ПОЛИЦИЯНЫҢ ҚОРЛЫҒЫ ӨТТІ

37-нің ызғары халықты қорлап, қарып барады…

Еліміз егеменді болса да, биліктегілер сол баяғы қорқыту, үрей туғызу әдістерін жалғастыруда. Оның дәлелі кешегі – 2018 жылы 16 желтоқсандағы тоталитарлық режимнің әрекеті…

Мені 16 желтоқсанда сағат таңертеңгі сағат 8.40-та үйден шыға бере, бассейнге кетіп бара жатқан жерімде Алмалы ауданының учаске капитаны С. Шалғымбаев пен аға лейтенант Салабаев Кәрім және тағы 3 полиция – барлығы 5 полиция мәжбүрлеп, еркімнен тыс, мал секілді сүйрелеп, бесеуі жалғыз маған жабылып, қолыма жарақат салып, борт нөмірі «53» автокөлігіне мыжғылап тықты. Әйелімнің қолын бұрап, оны өз үйіне кіргізбей, есікті жауып жалаңаш суықта ұстады.

Түстен кейін әкімшілік сотқа апарды: «Полицияға қарсылық көрсеттің, курткасын жырттың» деп. Мені сүйреп, жанталасып жүргенде, Шалғымбаевтың қолтығы сөгіліп кетіпті. Ал олар «шаш ал десе, бас алу» әдісімен жандайшаптық, жендеттік әрекетке барып, бастығына жағыну үшін жан алып, жан бергендей, менімен алысты. Тігісінен сөгілген курткаға полиция – өздері жалған сараптама жасап, мені айыптады. Сотта олар өздерінің жендеттік әрекеттерін дәлелдей алмай, бастығымыз бұйырды деп ақталды.

Неге кейбір полициялар 37-нің жендеттерінен аумайтын қызметтік биліктерін пайдаланып, өз ұлты азаматтарының жағасынан алып, үндерін өшіруге тырысып, «өз анасына өзі шабатын хайуан» секілді сорақы қылық көрсетеді?

Ал бастықтары – АПБ ЖПҚ бастығы, майор Абдығалиев Рүстем мен тергеу бөлімінің бастығы Беймбеков Айдарбек.

Беймбеков Айдарбек мені тіпті танымай, көрмей тұрып, кемсітіп, «әлгі шал қайда» дегенін қалай түсінуге болады? Бұл «кеудесіне нан піскен», өзін өзгелерден жоғары санайтын жендеттің қылығы. Бұл жерде ол ҚР ішкі істер органдары қызметкерлерінің Ар-намыс кодексінің 3-тармағында көрсетілген «жеке және заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге, оларды бұзу іс-әрекеттеріне жол бермеуге міндетті» деген талапты орындамай, өздерінің қызметтік биліктерін асыра пайдаланып, қызметтік қылмыс жасады. Өздеріне тәуелді полицияларды лауазымдарын пайдаланып, құқық бұзушылыққа итермелеген.

Майор Абдығалиев Рүстеммен арада бас араздығымыз бар. Мен оның қызметтік жалғандық жасағанын және оның бастығы, Алмалы ауданының бастығы Меңдібаевтардың үстінен шағымданғанмын. Меңдібаев бірінші басшы бола тұра, жазған 6 реттегі шағымыма заң талабына сай жауап та бермей, менсінбеушілік танытып, лауазымын бұлдап, билігін асыра пайдаланды. Міне, жұрттың құқықтарын, бостандықтарын қорғауға тиісті басшылар өздері қызметтік биліктерін арқаланып, қол астындағы полицияларды маған қарсы айдап салып, менен осылай өш алмақ болған.

Мені тергемек болған аға лейтенант Өтепбаев Қылышбек менің адвокат шақыртқан талабыма пысқырып та қарамады. Менің қатысым жоқ, маған белгісіз «қылмыстық іске» куәсіз деп, алдап шақырып, оның кімге қатысты екенін де айтпай, бет албаты сандырақ сұрақтар қойып қорлады, жалған хаттама толтырып, ҚР ҚК 416-бабындағы қылмысты өзі жасады. Маған қолымдағы мәжбүрлеп әкелу барысында полициялар салған дене жарақатын дәрігерлік сараптамадан өткізу үшін арнайы жолдама талап еттім. Ол алдап, әне берем, міне берем деп бермеді.

«Мемлекеттік билікке қарсы емессіз бе?» – деп сұрақ қойды. Мен «мемлекеттік билік үш тармақтан тұрады, қайсысын сұрап отырсыз?» деп едім ашуланып, маған қоқан-лоқы көрсете бастады. Сөйтіп, заңнан мақұрым, тек «адамдарға қарсы бұйрықты» орындайтындар мені бесеуі жабылып, сотқа апарды.

Президент жақында министр, генерал-полковник Қасымовты мұқым елдің көзінше «порядочный, грамотный полицейский…» деп еді. Ал осы «порядочный» министрдің кадрлары «не порядочный, безграмотный» екенін жұрт жақсы біледі. Министр мырза, президенттің өзіңізге берген бағасын ақтамайсыз ба?

Маған әкімшілік сотында өзі сатылмайтын, қорғайтын адамын сатпайтын адвокат кезікті, оның есімі – Мұстапаев Алим деген нағыз білікті азамат екен.

Бояуов Жандос есімді ақиқаттан аттамайтын, «қисық көшеде түзу жүре алатын», тек заңға ғана бағынатын, бұрын жарты ғасырдан астам өмір сүрсем де, кезіктірмеген прокурорды жолықтырып, түс көргендей болып жүрмін. Мен білетін прокурорлар, судьялар жағымпаз, көпе-көрінеу өтірік шешім шығаратын, сауатсыз, жалтарма жауап беретін «қасқалар» еді.

Мені сот кінәсіз деп тауып, істі қысқартты, 12 сағат ұстап, кешкі сағат 9.00-де үйіме жіберді. Сөйтіп, биліктің жандайшаптарымен 12 сағат бойы заңсыз әрекеттерін жоққа шығарып, «қарусыз шайқастым». Судья да мен білетін өзге судьялар секілді заңға қарсы шықпады.

Есенғазы ҚУАНДЫҚ

Республиканский еженедельник онлайн