Президенттің КӘСТӨМІ қай қазаққа жабу болады?

Президенттің «колхоз жиналысында» жолдау еткен сөзінде күлетін де, жылайтын да жер аз емес шығар: үміт қылып тыңдаған жұрт бағасын берер. Бірақ сол жұрттың «қышыған жеріне» тұз сепкен екі жағдаятты жөн қалдырудың реті болмады.

Біріншісі – «пора заняться товарами народного потребления» деді (сөзі орысша болған соң, оны қазақшалау қажет пе еді?). Бұған дейін жөні түзу тауар түгілі, кәдімгі күректің сабын шығармайтынымызды өзі мойындады. Түнеу күні шетелден келген құдаларға қазақстандық кәстөм кигізсем деп, Алматының барахолкасын шыр айналдым: тапқаным – бізге жақын қырғыздың кәстөмі. Тіпті пүліш матадан тігілген той-шапанның тәуірін тек қырғыздар шығарады екен.

Қазақтың қолынан шыққаны – удай қымбат. Нарықты сыртқы импорттан қорғау қабілеті жұрдай елдің кәсіпкері өзгенің шикізатына тәуелді болса, тіккен шапаны қымбат болмай – қайтсін?!
Ал президенттің өзіне қазақстандық кәстөмді кім кигізіп жүр екен? Шамасы, жандайшап шабармандары этикеткасы мен тауар белгісін «Сделано в Казахстане» деп өзгертіп, «Брионидің» кәстөмін «тігіп» берген болуы керек. Әйтпесе жөні түзу қазақстандық кәстөм болса, былайғы жұрт түрік пен қытайдың қалдығына зар болмаса керек-ті. Президенттің жалғыз кәстөмі қай қазаққа жабу болмақ?

Екіншісі – «доходы растут тогда, когда человек сам трудолюбив» дейді. Көкем-ау, екі қолына бір күрек таба алмай жүрген қай қазақ «трудолюбив» болғысы келмейді? Алдымен сол қазаққа жұмыс тауып бер – содан соң оның қандай «еңбексүйгіш» екенін (немесе керісінше) бағала! Ай сайынғы ресми статдеректе жұмыссыздықтың мөлшері 4,8–4,9 пайыздың о жақ-бұ жағынан аспайды. Ал бейресми деректер бойынша, біздегі жұмыссыздықтың мөлшері 23–25 пайыздың төңірегінде. Осындай жағдайда қазақ қалай «трудолюбив» болсын?! Базардың бұрыш-бұрышында ұрланып бәліш сатуға мәжбүр болған қатын-қалашты бықпырт тигендей қуалайтын Қасымовтың полицайлары «еңбексүйгіш» болғысы келген елдің еңірегенін ескеруші ме еді?

Ермұрат БАПИ

(медиа-проект «DAT» №36 (448) от 11 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн