айналымда; 2,8 млн гектар суармалы жердің жартысынан көбі істен шыққан. 179 млн га жайылымның 60%-ы күтімсіздіктен, сусыз қалғандықтан жарамсыз болып қалды. Солардың ішінде 26 млн га жер топырақ эрозиясына, 12 млн га деградацияға ұшырап, 2 млн-нан астамы тұзданған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының жер ресурстарын пайдалану жөніндегі мәліметі бойынша, Қазақстан жерінің жыл сайын деградацияға ұшыраудан құны 936 млн, деградацияға ұшыраудан (шірінді қабаты) жылына 75 млрд АҚШ доллары боларлық ресурстар жоғалады екен. Бұл біздегі басшылықтың тек Қазақстан халқына жасаған озбырлығы ғана емес, бүкіл адамзат қоғамына жасаған қылмысы деп білуіміз керек.

Төртіншіден, елімізде ауыл шаруашылық мақсатында немесе кен өндіру мақсатында болсын, жерді көлденең көк аттылардың қолына мемлекеттік бақылаусыз беріп қоюға болмайды. Жер мен топырақпен жұмыс атқаратын жеке тұлға болсын, ұжым, кооператив, кәсіпорындар болсын, сол аймақтың тағдырымен, табиғатымен біте қайнасқан агроөндірістің сыры мен қырына қанық, жерге жанашырлықпен қарайтын жергілікті азаматтардың өкілдерінің иелігінде болуы абзал. Жер-Анаға көзқараста ерекше ілтипат пен жанашырлық болмаса, құнарлығын жойған топыраққа қайтып шірінді қыртысын (гумусын) жиюға 50–100 жылдар керек.

Бесіншіден, жер асты қазба байлықтарымызды алуда, онда ғасырлар бойы қалыптасқан гидрогеологиялық қабаттарды бүлдіру катастрофалық апаттарға душар ететіні мәлім. Жер кодексінде осы жәйттар қатаң ескерілуі тиіс. Бұған дейін шетелдіктердің иелігіне берілген жерлерді қайтып алатын заң жобалары қарастырылуы керек.

Алтыншыдан. 1992 жылы «Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мүліктерін жекешелендірудің ерекшеліктері туралы» заң шықты. «Осы заң халықты алдап соқты, жер – мемлекеттікі, ол сатылмайды, жерді пайдалану құқығы ғана сатылады» деген тезиске алданып қалдық», – дейді экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов («Жас Алаш», 04.03.2021). Міне, Жер комиссиясы ҚР парламентіне осы заңды қайтадан қаратып, «пайдалану құқығын сату» жөніндегі қитұрқы тезисті заңнан алып тастау мүмкіндіктерін қарастыруы қажет.

Жетіншіден, жерді кепілге салып, қарыз алу жүйесіне мемлекеттік қатаң бақылау қажет. Мысалы үшін, ҚР «Фермерлер одағы» өз иелігіндегі жерге Қытайдың биологиялық-технологиялық «Khorgosjinhe» компаниясынан 403 745 928 теңге қарыз алған. Бірақ соңғы бір жылдан бері қарызды төлемегені үшін, қытайлық компания сотқа шағымданған. Бұл істі астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарап, «Фермерлер одағының» жетекшісі Жигули Дайрабаевқа Қазақстан аумағынан шығуына тыйым салатын шешім шығарған. Жигули мырзаның жеке басына салынған тыйым бізге маңызды емес, бізге сауда-саттыққа түскен қазақтың жерін сақтап қалу маңызды. Жеке бір шаруа қожалығы немесе «Фермерлер одағы» сияқты субъектінің пайда табуы үшін, біз қазақтың жерін құрбан қылмауымыз керек.

Айналып келгенде, «Фермерлер одағы» мұнша қарызды өзіміздің банктерден немесе «ҚазАгроИнвест» сияқты ауыл шаруашылық өндірісін қаржыландыратын мекемелерден ала алмағандықтан, қытайлық компанияға жүгінуге мәжбүр болған. Ал қытайлар болса, қарыздың есебінен фермерлердің жерін алып қалу мақсатын көздеген. Сондықтан жеке шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылығы тауарын өндіретін басқа да кооперативтер болсын, жерді кепілдікке қойып, шетелдік компаниялардан қарыз алу мәселесіне заң негізінде шектеу қою талабын қарастыру керек.

Міне, құрметті Қасым-Жомарт мырза, халықтың ортақ ой-пікірін топшылайтын осы жеті талапты сіз Жер комиссиясының алдына қоюыңыз керек деп ойлаймын. Жер мәселесі – биліктің жеке шешетін шаруасы емес. Егер бұл жолы да жерге қатысты маңызды мәселелер Жер комиссиясы мен тиісті заңдардың назарынан тыс қалатын болса, мәселенің соңы насырға шабатынын сізге ескерткім келеді.

Іске сәт! Қазақтың басты байлығы – Атамекеніміздің жерін халық мүддесіне сай пайдаланудың заңды тетіктерін жасау жолында Жер комиссиясының жұмысына табыс тілеймін!

Мақсұт ҚАЛЫБАЕВ,

қоғам зерттеушісі, Қазақстанға ерекше еңбегі сіңген зейнеткер

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн