Назарбаев Қазақстанды ТҰТАСТАЙ жекешелендіріп алған ба?!

  • Осы газеттің өткен аптадағы санынан «Перечень объектов семьи Назарбаева, подлежащие возврату» деген тізім-материалды оқып, жағамды… ұстамақ тұрғай, жұлып ала жаздадым. Сұмдық! «Қолынан келген қонышынан басады» дегеннің масқара дәлелі!

Назарбаев, шынында, Қазақстанды жеке меншігі етіп алған секілді. Президенттікке сайланған күні Құран Кәрімге оң алақанын төсеп тұрып, елге, халыққа әрқашан адал қызмет етуге ант берген сәті менің де көз алдымда. Мешітке барып жүргені де. Мына тізім-материал оның ант беру рәсімін жасаған күннің ертеңінде-ақ халықты алдауға кіріскенін, мешітке барып жүргені кәдімгі көзбояушылық екенін айғақтаған.

Назарбаевтың жемқорлығы, шетелдерде жиырма шақты салтанатты зәулім сарайы, виллалары, шипажайлары, кемелері, ұшақтары, тағы басқа дүние-мүліктері бары нақтылап жазылды да.

«ДАТ-тың» байырғы авторларының бірі – қаламгер Ғаббас Қабышұлының бұдан бір жыл бұрын, ақпан айында шыққан «Талтүсте тонау» деген мақаласы менде сақтаулы. Сол мақаладан бір үзінді:

  • «…Англия парламентінің мүшесі Маргарет Ходж ақпанның 3-і күнгі мәжілісте «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» сөйлеп, Қазақстанның арам ақшалы 28 олигархына санкция салу керектігін айтып, аттарын тізіп берді. Оның тең жартысы – елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулеті. «Көшбасшы», әрине, Әбішұлы. Үш қызы және күйеу балалары: Тимур Құлыбаев пен Қайрат Шәріпбаев, інілері: Болат Назарбаев, Самат Әбішев пен Қайрат Сатыбалды, ең кішілері – Дариғаның ұлы Айсұлтан.

Назарбаевтардың бір ғана Лондондағы дүние-мүлкінің сомасы 330 миллион фунт стерлинг екен! 1 ф/с = 626 тенге. Кәне, шығарып байқағын, Қазақстанның неше жылғы мемлекеттік бюджетіне тең екен!».

Мұндағы Тимур Құлыбаевтың өзі де, әйелі Динара Нұрсұлтанқызы да – миллиардер. Екеуінің «табыстары» бес миллиард доллар шамасында. Мысалы, «газ-мұнайшы»Тимур Асқарұлы Құлыбаев қандай еңбегімен шылқа байыды? Барлау жұмыстарымен қара тер болып жүріп, газдың, мұнайдың жаңа көздерін тауып, оларды игерудің жолдарын ашты ма?

Интернет атты көмекшіміз бар ғой. Мынау тізім-мақаланы оқыған соң, бір «қызық» ой жағалап, интернеттен Н.Назарбаевтың ат-атақтары, марапаттары барын сұрап едім, тауып бере қойды. Өйдөйт! Өзімізде, шетелдерде он беске жуық көшеге аты қойылыпты, оннан астам ескерткіші бар. Өзіміз, шетелдер берген атақ, сыйлық екі жүзден астам. Орден-медалінің саны кешегі ең атаққұмар Брежнев пен Хрущевтың алғандарынан (177+42) екі есе көп шығар. Мен бәрін санап әуре болған жоқпын, шолып шыққанымды айттым.

Тізім-мақаланың қосымша тақырыбы «Подлежащие возврату» деп тұрғанын көрдіңіздер. Сонда кім қайтарып алады? Президент Қ.-Ж.Тоқаев пен оның командасы ма? Парламент пе? Бас прокуратура мен Жоғарғы сот па? Атамаңыз. Назарбаев қалыптастырған ескі жүйе жаңарған жоқ. Тоқаев – көкесінің шәкірті. Өзінің жарлығымен «Нұр-Сұлтан қала» деп аталған қалада ұстазына биік ескерткіш орнатып, оны ашқан салтанаттағы сөзінен бір үзінді:

«Елбасы выдвинул множество международных инициатив и вывел нашу страну на передовую глобальной политики. Весь мир знает его как великого политика, историческую личность. Нынешнее и будущее поколение Казахстана должны равняться на великого сына своего народа!» (Москваның «Завтра» газетінен. 04.07.2021 ж.).

Сәкен ЕЛШІБЕК,

Семей қаласы

Ресей Қазақстанға БАСЫП КІРЕ МЕ?

«Тоқаевтың тұсында мұндай қауіп жоққа тән…» – дейді АҚШ елшісі. 

Байден әкімшілігі Орта Азияны ойрандауға жол бермейді. Көршінің көңіліне кірбің түсірмейтін Тоқаевтың саясаты – ел қамын ойлағаннан туған амал. 

Қазақтардың көмегімен Батыстың блокадасын айналып өткенді көздейтін Кремль Ақорданың қарсылығына тап болған. Агрессорды қолтығынан демейтіндей қазақ билігінің ақылы таяз емес…

АҚШ елшісі Даниель Розенблуммен сауалдасқан Dalainside алпауыт елдің Қазақстанға қатысты ұстанымын білді. Алматыда бір топ журналиспен пікірлескен Розенблум теріскейден төнетін қауіпке қатысты бойдағы үрей мен күдікті сәл-пәл сейілткендей болды. 

«Геосаяси тұрғыда Тоқаевтың “жеті жылы” ыңсыз-шыңсыз, айғай-сүреңсіз өтеді. Ресей бүгін-ертең Қазақстанға басып кіреді деген қауіпті көріп тұрған жоқпыз. 

Ақ үйдегі аналитиктер Кремльдің басқан ізін аңдып отыр, олар Путиннің аузынан шыққан әр сөзге талдау жүргізеді. Дабыл қағарлық жағдай туса, Ақорданы түрлі каналдар арқылы алдын ала құлағдар етеміз. Ресейдің шабуылға дайындалып жатқанын Киевке де ерте бастан ескерткен едік. Америка егемендік пен аумақтық тұтастық мәселесіне сергек қарайды. Путиннен қауіп күтетін кез келген мемлекетке консультация беруге әзірміз», – дейді елші.

Розенблум Кремльмен жүз шайысқысы келмейтін Тоқаевтың саясатын түсінеді. Жағрафиясында Ресеймен көрші болуды жазған Қазақстанға көпвекторлы саясатқа арқа сүйеуден өзге жол жоқ. 

«Дей тұрғанмен, Ақорданың аумақтық тұтастық пен егемендікке қатысты ұстанымы айқын. ДНР мен ЛНР секілді квазиқұрылымдарды мойындаудан үзілді-кесілді бас тартып, Мәскеудің бетін қайтарды.

Санкция құрсауындағы Ресейге жәрдемдескен ел автоматты түрде Батыстың жауына айналады. Тоқаев өз қолын өзі шаппас болар…» – дейді мұның соңы жақсы болмасын меңзеген АҚШ елшісі. 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн