МЕН НЕЛІКТЕН үміткерліктен БАС ТАРТТЫМ?

  • Мен алдағы мәжіліс сайлауына үміткер ретінде қатысудан бас тарттым. Біршама азаматтар тілектес болды, құлшына қолдады, итермеледі, бәріне – мың алғыс! 

Бас тартуға басты екі себеп болды: біреуі – соңғы 20 жылға жуық уақытта ығы-жығы саясаттан алшақтаппын, оның ләззатының дәмін ұмытыңқыраппын. Саясатта қоғамдық жұмыс ретінде ғана бой көрсету – жеткіліксіз. Оған бойдағы мен ойдағы, айналаңдағы бар ресурсты қайтарымсыз салу керек… 

Науқан уақыт пен  бойдағы біршама күш-жігерді алып кететіні рас. Қазіргі ахуалды салыстыра қарағанда, бастаған шаруаны бітіру өзіме де, қоғамға да пайдалы көрінді.

Екінші себеп – материалдық ресурстың жеткіліксіздігі, оны жинастыруға уақыттың тарлығы.

Біздің қоғамдағы екі ахуалды екі өкініш ретінде айтып өтпекпін: бірі – бойдағы піскен, мол ресурсты елдің көркеюіне, оны алаңсыз түрде қоғамға шынайы жұмсайтын ахуалдың әлі де бір қайнауы ішінде жатқандығы. Елдің жаңаруын халықтың өз қауқарымен атқаруға арналған саяси бағытты әлі де күтіп отырғанымыз өкінішті…  

Екіншісі – қоғамдағы бой көтерген жаңа саяси тұлғалар бірлесе, жұмыла кірісуді әлі де меңгермей отыр, әрқайсысы өз алдына бір құдайдың рөлінде. Бұның барлығы біздің даму деңгейіміздің әлі де «балалықтың солшылдық ауруынан» айыға алмай отырғанын байқатады.

Жалпы алғанда, бұл сайлау қалай болғанда да, ел үшін де, азаматтар үшін де біршама мүмкіндік! Бір сатыға көтерілу дейікші. Бірақ соны қарабайыр баталиямен жағып жібермесек екен… Бәлду-бәлду бәрі өтірік болмаса екен!

90-жылдардағы романтикалық демократия келмеске кетсе де, шынайы істердің басы болатын. Қазақстанның талай тұлғалары сол кезде бой көрсеткен. Бүгінгі Қазақстан сол іргетастың арқасында құрылды.

Бірақ 30 жыл ішінде  саясатта ұрпақ сабақтастығы болмады – басты өкініш осы. Бір толқын екіншісін жоққа шығарумен, алдыңғысын еміс-еміс білумен ғана, әр толқын өз кеудемсоқтығына ұрынумен уақытты текке өткізіп келеміз! Бұл – тарихтың ұлтқа берген мұрсатын құртудың керексіз әдеті. 

Енді, халайық, әлеужеліде ғана бой көрсету – ел билеуге аз болатынын сезінейік. Бастысы – бой мен ойға қажет принцип пен елді ел етуге деген көксеу! Соны іске асыруға жанталасу! Депутат мандатын қолға ұстау – жекенің мақсаты, ал жалпының мұратын аяқ асты етпеу неден көрінуі тиіс? Осыған бас қатыру керек.  Сонда ғана көсегеміз көгерер. 

Мәжіліске кімнің баратындығы маңызды емес, оның шынайы түрде халық мүддесін ескеріп, алға бастыратын ресми саяси орган болуы маңызды!  

Тұлғаларды таңдағанда, іріктегенде, олардың бас асаулығы мен көнбістігі маңызы жағынан екінші планда қалып, шынайы іскерлігі, қазақ халқына ұлттық мемлекетті қалыптастыратын, жетілдіретін тұлғалардың қайраткерлігі маңызды. Қайраткерлік кәсібилік емес! Ол ел үшін, халық үшін жанталастан туындайтын қимыл-әрекеттің нәтижесі. Әр істі әлеужеліге әйгілеу – қайраткерлік емес, ісіңді саудаға салу.

Парламентте кімнің не айтқаны мен мәселені көтергені емес, бұған дейін ол әбден жауыр болған технология, елдің шынымен де жаңаруы мен жақсаруына барын салатын жандардың тұтасқан әрекеті маңызды! Тұтаспасақ, бірікпесек, бір-бірімізді «қатынөсекпен» асырасақ – құримыз. Тағы да айтарым – уақыттың шымбайға батырған мәселесін шешу маңызды.

Халық үшін де, ел үшін де пайдалы, шынайы азаматтар билік төрінен орын алғанын қалаймын әрі тілеймін. Біздің халық өз қаһармандарын күтуде, аңсаулы, содан шаршаулы. Соны сезінейікші. 

Әлемдегі ең сауатты, ең тәртіпті, әдепті, төзімді, шыдамды, іскер халық – бізде! Соның қадірін білетіндер ғана төрге шықсын!

Серік ЕРҒАЛИ

наурыздың жеті жаңалығы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн