КӨРІНІП ҚАЛАЙЫҚ (Бүгінгі сатира)

Көрініп қалмасақ, ұят болады, ағайын! Қолдан келіп тұрғанда, көрініп қалғанға не жетсін! Аянбаңыздар!

Біздің қазіргі кезде «Дәстүр сыйламау» деген дәстүріміз күннен-күнге құлпырып тұрған кезде «Көрініп қалайық» дәстүрін жандандырмасақ, ел болғанымыз, ұлт болғанымыз қайсы?! Көрініп қалайық!

«Көрініп қалайық» дәстүрінің сарқыншақтары әр ұлтта бар, бірақ олардыкі сарт-мезірет сияқты, мысалы: қытайлар ыржия салады, жапандар иіле салады, өзбектер қолын қусырып, еңкейе қояды. Олар бұл дәстүрді жетілдіре алмай отыр. Бірақ ол дегенің олардың қолынан осы «Көрініп қалайық» дәстүрі біздікі!» – деп, патент алу келмейді деген сөз емес! Сондықтан осы дәстүрге өзіміз ие болайық. Бізде бұл дәстүр жетіліп, әуелі шарықтау шегіне жетіп тұр! Біз той-томалақ былай тұрсын, өлімге де көрініп қалу үшін барамыз!

Өткенде құйрығы кеме тарқан бір дөкей мезгілсіз, 92 жасында, жастай шейіт болып, қыршынынан қиылды. Бүкіл жұрт моланың басына сыймай кетті. Туыстары, достары, құда-жекжаты былай тұрсын, көрініп қалуға барғандар сол қаралы жиынның 95 пайызы екен! Қаралы митинг ашылып, сөз сөйлемек болғанның бәрі сол «көрініп қалайық» дәстүрінің жақтаушы, жанашырлары болды. Моланың басына үлкен сахна жасап, жарық, дыбыс аппараттарын орнатып, телевидение шақырып жатқанның бәрі «көрініп қалайықтың» белді өкілдері.

Митинг «Алабота» ансамблінің қаралы биімен ашылды. Сосын көрініп қалудан алдына жан салмай келе жатқан Ботадай Боздағанов «Көріңде тыныш жат, бабам» деген толғауымен елдің сай-сүйегін сырқыратты. Одан көрініп қалудың көрнекті ақыны Текедей Аңырағанов «Мезгілсіз кеттің мекеннен» деген дастан оқып, құдасын талдырып тастады! Ешкідей Еңірегенованың орындаған «Бір уыс топырақ» операсындағы жесірдің ариясы құлақ жарды, «тіпті көрде жатқандардың өзі құлағын бітеп алды, аспанда құжынаған қарға атаулы Алатауды асып кетті, біржолата қашып кетті!» – деп жазды ертесінде көрініп қалудың белді басылымы «Өлке өксігі» газеті.

Содан мені де «көрініп қал» деп ертіп барған ақылшы ағам: «Ойбай, гитараңды қолыңа ал да, көңілдірек бірдеңе айт, мына езілген елдің еңсесін көтер, көрінер тұсың осы!» – деді. «Менің әндерім аса көңілді емес еді» – деп едім: «Халық әндерінен бірдеңе айт, тек сөзі көрге түскелі жатқан көкеңе арналсын», – деді.

Содан көрініп қалудың жолында жан құрбан, қазақтың «Шилі өзеніне» салып шырқадым:

«Айналайын, ағатай, өлдің қайдан,

Жат болмағы адамның осындайдан.

Шилі өзен қамыс-ай,

Бізді ойлай жүр, Арыс-ай!

Көрге түскен көрікті көкешімді

Шығарма деп сұрадым мен құдайдан!

Шилі өзен қамыс-ай,

Бізді ойлай жүр, Арыс-ай!» – деп едім, жұрт ду қол шапалақтап, бейітке қоятын гүлдерін маған беріп, веноктарын мойныма іліп, өліктің фонында суретке түсіп, аптогрып алып, жетісіп қалды. «Көрініп қалудың» алғашқы сынынан сүрінбей өттім осылай.

Келесі көрініп қалуым тіпті тамаша болды! Көкірегімен көк тіреп тұрған Басқаладағы дөкейдің бірі әпиратсияға түсіпті деген сүйкімді хабар сүйінші сұрап жетті! Көрініп қалуға мұндай сәтті хабарды елегізіп күтіп жүретін жұрт Басқала қайдасың деп, тура тартты! 

Көрінуге де көп керек, не айтатын сөзің дөп керек! «Көп» дейтіндей, қалта таяз, сол плацкартқа мініп алып, гитарамды арқалап, Басқалаға мен де жеттім. Аурухананың маңайы кептеліп қалған. Көрініп қалушылар аурухананың ауласында киіз үйден ауыл тұрғызып, мал сойып, көкпар беріп, бәйге шаптырып жатыр екен. Менің ақылшы көкем алдымнан арсалаңдап шығып: «Баскең кеше көңілді еді, бүгін сәл қабағы қатулы, денсаулығына орай бірдеңе айтып, жадыратып жіберші», – деді.

«Баяғы халық әні аман болсын, сөзін бұрмалап жіберейін» деп, баскеңнің дерті не деп сұрадым… Масқара сонда болды!

Геморойына әпиратсия жасатыпты! Бұған енді не дерсің?! Көрініп қалуға енді-енді төселе берген мен «ел не деп жатыр екен?» – деп, біраз жұртқа құлақ түрдім. Әкім де – әнші, депутат та – әнші болған заман ғой Келген әкім-қараның бәрі кәнсерт беріп жатыр екен.

Сахнаға Жаңа адым облысының әкімі шығып шырқады:

«Ауырмайды, көкем, ауырмайды,

Ішегі шығып кетпесе!

Ауырмайды, көкем, ауырмайды,

Артынан біреу теппесе!» – деп аңырап, бір айдан кейін қызметі өсетін болып, жөніне кетті.

Сосын шашы желбіреген бір депутат шығып:

«Сен жүрген жермен жүргім келеді,

Сен тартқан дертті білгім келеді.

Сырқатың менің жаныма батты,

Ауырған жеріңе кіргім келеді!» – деп, әпиратсия жасалған ағамызды бір жылатып, келесі сайлауға электорат жинауға көмек алатынына көзі жетіп, ол кетті.

Кезек аты дүркіреп тұрған белгілі кәсіпкерге келді:

«Артыңа қараймын – мен өзім солаймын,

Ем-шипа болмаса, мен өзім жалаймын.

Арманы талайдың, бағыма балаймын,

Басымды дертіңе тығынға балаймын!» – деп, көптің қошеметіне бөленіп, тендер ұтатынына сенімді болып, ол да кетті!

Сахнаға «Бос уақыттар министрі» шыққанда, жұр шулап кетті! Ол басекеңмен жерлес екен:

«Біздің ауыл, бір ауыл, Белтұрғанда,

Құламайтын ағасыз, жел тұрғанда.

Көкелерін басқаның не қылайын,

Екі бұты талтайып сен тұрғанда!» – деп, осы қызметте пенсияға шыққанша отыратынына көзі жетіп, ол да кетті.

Кезек маған келді! Халық әні аман болса, мен өлмеспін – «Дедім-айлатып» шықтым:

«Саулығыңды әрқашан біліп тұрам,

Шыдап жатқан ағамыз – жігіт бұған,

Дедім ай-ау!

Артыңызда ағатай өшірет көп,

Босағанда оңаша кіріп шығам,

Дедім ай-ау!

Алма ағаштың бүріндей-ау,

Текеметтің түріндей-ау.

Әу басында біртүрлілеу,

Кейін кетер білінбей-ау!» – деп едім, ағамыз қалтасынан бет орамалын алып, мұрнын сүртті.

Сөйтіп, «көрініп қалудың» бұл кезеңінен де өттім.

Енді бүгін «Сұмырай-Су» холдингі президентінің әртіс келіні Тибетке барып, емшегін үлкейтіп келіпті деп, бүкіл «көрініп қалу» компаниясы солай көшіп жатыр. Ол келіннің кеудесі бұрын да төңкерілген кеседей, көз тартушы еді, енді одан да өсіпті дейді!

Айналайын, халық әні бар болсын! Дайынмын!

«Көрген кезде көз тойған керіміміз,

Бір сюрприз жасапты келініміз.

Шертиіп тұр қазандай аударылған,

Құтты болсын, келінжан, желініңіз!

Жүгіріп шықтым белеске,

Белес емшек емес пе?!

Төңкерілген кеудеңіз,

Бір ғанибет емес пе?!».

Суық су мен ыстық судың тарифін төлеуден құтылып, мен кеттім. Сіздер де көрініп қалыңыздар! Ұят болады.

Асқар НАЙМАНТАЕВ

Республиканский еженедельник онлайн