ҚАЗАҚСТАНҒА ТЕРРОРИЗМ ЕМЕС МӘДЕНИ РЕВОЛЮЦИЯ КЕРЕК

Қазақстан халқына.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевқа ашық хат

Сананы өзгерт, өзің өзгер,

өз уақытыңды ұстай біл!

Біз өзі қайда бара жатырмыз? Бізді билік қайда алып бара жатыр? Біз қайда бара жатқанымызды неге білмейміз?

Шамасы, алып бара жатқандар да білмейді.

       Қазақстанның жағдайы.

    Қазақстан егеменді ел болғалы 30-шы жыл.  «Ә» дегенде үміт күшті еді. Өкініштісі шаш етектен байлығымызды ел ырысына пайдалана алмай, реформаны дұрыс жүргізбей біз бюрократиялық, олигархиялық, спекулятивті капитализм құрсауында қалдық. Экономикамызды әртараптандырмай, мәнді тек мұнай, газ, қазба байлыққа бергендіктен, қазір жағдайымыз қиын, шикізат елі болдық. Мысалы, Норвегияны алсақ, бар болғаны 40 жылда балықшы елден ең дамыған ел қатарына көтерілді. Себебі мұнайды тек алып, сатып қоймай, қайта терең өңдеуден өткізіп, зауыттарын салып, қосымша құн өндірістерін жасап, Норвегия мемлекеті бүкіл экономикасын күрт өзгертті

      Осы жылдары жіберген биліктің әлеуметтік-саяси, экономикалық қателіктері жеткілікті. Сөз, ақпарат бостандығы, жерге иелік ету мен тіл бостандығы, адам құқығын сақтау жолында ат төбеліндей халық талай боздақтарынан айырылды, талайы түрмеде жатыр, шетелде де жүр т.б. Халық оны ұмытпайды!Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында дін мәселесіне қырағы болу керек деген біздің айтқанымызға қарамай , билік көптеген жастарымызды ислам мемлекеттеріне оқуға жіберді. Олар білім , діни орталықтарда теріс діни идеологиялық тәрбие алды, миларына қондырды. Оның үстіне елімізде мыңдаған мешіттер ашылды, діни маман жоқтың қасы . Қазақстанда Мухаммет пайғамбар масқабының, ілімінің бір жүйесі, діни саясаты болмады. Бірде діни ағымдардың, секталардың саны 4500 асып кеткен еді, бұл сұмдық? Осының бәріне Үкімет немқұрайды қарап, Ақтөбедегі оқиғадан кейін ғана қолға ала бастады, оның өзінде формальды түрде болды. Теріс нәтижесін қазір көріп отырмыз, сәл болмағанда , ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев дер кезінде нақты шешімдерге бармағанда Тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық. Осы себептен де Қазақстанға “Культурная революция “ керек деген идеяны төменде таратып ұсынамын.

      Елімізде сыбайлас жемқорлықтың шарық-тап тұрғаны соншалықты, оның ішінде бұрынғы премьер-министр, министрлер, депутаттар, әкімдер, банк, бизнес өкілдері т.б. жеткілікті. Тіпті бұл жоғарыдан төменге дейін тамырын жайған бір дертке, жүйеге айналды. Зардабын қарапайым халық тартып отыр. Осының бәрі мемлекетімізді басқарудағы биліктің көп жылдар бойы жіберген күрделі қателіктерін көрсетеді.

      Қоғамда билікке деген сенім кетіп барады, елді бір дәрменсіздік билеп тұр. Мұның қайда апарары белгісіз. Егер біз ел ішін кернеген теріс күштерге даяр болмасақ, онда қоғам ыдырайды. Қазір біздің қоғамда моральды тозу (износ) дерті қатерлі ісіктей белең алып тұр. Өнегесіз жүрісімізді бір тәртіпке салатын уақыт келді. Кемел ойлы, алдағыны ақылмен болжай білетін басшы, болатын өзгерісті сезе отырып, егер «қазаннан қайнаған буды» дер кезінде шығара алмаса, оның атылатынын білсе керек еді. Алысқа бармай-ақ оны көршілерден де көрдік емес пе?!

       Біздің тағы бір үлкен кедергіміз ол – жаһандық интернет, цифрлы жүйе, ақпараттық топтар, квантты компьютерлік технологиялар т.б. Келешекте мұнай мен газдың орнын осылар басатын болады. Оған қарсы тұра алатын озық ойлы, осыларды игере алатын білімді жастар билікке келуі керек. Қазіргі жағдайда жастар шетелге кетуде. «Болашақтан», т.б. іс жасап жатқан жастардың отанына келмеу себебін несіне жасырамыз. Халқымыздың келешегін кімнің қолына береміз? Баяғыда талантты жастар ауылдан келуші еді, мектептің, үлкендердің тәрбиесі күшті болатын. Қазір ауыл тозды, ал жоғарғы білімді тауарға айналдырып жібердік, бәрі ақылы. Біздің мектеп жасындағы балаларымызды Ресей талай жыл бойы жеңілдіктермен алуда. Біз жастардан айырыла бастадық. Осыны кім ойлап жатыр?

     Елдегі қордаланып қалған келеңсіздіктердің қайсы бірін айтасың? Ақырын айтсам, ақым кетіп барады, қатты айтсам, қарындастың көңілі қалады. Былайша айтқанда, қарындастар билікте жүргендер ғой. Неге оларды «қарындасым» деп аяуым керек. Олар халық үшін жұмыс істемей ме? Осылай кете берсек, біз ХХІ ғасырдағы өркениет пойызының соңғы вагонына білімсіз міне алмай, мәңгілік шикізат елі болып қалуымыз немесе сол алпауыт елдерге жұтылып кетуіміз мүмкін.

     Нес істеу керек? Қазақстанға мәдени революция керек пе?

     Енді біз қандай жолмен, кімнің соңынан жүруіміз керек, қай елдің озық тәжірибесін алсақ деген сұраққа, мысалы қазір АҚШ-тан кейінгі әлемде екінші орынға шыққан Қытайды алайық. Әрине Қытайдың іскерлігін, инновациясын, трансферт технологиясын, кіші кәсіпті тез дамытуы, немесе қатаң тәртібін алуға болар. Бірақ оның саяси-экономикалық реформасын түгел алуға болмайды, себебі онда адам құқығы тапталуда. Немесе диктаторлық жүйеден кейін тез демократиялық дамуға көшкен, жаңа технологиясы күшті Оңтүстік Корея жолы ма? Жоқ әлде дүниежүзілік соғыстан кейін қатты дамып кеткен Жапония, немесе Азия барыстары Сингапур, Малазия ма? Кеше ғана Советтер одағында бізбен бірге жүрген, Эстония елі ме, қазір тез дамып, жалпы ішкі өнімі әр адамға шаққанда 25000$ асып отыр. Жоқ әлде Батыс Европа мемлекеттерінің, оның ішінде Скандинавия елдерінің азаматтық қоғамды дамытудағы озық тәжірибесі керек пе?

      Менің ойымша біздің осы адасқанымыз жетеді, қазір жол айрығына келіп тірелдік. Егер қазірге дейін 30 жыл бойы шетелдік «серіктестеріміздің» кеңесімен жүріп, өзіміз де басқара алмай ескі жолмен барсақ, онда соңы тығырық. Ал бізге керегі ең озық, өзімізге лайықты әлемдік тәжірибені қолдана отырып қоғамды өзгерту, өзіміздің отандық дара даму жолымызды табу.

      Әрине, таңдау халықтың еншісінде. Бірақ ол үшін халыққа бұл дағдарыс жағдайдан қалай шығу туралы бағдарлама ұсыну қажет. Бұны жасау қазіргі билікке қиын. Олар шындықтың толық көрінісін көрмейді, өйткені мемлекетті вертикалды түрде, жоғарыдан төмен, ескі әдістермен, орынсыз амалдармен басқарып келеді. Осылайша жаһандық желінің, жаппай коммуникацияның, жаһандану жаңалықтарының мәнін түсінбейді. Билік өкілдері біздің өзгермелі өмірімізді, яғни халықтың жағдайының қиын екенін түсінсе де, бірақ қазіргі құрылған, әсіресе жемқорлыққа үйренген билік басындағылар халықты ойлап, олардың қажеттілігін жүзеге асыру жолында жұмыс атқаруға мүмкіндік бермейді. Бұл Қазақстан үшін «Ариаднаның жұмбақ жіптері» секілді болып тұр. Соңғы уақытта қабылданып жүрген ішінара шешімдер халыққа өте маңызды болса да, 30 жыл бойы қордалаған проблемаларды шешу өте қиын болары анық. Себебі кеше ғана Қазақстанда 2022 ж. басында қанды “Қаңтар оқиғасы” болды. Жаңа Өзендегі газ бағасын төмендетуді қолдап шыққан халықты террористер , бұзақылар , діни теріс күштер тып-тыныш елімізді , Алматыны тас-талқан етті.

      Жоғарыда айтылғандардың бәрін жиып-теріп келгенде менің көп ойланып, толғанып маман ретінде айтарым Қазақстанға эволюциялық жолмен «культурная революция» керек.

      Мәдени революция дегеніміз біз өзімізден бастап – 30 жылда қалыптасқан бүкіл билік жүйесін өзгертуіміз керек. Қазақстанның бүкіл құрылымын өзгерту үш бағыттан тұрады: экономиканы әртараптандыру арқылы инновациялық жолға түсу, әлеуметтік инновация, адам капиталының сапасын арттыру, сананы өзгерту; түбегейлі саяси реформа жасау. Кейбір лидеріміз айтқандай бірінші экономика сонсын саясат емес, осылардың бәрі бір жүйе (процесс) ретінде қатар жүруі керек. Бұл ойды мен о бастан-ақ айтқам да, жазып та бергем билікке. Бірақ тыңдар құлақ жоқ. Жас-Алашта жазған едім. Қазақстанда көп жылдар бойы қордаланған, ластанған, қоқыр-соқыры көбейген билік жүйесін , адам жанын , арын, моралін, ой – өрісін, психология , рухани құндылықтарын тазартатын бізге үлкен “СЫПЫРҒЫШ” өте қажет.

      Біз тегіміздің қандай болғанын және тарихымыз бен болмысымызды терең танып «тектоникалық тереңдікте сезіне отырып, мына қиын әлемдік өркениетте не күтіп тұрғанын білуіміз керек».

       Мәдени революцияны түбегейлі шешу үшін дамыған елдердің тәжірибесін алып, оған Қазақтың менталитетін қосып, Мемлекетімізге түбегейлі модернизация жасау керек: саяси модернизация, рухани-әлеуметтік модернизация, экономикалық модернизация.

  1. Әлеуметтік инновация.

       Жаһандық дағдарыс рухани жаңғыру, әлеуметтік-мәдени өркениет, атап айтқанда, ғылым мен білім, мәдениет пен имандылық, адамгершілік құндылықтар саласындағы теріс салдарларды анықтады. Сұрақ қоғамның моральдық тозу қаупі туралы болып тұр. Мұның басты белгілерінің бірі – мемлекеттік басқарудағы ең төменгі деңгейден жоғары деңгейге дейінгі адами капиталдың барлық саласында белгілі кәсіби қабілетсіздік, немқұрайлық болып тұр. Бұл әсіресе дамушы елдер жағдайында айқын көрінеді. Мысалы, дағдарыс кезінде тіпті дамыған елдердің өзінде тәуекелді басқаруда кадрлардың жетіспеушілігін сезінді.

     Осыдан әлеуметтік инновацияның жаңа парадигмасы – білімді қоғам, жаңа заманның тұлғасын жасау керек. Жаһандық дағдарыс жағдайында білім беру және ғылым алдыңғы қатарға шығып, ұдайы өндірістік циклдің бүкіл жүйесінің негізіне айналады. Идеяның пайда болуынан бастап, адамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайда табумен аяқталатын, сондай-ақ жаңа өркениеттік даму үшін инвестицияларды жүзеге асыру қажет.

      Сондықтан бізге адами капитал саласында қаржыландыруды көбейтіп, тұрақты өмірге байланысты «минималды қалыптар» құру керек және бәсекеге қабілетті креативті экономикаға өту қажет:

     – денсаулық сақтау (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша денсаулық сақтауды қаржыландыру ЖІӨ-нің 6% -дан кем болмауы керек, ал бізде 3,2%);

     – ғылым (мемлекеттің қалыпты дамуы үшін ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 1,5-4,5% болуы керек, ал бізде – 0,13%);

      – білім (ЖІӨ-нің кем дегенде 6% болуы керек, ал бізде 3,2%); – мәдениет (ЖІӨ-нің кем дегенде 5%, ал бізде 3%);

        Зерттеу көрсеткендей, біз экономиканың өте маңызды осы әлеуметтік бағыттарын «қалдықтық негізде» (остаточный принцип) көптеген жыл бойы ұстағанымыз көрсеткіштерден көрініп тұр. Осы салалардың артта қалғандығын айқын көрсетеді. Мысалы, ғылымды қаржыландыру 20-30 есе артта қалған кезде, кедей ғалымдардан әлем жаңалықтарын қалай талап етуге болады? Ғалымның миы толық, бірақ қалтасы тесік, ал әкімдердің миында не бар екені белгісіз, бірақ қалтасы толық.

        Адами және әлеуметтік қажеттіліктер саласында әр адамның жеке тапсырысына дейін тауарларға, қызметтерге және басқа да әлеуметтік қажеттіліктерге әртүрлі әлеуметтік сұраныстарды қалыптастыру қажет. Осыған байланысты үшінші сектордың, яғни азаматтық қоғамның рөлі күрт артады. Әлеуметтік капиталды қалыптастыру бірінші кезекте тұрады және ол жақсылап инвестициялануы керек.

         Осыған сүйене отырып, адами капитал саласындағы осындай минималды әлеуметтік-экономикалық стандарттарды (өмір сүрудің белгілі бір стандарттарын) орнату арқылы біз шынымен де жақсы өмірді қамтамасыз ете аламыз. Минималды стандарттарды экономикалық өсу қарқынымен байланыстыра отырып, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын анықтауға болады. Бұл Үкіметтің айналысатын мәселесі.

         Әлемдегі ең бай елдердің бірі бола отырып, сонымен бірге халқымыз аз болғандықтан, біз осы бай мұраны сақтай аламыз ба? Біздің еліміздің адами әлеуетін әр адамның «кодталуынан» жеке тұлғаның биометриялық өсуіне дейін бағалауымыз керек. Басқаша айтқанда, барлық тұрғындарға жан-жақты қызмет көрсету және өзін-өзі қамтамасыз ету үшін барынша жағдай жасау, желілік экономикамен, Интернет желісімен және цифрландырумен бүкіл елді «қамту» өте маңызды. Мұнда ең бастысы ұлттық қауіпсіздікті, адамгершілік аспектіні қамтамасыз ету – адамды бақылау емес, оның қажеттіліктерін қанағаттандыруда көмектесу керек. «Сананы өзгерт, өзің өзгер!» – дейтінім сол.

    2. Түбегейлі саяси реформа.

    Біз енді әлемдік қауымдастықта өзіміздің қоғамдық-тарихи, саяси-экономикалық, әлеумет-ік-құқықтық бетпердемізді толық анықтап алуымыз қажет. Шындығына келсек біз бұл мақсатқа жеткен жоқпыз, осы жолды меңгерудеміз. Ал ішкі саясатымызда да түбегейлі реформалар жасауымыз керек, Конституциялық өзгерістерден бастап, бүкілхалықтық референдум қабылдауға дейін проблемалар бар…

      Қазақстан 30 жыл бойы президенттік басқару жүйесімен жүрді. Бұл жүйедегі жақсысы да, жаманы да өзіміздікі, оны талдап жатпайық. Енді саяси-демократиялық кезең басталуы керек! Парламенттің рөлін күшейту қажет. Бұл мемлекетімізді басқаруды «Парламенттік басқару жүйесіне» көшіру, яғни, Президенттің құзырын күрт шектеу. Үш биліктің: заң, сот және атқарушы биліктің тепе-теңдігін іс жүзінде сақтау. Осы жүйеге көшкенде, заң, сот жүйесінде әділеттілік орнар еді, жемқорлық тыйылып, халықтың жағдайы жақсарар еді.

      Нақтырақ айтсам, біз унитарлы мемлекет болғандықтан да, бірпалаталық Парламентке өтуіміз қажет. Онда депутаттардың саны – 150, ал оның 50%-ы партиялардан, 50%-ы бір мандатты мажоритарлық округтардан елге белгілі маман, қайраткерлер сайлануы тиіс. Себебі, қазір «партия» деп халық қай депутатты жергілікті жерден сайлағанын, өзінің мұң-мұқтажын кімге айтарын, ал олар шешілмесе, қай депутатты қайтарып, басқасын сайлауды білмей қалды. Партиялардың Парламентке өту межесі 3-5%-дан аспауы керек. Бұл ұсыныстарды мен Парламентте талай рет депутат болып, оның ащы-тұщысын татқаннан кейін, ең тиімді жол деп таныған соң айтып отырмын.

     Мұның ең өзектілігі – көп партиялы Парламент жасақтау және оның статусын көтеру болып отыр. Өйткені парламентаризм – «қалталы депутат емес», көппартиялы орта, пікірталас арқылы шындыққа шығу алаңы. Біз, ең бастысы, сайлауды таза демократиялық жолмен өткізуге тиістіміз. Халық өз дауысын қандай партияларға қанша пайызбен бергендігін өзгертпей, әкімшілік ресурсты алып тастап, әдеттегідей дауыс ұрламай, Парламентке сайлау өткізу керек.

     Бұл жағдай өз басымнан өтті, келеңсіздіктің құрбаны да болдым. Сайлаудың әділ өткеніне билік емес, халық сенуі қажет. Егер сен мәселенің құрылымын білсең, онда жөндеп басқара аласың демекші осының ішінде күйіп-пісіп жүргеннен соң ұсынудамын.

     Қандай Конституциялық өзгерістер жасасақ та, реформалар қабылдасақ та ең абзалы халықтың жағдайы, әлеуметтік күнкөрісі төмендемеу керек. Әр адамға бет бұратын уақыт келді. Адам мен табиғаттың қадірін білсек қадірлі адам, қадірлі қоғам, қадірлі мемлекет боламыз. Осы жолда барлық күш-жігерімізді алдағы уақытта ізгілікті дамыған қоғам орнатуға салуымыз өте қажет. ХХ ғасырды өнеркәсіптегі жоғары технологияның ғасыры десек, ал енді ХХІ ғасыр – ол жоғары гуманитарлық ноосфералық өркениет ғасыры болмақ деген пікірді білдіремін. Бұл жерде әр адамның, азаматтық қоғамның мүмкіндіктері пайдаланылады деген сөз. Себебі адам өзінің ақыл, ой-санасы және тілі арқылы ең жоғарғы биологиялық феномен болып есептеледі.

    Реформа билік басындағылардың мүддесі үшін емес, қоғамның, елдің мүддесі үшін жүргізіледі. Азаматтық қоғам институттарының жұмысын жетілдіру қажет. Атқарушы мемлекеттік биліктің жұмысына қоғамдық бақылау орнатылуы тиіс. Осыған орай, азаматтық қоғамның негізгі белгісі, жергілікті өзін-өзі басқарудың көзі – биліктің халықпен санасуында және халықтың, азаматтық қоғамның шешім шығаруға формалды емес, белсенді түрде араласуында.

     3. Экономикалық реформа.

     Негізгі мақсат біз экономиканың шикізат моделінен кетіп, экономикамызды, өндірісімізді әртараптандырып (диверсификациялап) инновациялық жолға түсіп, ары қарай қазақ қоғамын ізгілендіру (гуманизациялау) болып табылады. Барлық байлықты (ресурсты) жаңа технология мен әлеуметтік инновацияға салсақ тез алға басамыз. Бұл жаңа қоғамдық және өндірістік қатынасқа, экономиканың дамуының жаңа моделіне өту деген сөз.

      Жаңа заман, жаңа талапқа байланысты барлық шығынды күрт азайтып, Мемлекетті басқарудың жаңа жүйесіне (моделіне) көшу керек. Сол кезде жаңа кадр саясаты, жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа адамның тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етері анық, сонда ғана халық билікті қолдайтын болады. Мен «Мемлекетті 5-тік спиральмен (мемлекет, бизнес, ғылым, адам қажеттілігі, информатизациялау) жаңаша басқару туралы жобамды» ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа жібергенмін. Сонымен қатар бұл жоба «Жас Алаш», «Дат» газеттері мен «Abai.kz», «qamshy.kz» т.б. интернет сайттарында да жарияланды, танысасыздар деген ойдамын.

     Ең дұрысы, билік осы өзгерістерді өзі бастағаны жөн, өзі мұрындық болуы тиіс. Сонда ғана, осындай өркениетті ісі арқылы билік, шынында да, қоғамның саналы әрі салауатты күшіне арқа сүйей алады.

     Түйінді ой ретінде айтарым, алдымыздағы екі онжылдықтағы ең басты қиындық – Мемлекетті тиімді басқаруда және жаңа технологияларға сай кәсіби біліктілікте болмақ.

     4. Қазақстанда мәдени революция іске асу үшін тез арада нақты қаражатпен қамтамасыз етілген 4 тағдырлы Ұлттық жобаның шешу тетіктерін жасауды ұсынамын:

     Бірінші мемлекеттік жоба. ҚР ашық нарықтық экономика болуы керек, әсіресе ашық саясат және қоғамды демократияландыру, соңғысы жоқтың қасы. Ол үшін Конституциядан бастап бірқатар заңдардың қабылдануымен осы бағыттарды түбегейлі реформалау қажет, сот жүйесін халық сайлауымен қоса.

     Екінші мемлекеттік жоба. Қоғамның рухани-тарихи жаңаруы жаңа өркениетке жол. Негізгі назар мәдени, тарихи, денсаулық, моральдық – адамгершілік құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге аударылуы керек. Нағыз демократияны тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады. Осындайда ұлы Абайдың толық адам ілімінің жол картасын жасап, біздің рухани Конституциямыз ретінде халықты оқыту керек. Қазақстанға рухани-мәдени ренессанс қажет.

     Үшінші мемлекеттік жоба. Ауылды жаңарту мен ауыл шаруашылығын дамытуға аса басымдық беру керек. Мұнай мен газдың орнына бренд астық пен ет өндірісі болуы керек. Қазақстан өзінің азық-түлік мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Жасанды интеллект, робототехника, адам геномы және басқалардың пайда болуымен байланысты №1 проблема адамдарды экологиялық таза өнімдермен және сумен қалай тамақтандыру біздің генофондымызды сақтайды. Сондықтан дәл қазір мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет және жақын арада азық-түлік державасына айналуымыз керек. Ол үшін үлкен инвестиция салу қажет. Егер азық-түлік державасы болғымыз келсе ауалшаруашылығы өнімдерінің жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі қазіргі 4,5 пайыздан кем дегенде 20-25 пайызға дейін өсуі керек.

      Төртінші мемлекеттік жоба. Жаңа өндірістік құрылым саясатына, индустриялды-инновацияға көшу, технологиялық құрылымдарды жедел дамытудың тиісті Мемлекеттік бағдарламасы мен сыни технологияларды тез дамыту қажет. Біз алда инновациялық дамыған экономикасы, гуманизациялық қоғамы бар ел болуымыз керек.

      Соңғы айтарым, мүмкін бізді тектілігіміз, ата-бабаларымыздың рухы, болжампаздығымыз, әлемдік тез өзгерістерді түсінгендігіміз алдағы күтпеген нәубеттен сақтап қалар! Цифрлы әлем, цифрлы экономика заманында уақыт өте тапшы, бәріміз ойланып шешім қабылдайтын сәт туды.

      Қасаң тартқан сананы өзгертіп, рухани тазаратын кез жетті! Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз болуы мүмкін. Сондықтан мен Сіздерді мәдени революциялық жолға, дана халқымыздың көрегенділігін ұстанып, бірлігі мен тірлігін жалғастыруда қапы қалмауға шақырамын!

     Осы мемлекеттік деңгейдегі 4 жоба ҚР Президентінің және халықтың тікелей назарында болу керек. БАҚ, телеарналардан тұрақты түрде, жиі-жиі беріліп тұруы қажет.

       Құрметті қалайық, осы көтпен бері көкейімде, жазып та, айтып та жүрген «Қазақстанда культурная революция» жасау керек деген ойыммен бөліссеңіздер. Ерте ме, кеш пе әйтеуір бір болады. Уақытты тағы-да жіберіп алмайық. Мұны не Президент, не халық жасайды. Ал ең дұрысы бірге жұмылып жасау керек.

Қазақстан ғалымдар одағының Президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик

О. Сәбден

 [email protected]  тел.+7701 111 08 00

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн