КҮМІСТЕН ЕДІ КҮЛКІСІ…

Өткен жексенбі күні белгілі қазақстандық журналист, медиа-менеджер және құқыққорғаушы Розлана Таукина мезгілсіз қайтыс болды. Ол «ДАТ» жобасының қазіргі газеті «Общественная позиция» газетінің алғашқы редакторы болған. Сонымен бірге Розлана 2002-03 жылдары «ДАТ» жобасының «Жұма-таймс» және «Айна-плюс» газеттерінде де қызмет еткен кәсіби, шыншыл, батыл, қайсар қыз еді.

Розлана жарқын жүзді, көпшіл, қоғамшыл, өз елінің адал патриоты болды. Аса жайдары мінезімен өзі жүрген ортаға жылуын шашып, айналасына нұрын төгіп жүретін өте адал адам еді. Оның күміс қоңыраудың үніндей кіршіксіз күлкісі біздің құлағымызда мәңгілікке сыңғырлап қалады…

Ол көмек күткен, әділет іздеген адамға жанұшыра жәрдем беруге асығатын… Осындай ашық және адами аңғал мінезімен жүріп, өзінің денсаулығына көмек жасауға уақыты болмай кетті… Өкінішті!

Розлана Таукина 1955 жылы 30 қаңтарда Орал қаласында орденді соғыс офицерінің отбасында дүниеге келген. Орал педагогикалық институтының филология факультетін (1979) «Орыс филологиясы» мамандығы бойынша бітіріп, Мәскеуде ВЛКСМ ОК жанындағы Жоғары комсомол мектебі жастар баспасөзі редакторларының факультетін (1981) тамамдаған; Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінде оқыған (1985). Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Әр жылдары телевизиялық журналистика саласында – Орал облыстық телевидениесі режиссерінің көмекшісі (1974), жастар редакциясының редакторы (1977-79); Мәскеу қаласы Пролетар аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы (1981-83), «Комсомольская правда», «Московский комсомолец» газеттерінің тілшісі болған. 1985-88 жылдары – «Останкино» Орталық телевидениесінде жастар редакциясының редакторы; 1990 жылдан бастап Қазақстандағы тұңғыш тәуелсіз «Максимум» радиостанциясының бас редакторы; 1992 жылы – «Тотем» ТРК-ның президенті және бас редакторы; 1997 жылдан бастап «Караван» радиосының директоры; 1998–2000 жылдары – «Ассошиэйтед Пресс» АҚШ агенттігінің меншікті тілшісі; 1999 жылдан бастап, Соғыс пен бейбітшілік институтының Қазақстандық филиалының директоры; 2001 жылдан бастап – «Репортеры без границ» халықаралық ұйымының меншікті тілшісі; 2004–2007 жылдары – «Жұма-таймс», «Айна-плюс» газеттерінің тілшісі; 2006 жылдан қазірге дейін журналистерге арналған «Қауырсын және семсермен» газетінің шеф-редакторы; 2008-09 жылдары «Общественная позиция» газетінің бас редакторы болған. Соңғы уақытта ол толықтай құқыққорғаушылық қызметпен шұғылданған еді.

Розлананың асыл адами тұлғасы біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады. Қош бол, үлкен жүректі адам, шыншыл журналист, әділетсүйгіш әріптес!

«ДАТ» газеттер жобасының

редакциялық ұжымы

Көңіл айту

«Ақиқат» Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Саяси кеңесі елімізге белгілі журналист, құқыққорғаушы және тамаша адам, асыл жар, ардақты ана

РОЗЛАНА ТАУКИНАНЫҢ

мезгілісіз қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстарына, құда-жекжаттарына және барша қазақстандық журналистер қауымына қайғырып көңіл айтады. Арда қыздың аруақ рухы өзі жанындай сүйген қазақ елін желеп-жебеп жүрсін!

***

Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер, саясаткер, журналист Әміржан Қосанов және оның сайлауалды штабы Қазақстанға белгілі журналист

РОЗЛАНА ТАУКИНАНЫҢ

мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Республиканский еженедельник онлайн