НҰРСҰЛТАННЫҢ «нұрсыз жолынан» ҚҰТЫЛУ ҚАЖЕТ!

  • Мемлекеттік және саяси дағдарыстан шығудың жолдары

Қазақстан мемлекеттік және саяси дағдарысқа ұшырады. Отанға, тәуелсіздікке, ел азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төнді. Жүздеген адамның өмірі қиылды. Алаңдарда қан төгілді. Әкімшілік, әлеуметтік нысандар қиратылды. Миллиардтаған теңге көлемінде зиян келтірілді.

Мұның бәріне кінәлі, біріншіден – Н.Назарбаевтың жеке басының, әулетінің ғана мүддесіне қызмет еткен, соған лайықталған мемлекеттік басқару жүйесі. Екіншіден, президент міндетін атқарғанына 3 жыл уақыт болса да, Қ.-Ж. Тоқаевтың саяси өзгеріс жасауға, билік тармақтарын тазартуға кіріспегендігі. Қоғам тарапынан жасалған үндеулерге құлақ аспағандығы. Дәрменсіздігі, мансапты қолына ұстатқан қожасына тәуелділігі.

Елдегі жағдайға байланысты біздер – Қазақстан азаматтары көпшілік қауымның атынан президент Қ.-Ж.Тоқаевқа төмендегідей талаптар қоямыз. Мұны барлық отандастарымыздың қолдайтынына сенеміз.

Президент Қ.-Ж.Тоқаев мырзаға мынандай талаптар қоямыз:

  • Еліміздегі мемлекеттік және саяси дағдарыстың туындағаны туралы бүкпесіз мәлімдеме жасалсын. Жасырып жауып, халықты алдауға болмайды. Шындықтың ашылатындығы сөзсіз. Өтірік айтқан мемлекет басшысы ел сенімінен айырылады;
  • «Тұңғыш президент – елбасы туралы» заңның күшін жоятын жарлық керек. Мемлекетке, тәуелсіздікке қатер төндіруге себепкер болған назарбаевтық билік жүйесін онсыз өзгерту мүмкін емес;
  • Күштік құрылымдар – Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, прокуратура, соттар, Қорғаныс министрлігі назарбаевтық кадрлардан тазартылсын. Ұлттық, мемлекеттік мүддеге емес, жеке адамға қызмет етуге қалыптасқан, қожасына берілген, сыбайластықпен жұмысқа тұрып, заңсыздықтарға барған біліксіз қызметкерлер жауапқа тартылсын;
  • Бұл салаларды басқаруды түбегейлі реформа жасайтын, отаншыл, мемлекетшіл, жоғары білікті мамандардың қолына тапсырмайынша, жақсылық болмайды;
  • Лаңкестерді тез арада тізе бүктіру үшін, олардың Қазақстандағы жұртшылыққа белгілі, беймәлім «қамқоршыларын» және өзге де қожаларын, шетелдердегі қолдаушыларын әшкерелеп, қылмыстық жауапкершілікке тартқызу қажет;
  • Лаңкестікпен күресте АҚШ-тың, Евроодақ мемлекеттерінің көмегіне, тәжірибесіне сүйенген абзал;
  • Республика көлеміндегі 2 – 7 ақпан аралығындағы митингілер мен шерулерге қатысқан бейбіт адамдарды қудалауға, жазалауға жол берілмесін; Еуропа парламенті, халықаралық құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқындар санаған, жаламен, дәлелсіз сотталған барлық қоғам белсенділері босатылсын;
  • Лаңкестерді, арандатушыларды, ұрлық жасаушыларды, қарақшыларды анықтау, айыптау және жазалау кезінде заң талаптары қатаң сақталсын. Кінәсі дәлелденбеген жазықсыз жандар қысым көрсету, қинау, азаптау арқылы алынған түсініктермен, хаттамалармен сотталмасын. Шаңырақ, Жаңаөзен, Қордай оқиғалары кезінде тергеушілердің бопсалау арқылы қолға түскен азаматтардан ақша алғаны сияқты «қылмыстық бизнес» қайталанбасын;
  • Лаңкестердің немесе күштік құрылымдардың қолынан қаза тапқан бейбіт тұрғындарға үлкен мөлшерде өтемақы төленсін. Қазаға себепкерлер қатаң жазалансын;
  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарт ұйымы – ҰҚКҰ- әскерлері Қазақстан аумағынан дереу әкетілсін. Тәуелсіздікке, бостандыққа қатер төндіретін, Путиннің шоқпары саналатын шетелдік әскерлер бізді қорғамайды;
  • Азаматтардың құқығын қорғауды емес, керісінше, қорлауды жүзеге асыртатын К.Мәсімов пен Е.Тұрғынбаев сияқты басшыларды қызметтен кетіру жөніндегі бұрыннан қойылған талаптарымыз ертерек ескерілгенде, дәл қазіргі жағдай болмас еді. Е.Тұрғынбаев өзінің әрекетсіздігі салдарынан қызметтік міндетін атқара алмағандығы үшін жауапкершілікке тартылуы тиіс.

 Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің халық алдында борыштар екеніңізді есіңізге саламыз. Қоғам әділетсіз әрі лас сайлау арқылы билікке келген Сізді «легитимді президент» деп есептемейді. Бұл – біріншіден.

 Екіншіден, егер Сіз 2001 жылы Демократиялық таңдау қозғалысын құрушы мемлекетшіл, патриот, білікті азаматтарды үкімет құрамынан шығаруды талап етіп, оларды қудалатпасаңыз, керісінше, қолдау білдірсеңіз, бүгінде еліміз мүлде басқаша болар еді. Үкімет басшысы болған кезіңіздегі сол әрекетіңіз қоғамға, мемлекетке, халыққа орасан зор залалын тигізгенін мойындауға тиістісіз.

 Демократияландыру, саяси реформа жасау арқылы биліктің ауыспалылығын қамтамасыз еткенде, қазіргідей авторитарлық, тоталитарлық жүйе болмас еді. Назарбаев өзі сіздер арқылы орнықтырған жиіркенішті жүйенің құлайтынын біліп, жанталасты. Таяуда Сіз «Билік құламайды. Бірақ бізге өзара сенім мен диалог керек» дедіңіз. Өткендегі қателігіңізден қорытынды шығарып, шынайы саяси реформа жасауды дереу қолға алмасаңыз, билік құлайды. Құлататын дүрбелең салған лаңкестер емес. Құлататын – шыдамы шегіне жеткен, кедейленген, жұмыссыздық, қымбатшылық қинаған, мардымсыз айлық пен зейнетақы күнкөрінісіне жетпей жүрген, кеше мінез танытқан ХАЛЫҚ.

 Билік құламауы үшін сенім мен диалог керек екені рас. Ал егер ХАЛЫҚТЫ митинг үшін қудалап, жазалап жасқантамыз десеңіз, бұрынғыдан бетер қателесесіз. Олай ету арқылы Назарбаевтың керін құшасыз. Мемлекеттік және саяси дағдарыстан шығудың жолы – жоғарыдағы және Алматыдағы халық құрылтайында қабылданған, өздеріңізге жолданған талаптарды іске асыру.

 Ол талаптар – ХАЛЫҚ СЕНІМ БІЛДІРГЕН ҮКІМЕТ құру; мәжіліс пен сенатты тарату; Саяси партиялар мен бірлестіктер, Сайлау туралы, Жиын бостандығы, митингілер мен шерулер туралы заңдарды қайта қарау; Конституцияны 1993 жылғы бастапқы қалпына келтіру; сайлау комиссияларын түгелдей өзгерту; парламент сайлауын өткізу, жаңа үкіметті жасақтау. Қазіргі президент осы істерді атқаруға, ауыспалы кезеңде халыққа адал қызмет көрсетуге пейілді болса, қолдау табады. Олай болмаса, биліктің құлап тынуының себепкері атанып, ел тарихында есімі қара әріптермен жазылып, масқараға ұшырайды.

 Назарбаев сүйікті Отанымыз – Қазақстанымызды бүкіл әлемге демократиядан безінген, жаппай сыбайлас –жемқорлық, нигилизм, арсыздық жайлаған, билігі сатқындыққа, қылмысқа бейім, адамдары кедейшілік тақсыретін тартқан ел бейнесінде танытты. Сондықтан оны әспеттеген жалған мадақтауларды, орынсыз құрмет көрсетуді доғаратын кез келді. Астана қаласына, әуежайға, алаңдар мен көшелерге бұрынғы атаулары қайтарылсын! Оған қойылған ескерткіштер алынып тасталсын!

 Президент мырза! Нұрсұлтан салған нұрсыз жолдан шығыңыз! Нағыз демократиялық мемлекет, қоғам құру үшін, өркениетті елдерден үлгі алыңыз! Халыққа бостандық беріңіз!

 Егер Сіз өзіңізді өзгерте алмасаңыз, батыл қадам жасауға қабылетіңіз жетпесе, еркіңізбен қызметтен кетіңіз! Қазіргі шешуші тарихи кезеңде бұрынғы қателіктерді қайталауға, ескі сүрлеумен жүруге хақыңыз жоқ! Мемлекеттің, халықтың тағдырымен ойнамаңыздар!

  • Балташ Тұрсынбаев, мемлекет және қоғам қайраткері; Рысбек Сәрсенбайұлы, қоғам қайраткері, журналист; Ермұрат Бапи, қоғам қайраткері, «Дат» жобасының жетекшісі; Уәлихан Қайсаров, қоғам қайраткері, ҚР парламентінің экс-сенаторы; Марат Байділдаұлы, публицист, жазушы; Есенғазы Қуандық, тарих ғылымының докторы; Еркін Рақышев, кинорежиссер; Нұрлан Бұланбаев, ұлт патриоты; Талғат Айтбайұлы, жазушы, публицист; Халелхан Ыбырайымұлы, желтоқсаншы; Жарылқап Қалыбай, журналист; Асылбек Қараев, заңгер; Абзал Құспан, заңгер; Айсұлу Қадырбаева, қоғам қайраткері, ақын; Маржан Аспандиярова, құқық қорғаушы; Асел Нұрғазиева, құқық қорғаушы; Инга Иманбай, журналист; Айгерім Тілеужанова, қоғам белсендісі; Жанат Нұрқышев, қоғам қайраткері, заңгер; Мирболат Мырзатайұлы, желтоқсандық-журналист; Ғабиден Жәкей, «Ұлы Дала» бірлестігінің жетекшісі; Нұржан Ошанов, қоғам белсендісі; Ырысбек Тоқтасын, қоғам белсендісі; Тимур Тоқсейітов, заңгер; Сүйіндік Алдабергенов, қоғам белсендісі және т.б.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн