Путин іріткіге БЕЛГІ БЕРДІ

  • Ресей президенті Владимир Путин 18 наурызда, Мәскеуде, Лужники стадионында Қырым аннексиясының жеті жылдығына арналған концертте Совет Одағы құрамында болған елдерге Ресейдің жер беріп, «мол сыйлық» жасағанын, соның салдарынан көптеген территориясы мен геосаяси кеңістігінен айырылғанын тағы да айтты. 

Өзін «Ресей жерін жинақтаушы» образында көрсеткісі келетін ол бұл тақылеттес пікірлерді тығырыққа тірелген, президенттік рейтингі төмендеп бара жатқан кезде айтатын. Ал мұндай сөздер Ресейдің империялық амбициясы мен ұлыдержавалық шовинизмін ту ететін күштерге отқа май құйғандай әсер ететін. 2014 жылы Қырымды басып алуы, одан кейін Украинаның Луганск мен Донецк облыстарындағы сепаратистік (іріткішілдік – Ред.) әрекеттер ұйымдастырып, әрі қолдаған тұсында Путиннің орыстар мен орысқұлдар арасында рейтингісі көтерілгені анық.  Қазір жан-жақтан санкциялар қысқан тұста өзінің үйреншікті дағдысына тағы басқаны әлгі сөзінен байқалады. Басқа – басқа, бірақ осындай басқыншылық пиғылы көбіне нақты әрекеттермен жалғасып жатады.

Мұны өз басым Қазақстандағы сепаратистік пиғылдағы күштерге берілген белгі деп қабылдаймын. Кейінгі кезде түрлі жазбалардан, «Уатсап» бейнебаяндарынан «НОД» дегенді естіп жүрміз. Іс-әрекеттері жер астынан жік шығарғандай. Бұл өзі не қылған пәле? Осыны тереңірек зерттеп көріп, төбе шашым тік тұрды.

«НОД» – «национально-освободительное движение» деген тіркестің аббревиатурасы, қазақша айтқанда, «ұлт-азаттық қозғалысы» болып шығады екен. «Русский мир» идеясының рухани жоқтаушысы. 2012 жылы қараша айында құрылған. Заңды тұлға мәртебесі жоқ, жартылай жасырын жұмыс істейді. Түпкі нысаналары – Ресейді ұлттық (орыстық) бағытқа көшіру, империяның 1945 жылғы шекарасында (СССР аумағында) үстемдігін қалпына келтіру.

Бұлар Ресей заңдарын әлем таныған халықаралық құқық нормаларынан жоғары қою, мемлекеттік идеологияны тоқтату, СССР-дің ыдырауын тергеу мақсатында Ресейдің қолданыстағы Конституциясына өзгерістер енгізбек. Сол үшін референдум өткізуге шақырған қол жинау науқанын жүргізіп жатыр. Көсемдері Евгений Федоров деген Мемдума депутаты. 

Қозғалыстың «Национальный курс» деген өз партиясы бар. 2014 жылғы наурыз айынан бері «НОД: За суверенитет» деген газеті шығарылады. Бұл қозғалыс 2015 жылы /Украинадағы/ «Антимайдан» қозғалысымен қойындасқан. «НОД» ресейлік күштердің Қырымды аннексиялау, Украина аумағында қуыршақ «Новороссия» мемлекетін құру сияқты басқыншылық әрекеттерін қолдады. Адамдарын жіберді. 

«Қозғалыстың» бүгінде бүкіл Ресей бойынша аумақтық жүйесі жұмыс істейді. Қазір Беларусь, Молдавия, Украина, Әзірбайжан, Канада, Финляндия, Эстония, Чехия, Германия елдерінде жақтастары бар.

Ал олар үшін Қазақстан – майшелпек. Олар Қазақ елін әрқашан өз ықпалында ұстауды қалайды. Кейбіреулері «Біз Қазақстанның тәуелсіздігін іс жүзінде мойындамаймыз!» деп, ашықтан-ашық айтып жүр. Бұрынғы әскери қызметкер Қуат Ахметовтың айтуына қарағанда, қазір «НОД»-тың Өскеменде, Павлодарда, Қостанайда, Алматыда, Қапшағайда бөлімшелері белсенді жұмыс істейді. Тіркелмеген «НОД» ұйымының офистері «Бессмертный полк» штабтарында орналасқан. Бірқатарының қос азаматтығы бар. Казачество ұйымдары іс жүзінде «НОД»-тың әскери құрылымдарының қатарында. «Кустанайское казачье войско», «Семиреченское казачье войско» деп ресми тіркелген ұйымдары апта сайын шіркеулерде бас қосады. Екі аптада бір рет «стрельбищеде» атыс жаттығуларын жасайды. Бұларға кейбір ауған соғысы ардагерлерінің ұйымдары іш тартады. 

Қазақстанның солтүстік өңірлеріне көз алартқан Ресей империалистері ертең сөзден іске көшсе, «іштен шыққан жау жаман» демекші, бұлар үлкен қауіп. Құқық қорғау құрылымдары, бүкіл Қазақстан халқы мұндай сепаратистік пиғылдағыларға тосқауыл қоюы қажет!

Марат БӘЙДІЛДӘҰЛЫ

(Тоқашбаев), жазушы-публицист

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн