Мақтаншақ ҚОЖАЙЫН

Бізде жағымпаздар көп. Әсіресе үкімет жақта, билік жүйесінде, әкімдік орындарда… (сол қызметтерге жете алмай, жанталасып жүрген қаншама потенциальный жағымпаз бар!). «Пәлен жерге елбасының есімін берейік!» деген жалпыш ұсыныстардың жиі шығатыны да сондықтан. Қыза-қыза келе, кеше «спорт аренасын да сол кісінің атымен атайыққа» барып қалғандарға аса таңқалуға болмайды. Себебі…

Себебі – осындай жағымпаздар қоғамын өз қолымен жасаған сол елбасыңыздың өзі… Себебі сол – елбасыңыздың өзі жұрттың қоғадай жапырылып, жағымпазданғанын қалап тұрады… Себебі – елбасыңыздың өзі мақтаншақ…

Әйтпесе қазақ «Ұлық болсаң, кішік бол» демеуші ме еді…

«Біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт, ал өзіңе жасалған жақсылықты ұмытпа» дейтін… «Ешқашан еткен еңбегіңді бұлдама» деген де сол бабаларымыз.

Осының бәрі зая кеткен сөз екен-ау! Мейлі, Тоқаев бастап, бәрі де елбасыға айрықша ықылас көрсетуге асығып, шектен тыс ұраншылдыққа салынған екен. Соларға елбасының өзі тоқтау айтатын жөні емес пе еді? «Ау, шырақтарым, қойыңдар, тоқтатыңдар мына науқанды!» демей ме? Ел үшін сіңірген еңбегіне түрлі мемлекеттік атақ-дәрежелерді алып жатыр, соны қанағат тұтпай ма? Көзі тірісінде әр қалаға ескерткіш қойғызып, ірі шаһарлардың басты көшелеріне есімін бергізіп, соның бәрі аз болғандай, астананың атын үн-түнсіз иемденіп алғанына жол болсын?! «Ықыластарыңа разымын, жігіттер, бірақ бұларың артық» деп бас тартса, ел ішіндегі абыройы арта түспесе, еш кемімейтін еді ғой.

«Тәуелсіздігімізді сақтады, астананы көтерді, жалпы еңбегі сіңді ғой» деушілер көп, білемін. Бұ кісінің еңбегін ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ «сондай еңбегім бар екен» деп, «есіре» беруге бола ма? Еңбегі еленбей жатқан жоқ қой?! «Тұңғыш президент» (атаулы мейрамы да бар), «Елбасы», алуан түрлі ордендер, «Халық Қаһарманы», «Еңбек Ері»… тағысын-тағы… толып жатыр. Туған күні (6 шілде) Астана күнімен (10 маусым болса да) орайластырылып, мемлекеттік мерекеге айналып кетті. Бұдан артық не керек бір адамға?!

Жоқ, керек екен. Қанша жесе де, тойғанын білмейтін мешкей секілді, даңққа құныққан адам да сондай тойымсыз болады екен. Біз сталинизмді «жеке басқа табынудың шектен шыққан үлгісі шығар» деп білдік, бірақ одан да сорақысы алдымызда екенін және оның өз арамыздан шығатынын болжамаппыз. «Халықтар көсемі» де осындай тойымсыз болса керек: Сталинград, Сталино, Сталинабад секілді қалалар болды, көптеген ескерткіштері қойылды, айтқан сөздері мен суреттері көрінген жерде ілініп тұрды… Ал қазір солар қайда? Сталинград – бүгінде Волгоград, Сталино – Донецк, Сталинабад – Душанбе… Ескерткіштер құлатылды, сөзі де, суреті де ұмытылды. Тіпті Ленинград пен Ленин ескерткіштері де жоқ қазір. Осының бәрін көріп өскен Назарбаев қалай ғана жеке басқа табынудың жаңа – «тәуелсіз нұсқасына» тыйым салмады? Неге ақылға келмеді? Тоқтаусыз мақтау-мадақтан санасы тұманданып, көзін шел басты ма?

Тыйым салмады. Өйткені өзі мақтаншақ. Өйткені өз алдына келгенде, өзгелердің құйрығын бұлғаңдатып, құрдай жорғалауын, жалпылдап, жағымпаздануын өлердей сүйеді, содан рахат табады. Әйтпесе әу баста мұндай жағымпаздыққа қатаң тыйым салса, жағымпаздануды жақтырмайтынын білдіріп, шара қолданса, жағымпаздар да ақымақ емес, «қой, құрысын, кәріне ілігіп жүрерміз, тыныштық керек» деп, бұ кісіден аулағырақ жүрер еді, өз тәсілінің өтпейтініне көзі жетер еді… «Мені жер-көкке сыйғызбай қолпаштай берсе екен, пір тұтып, табына берсе екен» деп тілеп тұратын «ауру» адамды мақтап-мақтап, мақсатына жетіп жүргендерді кейде түсінуге де болатын сияқты ма, қалай?.. Диагнозына сай емі де…

Ал енді біреудің өзіне жағымпазданғанын қалап тұратын, сондай көзіне мақтап, көлгірсігендерге тоқтау салып, тыйып тастамайтын, ел үшін сіңірген еңбегін бұлдап, соның өтеуі ретінде атын көшеге, қалаға қойып жатса, көзін бақырайтып қойып, тірідей ескерткішке айналдырып жатса, қарсы шықпайтын адамды кім деуге болады? Мұндай адамның моральдық-адамгершілік негізін, кісілік келбетін қалай бағалау керек? «Өзіне-өзі масаттану мен өзін-өзі дәріптеу – бақытсыздық, бұл қасиеттер адамды ақымақ етеді» деген неміс саясаткері Карл Либкнехттің сөзі рас екен-ау…

«Ұлық болсаң, кішік бол» деген бабаларымыз түк білмейді-ау, шамасы. Бүгінгілер «Ұлық болсаң, ұртың толғанша аса, үрім-бұтағыңмен біріге же» дейді…

«Елу жылда ел жаңа» – ештеңе емес екен. Ел отыз жылда-ақ құбылып шыға келеді екен. Осы отыз жылда қазақтың кісілік келбеті, болмысы, табиғаты қалай өзгеріп кетті, ә?.. Жақсы жағына емес бірақ… Тіпті қаршадай балалардың өзі бар шаруасын ақшамен шешетін жағдайға жетті… Бұған тойымсыздығымен қоймай, нарциссизм дертіне де шалдығып біткен адамның аузына қарап, осынша жыл отырған өзіміз де кінәліміз…

Бүгін сол елбастыңыздың, елбасыңыздың тақты өтірік тастаған болып, өзімен-өзі жасырынбақ ойнағанына, оған біраз жұрт сеніп қап, көңілі босап, көзіне жас алғанына екі жыл (19.03.19) толды. Ау, тойламай нағып отырсыздар, мақтамай нағып отырсыздар?!

Сәкен СЫБАНБАЙ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн