Назарбаевтың жүйесі кеткенше ӘЛІ ТАЛАЙ БОМБА ЖАРЫЛАДЫ

Еркін РАҚЫШЕВ, «Ел мен Жер» қозғалысының атқарушы хатшысы:

Мұндай қайғылы оқиға бірінші рет болып отырған жоқ. Алдыңғы жылы Арыстағы оқ-дәрі қоймасы жарылған соң, басты кінәлілер жауапқа тартылмады. Шенділер жауапкершілікті сезінбей, жасаған қылмысының жазасын алмағаннан кейін, бұндай қайғылы оқиғалардың жалғаса беретіні белгілі.

15 адамның өмірін қиған, 100 шақты адам жарақат алған Тараздағы сұмдық жарылыс неден болды? Бейбіт күнде арыстай азаматтарымыздың қаза болуына кім кінәлі? Бұған кім жауап береді? Артында жылап қалған бала-шағасына, әке-шешесіне, туған-туыстарына кім түсіндіреді? Қалай?

Өкінішті. Батырларымыздың жандары жәннатта болсын!

Жарылыс неден болды? Бұның ақ-қарасын комиссия анықтай жатар. Бірақ жемқорлық жайлаған, мафия билеген елде комиссияға да сенім жоқ. Қоғам өкілдерінің қатысуымен тәуелсіз комиссия құрылмаса, әскерилер өздерінің былықтарын өздері жауып-жасыратыны айтпаса да түсінікті.

Министр Ермекбаев демалысқа емес, басты күдікті ретінде сотқа дейін түрмеге қамалу керек. Ешкімді лауазымына қарамай аямау керек. Егер Арыстағы оқиғадан дұрыс қорытынды шығарылып, шындықты жасырмай жұмыс істелгенде, мұндай сұмдық қайталанбас па еді?!

Одан кейін біздің президенттеріміз қайда жүр? Өткенде Кабулдағы жарылыстан кейін қаза болған 13 сарбазын АҚШ президенті Байден аэропорттан өзі қарсы алды. Марқұмдардың туыстарының алдында, «Қайғыларыңызға ортақпын, ұлдарыңыздың осындай қайғылы қазаға ұшырағанына мен кінәлімін. Кешіріңіздерші мені деп, жылап тұрып кешірім сұрап, көңіл айтты.

Ал біздің елбасы министр Ермекбаевқа телефон шалыпты дейді. Кімге керек оның министрге хабарласқаны. Әзірше демала тұр, бір жұмыс тауып берем деген шығар…

Бізде билік халықты менсінбейді, адам құрлы көрмейді. Кеше ғана күнін атап өткен Конституциядан бастап, халықтың емес, билікте отырғандардың мүддесін қорғайды. Билік Тараздағы қайғылы оқиғаға да біреулерді кінәлі қылып шығарар.

 Бірақ бұған қалыптасқан қылмыстық жүйе кінәлі. Жемқорлық пен ұрлыққа, өтірік айту мен көзбояушылыққа негізделген жүйе қалыптастырған Назарбаев кінәлі. Егер кішігірім бір жетістіктер болып жатса, «мен, мен, мен істедім, менің идеям» деп мақтанғанда, алдына жан салмайды. Оны жандайшаптары «керемет, қандай көрегендік, данышпан, күн көсем» деп, жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Мейлі мақтай берсін. Бірақ халқы қасірет шегіп, қиналып жатқанда, неге бұның қатысы болмауы керек?! Неге қайғысын бөліспей, бір ауыз көңіл айтып, жұбатуға жарамай отыр.

Назарбаев кетпей, өзі құрған іріп-шіріген жүйесінде әлі талай бомбалар жарылады.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн