КЛАНДАР МӘСЛИХАТТЫ БАСЫП АЛҒАЛЫ ЖАТЫР – дейді газет редакциясына хабарласқан ШҚО әкімдігінің қызметкері.

Біз мына жақта билік пен «Нұр Отанның» озбырлығына бола қырық пышақ болып, «сайлау» деген аты бар сорақылықты жыр қылып жатсақ, нағыз озбырлық «Нұр Отанның» өз ішінде жүріп жатқан көрінеді. Елде 30 жыл ойран салған бұл партия енді өзара кландық қырқысқа көшкен сияқты.

Өз партиясының парықсыз әрекетіне зығырданы қайнаған өскемендік танысым, әкімдіктің білдей бір қызметкері телефон шалды: «Бүгін «Нұр Отан» ШҚО филиалының бюросы облыстық мәслихатқа партиялық тізім бойынша өтетін депутаттарды анықтайды. Бұл бюрода аты шулы праймеризтің белсенділері де, сайлауалды науқанның нақты лидерлері де сыртта қалайын деп тұр, облыстық мәслихат депутаттарын партия бюросы емес, ШҚО әкімі Даниал Ахметов пен жергілікті кландар өзара ымыраласып, жабық есіктің ішінде «іріктеп» жатыр. Депутаттыққа лайықты азаматтарға «ДАТ» газеті араша түспесе, «Нұр Отан» мен биліктің байлауындағы БАҚ-тардан қайыр жоқ», – дейді телефон тұтқасының арғы жағындағы таныс дауыс.

Иә, сонымен жеме-жемге келгенде, әділеттің сөзін біздің газеттен іздеген «нұротандықтар» қандай қиянатқа тап болды? Біріншіден, өскемендік чиновник біздің редакцияға жолдаған рейтингке (фотокөшірмені қараңыз) көз салайық: мұндағы екі көрсеткіш бойынша мейілінше мол ұпай жинаған топ басында тұрғандар – билік партиясының нағыз белсенділері, сайлау кезінде депутаттық мандат үшін жанкешті қызмет қылғандар. Қарапайым қисын бойынша, топ басындағы белсенділер депутат болуы керек еді.

Бірақ облыс мәслихатының депутаттығына орта жолдан қосылған «жолбикелер» мен жергілікті кландар өкілдері өткелі тұрған көрінеді. Тіпті «Нұр Отан» партиясының сайлауалды науқанына Семей қаласында жетекшілік еткен, білімділігімен, әскерлігімен танылған, 30-дан жаңа асқан Азат Сарпеков те парламент мандатынан үміткерлер тізімінен тыс қалған екен.

Ал ШҚО мәслихатын «жаулап алудың» қиянатты қамын күйттеген бұл қандай жергілікті клан? Біздің газетке жолданған ақпаратқа қарағанда, семейлік «Досқожановтар кланы» «нұрлы» рейтингті ұратын түрі жоқ көрінеді: кланның серкесі – семейлік кәсіпкер Әсемхан Серікханұлы Досқожановтың (суретте облыс әкімі Даниал Ахметовтың ту сыртынан сығалап тұр) өзі облыстық мәслихатқа «бірінші нөмірмен» өткелі отыр; өзімен бірге келіні Шолпан Шегедекованы да облысқа «сүйреп кіргізуді» Даниал-дөкеймен келісіп қойған; ағасы Әсетхан Досқожановты – Семей қалалық мәслихатына депутат етуге ымыраласқан; Даниал мен Досқожановқа ортақ «Силикат» фирмасының директоры Ибраев пен Досқожановтың досы – Мұхит Тұмабаев, құдасы Мерей Кошкинов, туысы Ардақ Әділжанов облыстық мәслихатқа депутаттыққа «тіркеліп» қойған екен. «Ал тағы бір досы Жұмағазы Рахимғалиевті Семей қалалық мәслихатына депутат етпек ойы бар, – дейді облыстық әкімдікте әбігерге түскен әділет іздеушілер. – Қысқасы, жергілікті өкілетті билікті Досқожановтар кланы басып алғалы жатыр. Ал бұл кландық схеманы облыс әкімінің көмекшісі болған, қазір бір облыстық комитеттің бастығы болып отырған Досқожанов Әсетханның ұлы Даниал Ахметовпен бірлесіп жасап отыр».

Міне, Қазақстанда «сайлау» деп аталатын афераның Өскемен жақтағы жағдайы осы. Әлбетте, бізге жеткен ақпарат анық па, жоқ әлде жаңсақ па – ол билік партиясының облыстық бюросы шығаратын қорытындысы бойынша белгілі болмақ. Жергілікті өкілетті билікті «Досқожановтар кланы» басып алды ма, жоқ әлде облыс басшылығы рейтингтің ретіне бағына ма – ол жағын газеттің келесі аптада шығатын нөмірінде жария ете жатармыз.

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн