Макс Боқаев: Түрмеден шыққан күні АЛАҢҒА БАРАМЫН

  • Қазақтың жері үшін күрестің қаһарманы, Атыраудағы УГ 157/9 мекемесінде қамауда отырған Макс Боқаевты шартты келісіммен түрмеден шығару /шығармау/ мәселесін қарайтын сот процесі басталды. Бірақ осыдан екі жыл бұрын билік ұсынған уәжді қабылдамай, өзіне тағылған жазаны мойындамау белгісі ретінде «УДО»-ға шығуға мойынсұнбаған азамат ендігі келісімге көне ме? Макс Боқаевтың «Азаттыққа» берген сұхбатынан бұл сұрақтың жауабын білуге болады.

(Ескерту: Сұхбат парламенттік сайлауға дейін шыққан, ықшамдалып жарияланды).

Макс мырза, биыл жазда коронавируспен ауырғаныңыз жайлы хабар тараған еді. Қазір денсаулығыңыз қалай? Қандай да бір арыз-шағымыңыз жоқ па? Түрмеде ем-дом алдыңыз ба, дәрі-дәрмек жеткілікті болды ма?

Иә, маусым айында Ақтөбеде аяқ астынан денсаулығым нашарлады. Пневмония болдым… Бірден антибиотиктер салып емдеді. Басқа сотталушыларға егер біреу-міреу қайтыс болып жатса, оның жүрегі ұстап қалыпты-мыс, я жоғары қабаттан құлап кеткен-міс деген тәрізді «диагноздарға» сенбеу керегін айтып жүрдім. Әркім өз денсаулығына қарап, сақтық шарасын жасауы керек деген әңгімелер жүргіздім. Әкімшіліктен «зонаны» (қамау мекемесін – Ред.) шұғыл дезинфекциялауды талап еттік.

Негізі түрмеде жатып, денсаулығымнан айырылдым деп айта алмаймын. Себебі, жасыратыны жоқ, басқаларды ұрып-соғып жататыны белгілі. Мәселен, Владимир Козловты (2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталып, түрмеде отырып шыққан қазақстандық оппозициялық саясаткер) соққан. Бірақ маған халықаралық ұйымдар, құқық қорғаушылар тарапынан бақылау болғандықтан ба деп ойлаймын, таяқ жемедім. Алайда Петропавлда күн өте суық болды ғой. Белім ауырады, үнемі белдемше киіп жүремін. Бұрын айтқанымдай, ол жердегі аязда сыртқа шығып, марш жасап, дене жаттығуымен айналысып, нарядты орындаудан бас тарттым. Соның өзінде салқын тигіздім. Жасым 40-қа толған кезімнен бастап денсаулығымды жиі тексертіп, созылмалы ауру түрлерін анықтағанмын. Олар ешқайда жоғалып кеткен жоқ.

Сырт жақпен байланысыңыз қалай? Кімдерден хат-хабар алып тұрасыз? Түрме әкімшілігі тарапынан бұған байланысты қандай да бір шектеу бар ма?

Шектеу жоқ, хат-хабар келіп тұрады. Олардың бәріне бірдей жауап жаза алмай жатырмын. Кейін еркіндікке шыққан соң, бәріне жеке жауап беремін. Бірақ пошта тым ұзақ жүреді. Бір газет 19 күн жүріп келді. Қазіргідей дамыған заманда бұл сұмдық қой. Құқық қорғаушыларға осыны бақылауды өтіндім. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Евгений Жовтис, Бақытжан Төреғожина, Зәуреш Батталова және басқа да құқық қорғаушыларға, халықаралық ұйымдарға көп рақмет айтқым келеді.

2016 жылы сәуірде Атыраудағы жер митингісінен кейін Талғат Аян екеуіңізге де «билікті басып алмақ болды», «конституциялық құрылысты күшпен өзгертпек болды» деген айыптар тағуға тырысты. Кейін билік екеуіңіздің аты-жөніңізді «терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар» тізіміне енгізгені мәлім. Құқық қорғаушылар кейінгі жылдары елде «экстремизм» бабымен негізсіз қудаланып жатқан белсенділер көбейгенін айтады. «Экстремизм» бабымен сотталған азаматтар, ұйымдардың қатары неліктен көбейіп жатыр?

Оған таңқалмаймын. Жеке пікірін айтқандардың бәріне «экстремист» деп айдар тағу – қоғамдық ойға тұсау салудың ең оңай жолы. Атырау түрмесінде 174-бап («әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») бойынша, яғни діни көзқарасына байланысты сотталғандар көп. Бірақ солардың өзінің діни сауаты аз. Шариғатты терең білмейді. Мысалы, менімен бір баракта жатқан алты адамның бесеуі намаз оқиды. Түрме – үлкен стресс. Ол жерде әркім өзінше содан шығудың жолын іздейді.

Стресс демекші, бір мысал келтірейін. Түрмеде жазасын өтеп жатқандардың көбінің саяси сауаты тұрмақ, жай сауаты да шамалы. Арыз жазуды білмеген соң немесе жазған арызы тиісті жерге жетпейтін болған соң, наразылығын аузын тігіп, өз денесін жарақаттап білдіріп жатады…

Түрмеде отырсаңыз да, билік туралы сыни ой-пікіріңізді ашық айтасыз. Сол үшін түрме әкімшілігі қысым көрсетіп жатқан жоқ па?

– Иә, ой-пікірімді ашық айтамын. Себебі мен оны түрмеге келіп түскен соң ғана айтып жатқаным жоқ. Үнемі айтып келемін. Ескертулер болады. Биліктен келетін делдалдардан бөлек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері келеді. Бірақ олар осы Атырау түрмесіне әлі келген жоқ, басқа жерде отырғанымда – Петропавлда, Ақтөбеде келді. Оны да жасырмаймын. Президент кеңесшісі Марат Сқақов, Руслан Садықов дегендер маған түрмеге келді. Бәрінің айтатыны: «Жазаны жеңілдетуге мүмкіндік береміз, бірақ саясатқа араласпайсың, экология тәрізді жеңілдеу тақырыппен айналысасың» деген ұсыныс. Сонда қалай деп ойлаймын, олай болса, түрмеде бес жыл не үшін отырмын? Мені сол ой-пікірімді айтқаным үшін отырғызып қойды емес пе?

Қазақстанның саяси алаңында қалыптасқан қазіргі жағдайға, бұған қатысты биліктің іс-әрекетіне қандай баға бересіз? Халықты жұмылдыра алатын оппозициялық күштер қалды ма? Оларды біріктіре алатын ортақ мақсат бар ма? Өзіңіз назарда ұстап жүрген ұйым, қозғалыс не партия бар ма?

Билік, әрине, басқару тізгінін қолынан жібергісі келмейді. Сондықтан қоғамдағы кез келген ояну мен басқосуларға барынша қарсылық көрсетеді және онысын тоқтатпайды да. Мәселен, президент ауысты, жаңа президент «сайланды» деп әлемге жар салды. Бірақ Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кім? Оның 2000 жылдың басында «жас түріктерге» қарсы шығып, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «не олар, не мен» дегені есіңізде ме? Міне, бұл Тоқаев кім дегеннің жауабы.

Қазақстандағы барлық жағдайдан хабардармын. Жаңалықтарды үзбей теледидардан көріп, радиодан тыңдаймын, «ДАТ» газетінен оқимын. Беларусь халқының бірлесіп наразылық білдіруіне не себеп болды? Оның жер көлемі бір Ақтөбенің жеріндей-ақ. Ал Қазақстанның алып территориясына қоса, әлі арылмаған менталитеті бар.

Мәселен, Атырау түрмесінде жатқандардың дені Атырау мен Маңғыстаудан. 2011 жылғы оқиғадан соң Жаңаөзенде көптеп ашылған мекемелердің жігіттері «үйде жатып, жалақы аламыз» деп риза болатын көрінеді. «Азғантай тұрақты жалақы тез аздырады» дейтін сөз бар ғой («Ничего так не развращает, как маленькая стабильная зарплата»). Мұны басқаша түсіндіру мүмкін емес. Ал жалпы демократияға атсалысуға ұмтылған қозғалыс, ұйым не партияны қолдаймын.

Сіз қазақстандық бір топ белсенді құрғысы келетін «Демократиялық партияға» қолдау білдірдіңіз. Өзіңіз қандай да бір партияға мүшесіз бе?

– «Демократиялық партия» туралы айтқанда, оны қолдадым. Бірақ әуелі бағдарламасын жіберуді сұрадым. Оқып шыққан соң өз ойымды айттым. Меніңше, Қазақстан алдымен бейтараптыққа ұмтылуы керек, содан соң әр аймақтың экономикалық дербестігіне қол жеткізу керек. Қазір «Демократиялық партияны», Тоғжан Қожалиеваның «Хақ» партиясын тіркемей жатыр. Режимді өзгертуге ұмтылған кез келген партияны, қозғалысты қолдаймын. Кезінде «Ақ жолды», «Алға» партияларының тіркелуіне үлес қосып, қол жинадым. «Алға» партиясына өз туыстарымның қолын жинап та өткіздім. Сондықтан «Демократиялық партияның» тіркелуіне де барынша үлес қосып, қолдаймын. Кейін оның мүшесі боламын ба, жоқ па, оны уақыт көрсетер…

Сайлау туралы не ойлайсыз? Қазақстанда демократиялық принциптерге сай келетін сайлау өткізу мүмкін бе? Сайлау әділ, ашық болуы үшін, қоғам не істеу керек деп санайсыз?

– Былтырғы президент сайлауы кезінде Әміржан Қосанов сайлауға түскенде (күлді) «мен солай болатынын білдім» дейтін адамдар айтпақшы, мен де білдім солай болатынын. Енді алда парламент сайлауы келе жатыр. Бес партия қалғанын білемін. Бірақ ештеңе күтпеймін. Мысалы, Америкада кезекті президент сайлауы өтті. Дональд Трамп өзінің сайлауалды сөздерінің бірінде бәсекелесі Джо Байден туралы сөзінде оның Барак Обаманың президенттігі кезінде вице-президент болғанын айтып, «сол кезде ештеңе бітірмегенде, қазір не істей алады» дегендей ой айтқанын оқыдым. Түрмеге туыстарым Financial Times сияқты ағылшын тіліндегі басылымдарды әкеліп тұрады. Тоқаев президент, бірақ ол да Назарбаевтың қасында отыз жыл жүргенде ештеңе бітірмеген соң, қазір одан не күтуге болады? Ал Назарбаев билігінің толық жойылуына қол жеткізген кезде кейбір оппозиционерлер мен бизнесмендердің дос-жаранға айналатынына куә болуымыз да мүмкін.

Жаза мерзіміңіз қашан аяқталуы тиіс? Сот үкіміне сай сізге үш жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. Оған дейін немен айналыспақшысыз? Қандай жоспарыңыз бар?

– 15 ақпанда аяқталады. Оның алдында қаңтарда бақылау соты өтеді. Ол туралы тағы қосымша хабарлаймын. Қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салғанмен, жеке пікірімді айтуға құқығым бар, одан бас тартпаймын. Сондықтан түрмеден босаған күні бірден Исатай-Махамбет алаңына (Атыраудағы 2016 жылғы 24 сәуірде жер мәселесі бойынша митинг өткен алаң) барып, сайлаудың әділ өтпегенін, тым құрығанда Қырғызстандағыдай сайлауды қайта өткізуге қол жеткізуіміз керегі туралы өз ойымды тағы да айтамын. Ар жағын уақыт көрсетеді. Отырғызса отырғыза жатар. Өз көзқарасымызды, ойымызды айтудан бас тартпауымыз керек.

Әңгімеңізге рақмет!

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн