Жер мәселесіне нүкте қоюға САЯСИ ШЕШІМ ҒАНА КЕРЕК

Өткен аптаның сәрсенбісінде Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен агроөнеркәсіп мәселелеріне арналған «Astana agro forum-2018» деп аталған жиын өтті. Форумдағы бірнеше панельдік секцияның бірі – «Жерді ұтымды пайдалану» деп аталған отырысқа белгілі қоғам қайраткері, Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан модераторлық еткен еді. Мұнда Мұхтар Тайжан қоғам белсенділерінің бастамашыл тобының атынан Қазақстан халқы үшін жеке меншік мүлік институтының орнына жалға алуды, бірыңғай аграрлық салық енгізуді заңдастыруды ұсынды. Форумда қозғалған осы және қоғамдағы басқа да елеулі мәселелер жөнінде Мұхтар мырзамен болған сұхбатымыздың егжей-тегжейі мынадай болды.

– «Astana agro-2018» форумы жөнінде ресми БАҚ там-тұм ақпарат таратқанымен, форумның жер мәселелеріне қатысты негізгі мақсаты айтылмай қалды. Сіз осы олқылықты қалай толтырар едіңіз?

– Ең алдымен ұзын-ырғасы 800-ге жуық адам қатысқан бұл форум агросектор саласына қатысты соңғы жылдары өткен елеулі жиын дер едім. Оған премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бастап, оның орынбасары – ауыл шаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеев қостап, парламент депутаттары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, фермерлер, агросаланың білікті мамандары қатысты.
Мен жетекшілік еткен «Жерді ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі» панельдік секцияға ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бейсенғалиев пен министрліктің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков қатысты.

Форумға қатысу үшін алдын ала әлеуметтік желіде тіркелу жүргізілді. Менің де талабым сол еді – министрлік мұрындық болған форумға жалғыз өзім қатысқаннан гөрі, жер мәселесіне күн-түні алаңдаушылық білдіріп, белсене араласып жүрген азаматтарды шақыру керектігін ұйымдастырушы тарапқа ескерттім. Министрлік те менің талабыммен келісті, қатысушылар тізімін өзім жасадым. Ең алдымен «жер дауымен» сотты болған Макс Боқаев пен Талғат Аянды шақырдым. Дос Көшім, Ермұрат Бапи, Кәмиша Есмұханбетқызы, Тоғжан Қизатова, Лұқпан Ахмедияр сынды елге белгілі азаматтарды шақырып едім, олар белгілі себептермен келе алмады. Форумға заңгерлер – Абзал Құспан, Ерлан Қалиев және Айгүл Орынбек, Болат Сыздық, қоғам белсенділері – Исатай Өтепов, Жәнібек Қожық пен Нұрлан Сәдір, танымал желтоқсаншы Нұрлыбек Қуаңбаев пен журналистер Сәуле Әбілдаханқызы, Нұргелді Әбдіғани келіп қатысты.

– Ал сіз жеткшілік еткен секцияда айтылған әңгіменің жалпы мазмұны қалай болды?

– Ол баршаға мәлім: 2016 жылы жер дауы қалай басталып, қалай тыншығанын ел-жұрт жақсы біледі. Ақыр соңында ел президенті пәрмен беріп, Жер кодексінің жекелеген баптарына мораторий жарияланды. Заңдағы баптар Жер комиссиясының шешімдерімен салыстырылып, құқықтық сараптама жасағанда, ешқандай ауытқу болған жоқ, бір-бірімен сәйкес келді.

Президент жариялаған мораторийдің мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Одан кейін жер тағдыры не болмақ? Алда небәрі 3 жыл уақыт қалды. «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген халық талабы ескеріле ме?

Міне, жалпы мазмұн осы төңіректе өрбіді. Ендігі 3 жылдың ішінде біз жаңа заңды – шетелдіктерге жерді жалға уақытша ғана емес, түбегейлі бермейтін – заңды қабылдатуға үлгереміз, амандық болса. Өздеріңіз байқағандай, біз осы бағытта қазір қызу жұмыс істеп келе жатырмыз. Бізге жер дауына нүкте қоятын жаңа заң қабылдау үшін, түбегейлі саяси шешім ғана керек болып тұр. Басқа мәселелер ретімен шешіледі.

– Иә, жерге кіндігі байланған халық та соны күтіп отыр: біздің елде саяси шешім қабылдайтын жалғыз тұлға – ел президенті екені мәлім. Оның ел тарихында қалар-қалмас орнын да осындай ұлттық мәселелер айқындайтыны және аян. Осы орайда сіз осы форумда жерді жалға беру мәселелері жөнінде концептуальды ұсыныстар айтқан екенсіз. Ол ұсыныстардың жай-жапсары не болды?

– Менің бірінші ұсынысым – үлкен аумақтағы ауыл шаруашылығына арналған жерлерге Жеке меншік институтын алып тастап, оның орнына Жалға беру институтын енгізу. Жерді жалға беру нарығы тек Қазақстан азаматтары мен жүз пайыз қазақстандық заңды тұлғаларға қолжетімді болуы тиіс. Жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салынуы тиіс. Яғни, шетелдік инвесторлар мен акционерлері бар компанияларға жерді жалға беруге болмайды. Сол сияқты субарендаға, яғни жерді жалға алып, оны үшінші тарапқа пайдалануға беруге де шектеу қойылуы керек. Ашық кадастр енгізу қажет. Жер нарығы электронды базада ашық, әрі айқын болуы керек.
Сонда ғана халықтың «жер ешкімге сатылмасын, тек қана қазақстандықтарға жалға берілсін» деген талабы орындалады. Егер 2003 жылы қабылданған Жер кодексіне жерді жалға беру институтын енгізіп, оған ашық әрі айқын электронды жүйе орнатсақ, халықтың талабы орындалады.

Екінші ұсынысым – бірыңғай жер салығын енгізу. Елдегі ауыл шаруашылығының ең үлкен проблемасы – латифундизм. Ірі жер иеленушілер жерді жалға алып, оны не өздері пайдаланбайды, не өзгелердің игеруіне мүмкіндік бермейді. Салық жағынан алып қарасақ, оларға жермен айналысу тиімсіз болып тұр. Керісінше, бос тұрғаны тиімді. Біз мұндай түсінікті түбегейлі өзгертуіміз керек. Жерді жалға алдың ба, жұмыс істе, салық төле. Жерде жұмыс істесең де, істемесең де, салық тұрақты болуы тиіс. Сонда ғана бос жатқан жерлер азаяды.

Яғни, жерді жалға алған адам оны игерсе де, игермесе де, бірыңғай салық төлеуі тиіс болады. Сондықтан шаруа жерді игеруге мәжбүр болады немесе бос тұрған жерді мемлекетке қайтаруына тура келеді.
Ақпарат ретінде айта кетейін, Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатында пайлануға болатын жер көлемі шамамен 200 млн гектарды қамтыса, қазір оның 100 млн гектарға жуығы ғана қолданыста. Ал жеке меншікте 1 миллион 300 мың гектар жер бар екен. Бұл дегеніңіз жалпы жарамды жердің 0,6 пайызын құрайды.

Қазіргі таңда жерді жалға алған кезде, оған салынатын салық мөлшері – 1 гектарға 37 теңге екен. Өткен жылдары Салық кодексіне бос тұрған жерлерге салық мөлшерін 10 есе көбейту жөнінде ұсыныс енгіздік. Жалға алған жерді игере бастағанда, оған салынатын 37 теңгелік салыққа тағы 7 түрлі салық қосылады. Демек, бұл жерді жалға алып, оны игеру тиімсіз деген сөз. Осы күнге дейін шешімін таппай келе жатқан үлкен мәселенің бірі – осы игерілмей, бос жатқан жерлер. Менің ұсынысым – жерді алған соң, жұмыс істесең де, істемесең де, жердің көлеміне байланысты салық төленуі керек.

Үшінші ұсынысым – жерге ғарыштық мониторингті заңдастыру. Себебі латифундистердің иелігіне өтіп кеткен, игерілмей қалған жерлерді мемлекетке қайтару – өте қиын шаруа. Жергілікті әкімшілік құжат дайындаса, шешім қабылдау соттың құзырына кіреді. Демек, шешімді шенеуніктер қабылдайды. Ешкімге де жасырын емес: тексере қалсаңыз, жергілікті жердегі әкім-қаралар осы латифундистермен дос, туыс немесе сол жердің иесі өздері болып шыға келеді. Бос тұрған жерлерді жергілікті комиссия, жергілікті сот арқылы емес, спутниктен алған мәлімет бойынша қайтаруға болады.

– Ол мониторингті де адам жүргізеді ғой: айналып келгенде, сыбайластық тағы да сол адамның қолына тірелмей ме?

– Космо-мониторинг дегеніміз – спутник арқылы жасалатын бақылау. Оның құқықтық және заңдық құзыры жасалатын болса, сыбайластықтың жолын кесуге болады. Қазір жер мәселесіне келгенде, бізде ашық кадастр жоқ. Яғни, ашық әрі объктивті мәлімет жоқ. Бұл – бос тұрған жерді мемлекет меншігіне қайтаруға біршама кедергі келтіретін фактор.

Сот та, әкімшіліктер де қағазға, құжатқа қарайды. Ал сол құжатты жауапты бір шенеунік әзірлейді. Сондықтан бізге объективті, ашық мәлімет керек болып тұр. Мұндай мәліметті тек заманауи спутниктер ғана бере алады. NASA, AIRBUS, EСA жер серіктері Қазақстанға қатысты ақпаратты тегін беріп отыр. Біз ашық кадастрды екі жылдан бері талап етудеміз. Өкінішке қарай, әзірге еш нәтиже жоқ. Ал спутниктік базаның мүмкіндігі ашық кадастрдан да күшті. Меніңше, біз осы космо-мониторингті заңдастыруымыз керек. Сонда сот та, әкімшілік те бұл ақпаратты мойындауға міндетті болады.

– Ал латифундистердің қолындағы игерілмей жатқан жерлердің біраз мөлшері банкілік кепілдікте тұр: мұндай жағдайда қайтпек керек?

– Менің осы форумда жасаған төртінші ұсынысым дәл осы – банктерде кепілде тұрған жерлердің мәселесі. Өкінішке қарай, мұндай жерлер өте көп. Он-он бес жыл бұрын көп жер банктерге өтіп кетті. Банктер өз кезегінде бұл жерлерді айналысқа шығарып бере алмайды, өйткені несие-қарыз жабылған жоқ. Бұл мәселе бойынша Ұлттық банк төрағасы Данияр Акишевке де жолықтым. Заң тұрғысынан алғанда, банкте кепілдікте тұрған мүлік шықпайды. Он бес жыл бойы кепілдікте тұрған жердің заңды иесі кім екені белгісіз, баяғыда банкрот болған. Оған несие берген банктер де жабылған, қоршап тастаған қаншама жер бос тұр, халық та пайдалана алмайды, яғни жерді пайдаланудың мүмкіндігі жоқ.

Сондықтан бұл жерлер – өлі жерлер санатына жатады. Кейбір жерлердің игерілмей бос жатқанына 15 жылдай болыпты. Аталған мәселенің шешімі табылмаса, банкте кепілдікте тұрған жерлер тағы 50 жыл игерілмеуі әбден ықтимал. Президент Назарбаевтың өзі айтты: бұл жерлерге арамшөп өседі, қасындағы егіс алқаптарына кесірін тигізеді деп. Сондықтан форумға қатысқан Ұлттық банк, Жоғарғы сот, Бас прокуратура өкілдері, депутаттар, қоғамшыл азаматтар осы мәселеге қатысты жұмысшы тобын құрып, жаңа заңдылық норма жасауымыз керек.

Міне, осы төрт ұсынысымның жауабын үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігінен күтемін. Бұл менің ғана емес, жалпы халықтың талабы!

– Қазақ жерінің біраз мөлшері мүлік ретінде банкілік кепілдікте тұрғаны мәлім. Несиесін қайтара алмаған фермерлер өз жерлерінен айырылып жатқаны тағы бар. Нарықтық қатынастардың осы жағдайы жөнінде сіздің қолыңызда қандай деректер бар? Мәселен, қанша көлемдегі жер кепілдікте тұр, қаншасы банкілік меншікке өтіп кетті?

– Өте орынды қойылған сұрақ және бұл біз үшін маңызды мәселе! Елдің бас банкирі Данияр Акишевпен кездескенімде, дәл осы сұрақты қойған едім. Бірақ мәліметтер бүгінгі күнге дейін қолыма тиген жоқ. Қанша жердің кепілдікте тұрғанын білу үшін, «ҚазАгроға» да бардым. Олардың айтуынша, 1,5 миллион гектар жер кепілдікте тұр екен. Менің пайымдауынша, бұл өте аз көрсеткіш. Өйткені Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған 200 миллион гектар жер бар десек, оның тең жартысы – 100 миллион гектары латифундистердің қолында. Менің жасаған сараптамалық мәліметтерім бойынша, 30 миллион гектар жер кепілдікте тұр. Бұл мәлімет ресми көрсеткіш емес, түбегейлі зерттесек, шындығын білеміз.

Былтырдан бері ашық кадастр жасау жөнінде талмай айтып келе жатырмын. Енді космо-мониторинг арқылы ашық кадастрдан жүзе артық мәліметті білуге болатынын жоғарыда айтып кеттім. Осыған қол жеткізсек, ешкімге жалынбай-ақ, бар шындықты білеміз.

– Дегенмен, космостық мониторинг дегеніміз жердің ғарыштан түсірілген фотосуретін ғана беріп қоймайтын шығар…

– Әлбетте! Бұл – ашық кадастрдың балама нұсқасы. Қарапайым тілмен айтсақ, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді тиімді пайдаланудың бірыңғай электрондық базасы. Бұл база бойынша, Қазақстанның кез келген облыс, аудан, елді мекендеріндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдеріне кім қожалық етіп отыр, ол қалай игерілуде, бір жылда қанша субсидия бөлінді, қанша солярка алып отырғанына қатысты нақты мәліметтерді білуге болады.

Форумдағы біз жүргізген отырысқа Қаржы министрлігінің мамандары қатысып, космо-мониторинг жобасын қысқаша таныстырып берді. «Qoldau.kz» порталы – осы космо-мониторингтің электрондық базасы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану туралы деректердің электрондық банкі. Спутниктік түсірілім арқылы электрондық базадан жерге қатысты мәліметті толық білуге болады. Бұл жоба әлі әзірлену үстінде.

Аталған электрондық базаға: агроөнеркәсіптік кешенге берілетін субсидия алушының тізімі, ауыл шаруашылығы өндіріс субъектілерінің электрондық картасы, жайылымдарды басқару және пайдалану бойынша электрондық картаның дерегі, көктемгі дала және егіс жұмыстарына жеңілдетілген дизель жанармайын үлестірудің есебі енгізілген.

Бұған қоса спутниктен түсіру арқылы әрбір жер телімінің иесі туралы мәліметтер толық қамтылған. Әр шаруаның жерді қалай және қай мақсатта игеріп жатқаны, оның қанша субсидия алғаны, жеңілдетілген жанармай отынын қанша көлемде тұтынғаны туралы ақпараттар базада жиыстырылған.

Бұл базаның субсидиялар деген бөлімде: тыңайтқышқа берілетін гектарлық субсидия, балыққа, аң-құсқа, төрт түлік малға, дәнді-дақылға, тұқымға, суға, т.б. бөлінген субсидиялардың тізімі және оларды кімдер алып отырғаны белгіленген. Жеңілдетілген бағамен дизель жанармайын қай облыстар қанша мөлшерде алып отырғанын да көруге болады. Жайылым жерлердің картасы арқылы жер иеленуші туралы ақпаратты да оңай табасыз.

Бүгінгі таңда жер игеру мәселесін жергілікті әкімдіктер қалай «қадағалап» отырғаны баршаға белгілі. Нәтижесінде латифундистердің қолында игерілмей жатқан көп жер бар, ал жұмыс істеймін деген халық үшін бос жер жоқ. Осы мәселенің шешімін табу үшін, спутниктік бақылаудың септігі тимек.

– Сіз қазір азаматтық қоғам мен биліктің арасындағы тәуелсіз дәнекер ретінде жер мәселелерімен тікелей айналысып жүрсіз: жалпы, жоғарғы мемлекеттік қызметте жүрген лауазымды тұлғалардың жер мәселесіне қатысты көзқарастарын қалай бағалайсыз? Жерге қатысты ұлттық мүддеге азаматтық жанашырлық байқала ма, жоқ әлде жердің астын сатып біткен соң, оның үстін бөлшектеп сатуға деген озбырлық көзқарас басым ба?

– Билік дегеніміз – қызмет етіп отырған адамдардың тобы, оның негізін құрайтын – өзіміздің қазақтар. Қоғамдағы, қоршаған ортадағы адамдардың пікірі әртүрлі, билікте де сондай. Шенеуніктердің, тіпті депутаттардың арасында да жерді иеленіп алып, қайтарғысы келмей отырғандары бар. Дегенмен орталарында түсініктері мол азаматтардың қарасы көп.

Егер латифундизмді тоқтатпасақ, Аргентина секілді құлдық елге айналамыз. Аргентинада испан отаршыларының ұрпақтары жерді толық жеке меншікке алған. Жергілікті жастар Буэнос-Айреске келуге мәжбүр, қалаға келсе – жұмыссыздық, оқиын десе – ақшасы жоқ, оның үстіне білім беру жүйесі нашарлаған. Бұл – латифундизмнің нәтижесі.

Осы жағдайды түсінетін қазақ шенеуніктері баршылық. Олар болмағанда, қазаққа қарайлас мәселені үлкен мінберлерден айтуыма, қоғамда ашық ойымен, белсенді күресімен танымал болған азаматтарды үлкен жиындарға қатыстыруға мүмкіндік берілмес еді. Жер мәселесі көтерілгеннен бері, Астанадан дос та, қарсылас та таптым. Халықтың жанашырлары бірігіп, кез келген кедергіні бұзып өтуіміз керек!

Жер мәселесі түбегейлі шешілмей, ауыл шаруашылығы тығырықтан шықпайды, жұрт та тыныш болмайды. Халықтың басым көпшілігінің талап-тілегі – «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!». Жерді жеке меншікке беру қажет емес, жалға беру – жеткілікті. Жер – мемлекеттің меншігінде болуы тиіс, ал фермерлер жерді жалға алып жұмыс істесін. Сонда ғана «Жер тек қана Қазақстан азаматтарына және тек қана жалға берілсін!» – деген халықтың талабы орындалады. Жер бос тұрмасын – бірыңғай аграрлық салық салынсын. Жер ұтымды игерілсін десек, спутник арқылы қадағалауды заңдастыру керек.

– Ал енді осы ұсыныстарды қолдау жағы қалай болды? Сіздің ой-пікіріңіз форумның қарарына енді ме?

– Форумның қортындысы бойынша қарар қабылданбады, Бірақ менің ұсыныстарыма ешкім қарсы болған жоқ, бәрі бірауыздан қолдады. Ұсыныстарымды құзырлы мекемелерге жолдадым. Өйткені ол ұсыныстар қазақтың жерін қорғаудың заң тұрғысындағы қағидасына сай.

Біз өткізген секцияның отырысына келіп қатысқан бір жігіт: «Сендер жерді шетелдіктерге беріп отырсыңдар» деп, жала жапқысы келді. (Айтпақшы, жиынымыз «Азаттық» радиосы арқылы тікелей эфирден тарап жатты). Бұл жігітті біз арнайы шақырмаған едік. Тыңдаған баяндамамнан «жерді шетелдіктерге береміз деп айтсам, дәл осы жерде бетіме басшы», – дедім оған. Ол «жоқ» деді. Кейіннен сол жігіт: «Мұхтар өз жақтастарын шақырып, оларды сатып алды» деп сұхбат беріп жатқанын естідім. Маңғыстаудағы –Жәнібек Қожықты, Оралдағы – Абзал Құспанды, Алматыдағы – Ерлан Қалиев сынды азаматтарды сатып алу кімнің қолынан келеді? Мен – миллиардер емеспін, тіпті «Нұр Отанның» да мүшелігінде жоқпын. Форумға 800 азамат келсе, біздің секциямызға тіркелген 70 адамнан тыс қызығушылық танытқандар да өте көп болды. Олардың барлығын мен қалай сатып аламын?

– Дегенмен, Қазақстан өзін нарықтық экономика елі деп жариялаған соң және тәуелсіздік алғаннан бері еліміз капиталистік жүйеде өмір сүріп жатқанын ескерсек, жерге инвестициялық қаржы салу тұрғысында қандай ойыңыз бар? Мәселен, шетелдік, әсіресе қытайлық инвесторлардың жерді иемденіп кету қаупі Орта Азия елдері мен Африкада өрши түскенін білеміз. Бізде ондай қатердің алдын алу мәселелері форумда қаралды ма?

– Инвестиция әкелу жөнінде нақты біздің секцияда мәселе көтерілген жоқ. Алайда сіздің сұрағыңызбен келісемін. Қытай –Латин Америкасына, Африкаға көп қаржы құйып жатыр. Қытайдан несиені қарызға алса, ертеңгі күні саяси тәуелділікке тап болу әбден мүмкін. Бізге де осы мәселе өте қауіпті болып тұр. Бұл жөнінде біздің елге қанша инвестиция келгенін, қанша қарыз алғанын жіліктеп, 2011 жылы арнайы мақала жаздым. Сол мақаланың негізінде демократиялық оппозиция арнайы мәлімдеме жасады. Содан бері жеті жыл өтті, ал несие-қарызды мың еселеп алу жалғасуда. Мұндай инвестиция экономикаға ғана емес, мемлекеттік тәуелсіздік пен дербес саясатқа да қауіп төндіреді. Инвестиция – Еуропадан, Америкадан, Араб елдерінен келуі керек, бір ғана Қытайға жабысып алудың кесірі мемлекетке, ел тұрғындарына қауіп әкеледі.

– Ал қазіргі биліктің жағдайында жер мәселесін халық мүддесіне сай шешу мүмкін емес деген пікірлер тәуелсіз басылымдар мен әлеуметтік желілерде жиі айтылуда. Сіз бұл пікірлердің оң-терісіне қатысты не айта алар едіңіз?

– Осы сұрағыңызға 2016 жылғы тарих жауап берді: үкімет дайындаған, мәжіліс пен сенат қолдаған, президент қол қойған заңды халық тоқтатты. Яғни, бір жұдырыққа жұмылған халық билікті мәжбүр етті. Рас қой?

– Сөз жоқ!

– Яғни, бүгінде халыққа пайдасы тиетін нәтижеге қол жеткізуге болады. Дегенмен ол – оңай емес. Жүйке тозады, аяғыңыздан шалады, арандатушылар көбейеді, жеке басыңа қауіп төнсе де, қазақтың киелі топырағын қорғау үшін бірлесе іс атқарсақ, алынбайтын қамал болмайды!

Айтпақшы, жер мәселесімен бірге ел тұрғындарының төзімін тауысқан тағы бір мәселе – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына қатысты. Мен қазір осы мәселені шешудің жұмысшы тобындамын. Жерден жырақ, қаладағы қазақтың да жағдайы көңіл көншітпейді. Алдағы бір сұхбатта бұл жөнінде егжей-тегжейлі айтуға дайынмын!

– Қалай болғанда да, Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей байланып қалған бүгінгі қазақстандық билік жуық маңда өзгеріске мүдделі емес екендігін көрсетті. Ол жөнінде президент Назарбаев Финляндия сапары кезінде өзін «Қазақстанның негізін қалаушы» ретінде жариялап, бұл жағдай оның президенттік сайлауға түсуге шексіз мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Яғни, бүгінгі президент билік басында бұдан былай да қала беретін болса, елде саяси реформалардың болуы мүмкін емес деген жоралғы жасай аласыз ба?

– Бұл енді Ермұрат ағамның қосып қойған сұрағы сияқты (күлді). Бүгінгі таңда елде саяси реформа жүргізіледі, әділ сайлау өтеді деп мен үміт күтіп жүр дейсіз бе? Оған уақытымды шығындамаймын. Өйткені көзге көріне қоятындай өзгерістің алғы шарты жоқ. Сондықтан болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеудеміз. Президент Назарбаев билікке келген кезде мен 16 жастағы, 9-сыныптың оқушысы едім. Бүгінгі жасым 45-ке келді, балаларым жоғары оқу орнының 3-курсында оқиды. Менің балаларым азат елде, сайлауы әділ өтетін мемлекетте өмір сүрсе ғой деп армандаймын! Сол үшін ата-бабадан аманатқа қалған жерімізді ұрпағымызға аман-есен тапсырсақ, біздің буынға жүктелген негізгі жауапкершілік – осы!

Қазаққа жер тисе, малын өсіреді, бау-бақшасын жайқалтады, жұмыссыздық жойылады, жастар ауылдан алыс кетпейді, отбасылар ажыраспайды, ұрпағын көбейтеді. Ауылында ел-жұрт пайдаланатындай жері болса, қазақ қалаға жөңкілмей, оны игеріп, материалдық игіліктің жемісін көрер еді. Жер – жастардың, болашақтың мәселесі. Бәріміз бірігіп, бар күш-жігерімізді жерге жұмсайық!

– Ендеше қазаққа еткен еңбегіңіз жансын, Мұхтар мырза!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»

(медиа-проект «DAT» №39 (451) от 1 ноября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн