Ресейге байланған Қазақстанды ДЖО БАЙДЕН ЖАРЫЛҚАЙ МА?

  • АҚШ президентінің тағына Джо Байден отырған соң, әлемдік геосаяси жағдайға, әсіресе Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) пен Ресей призмасы арқылы Қазақстанға деген америкалық көзқарас қандай бағытта өрбуі мүмкін? «ДАТ»-тың өтініші бойынша осы сұраққа әлеуметтік желінің белгілі блогері Бекболат Қаржан жауап іздеп көрген еді.

Бәрінен бұрын бұл одақтың, расында да, экономикалық мүмкіндіктері мен одақ нарығындағы Қазақстанның жағдайына ой жүгіртейік. Шын мәнінде, бұрынғы одақтас республикалардың біразын «бауырына басқан» бұл одақтың астарында Ресейдің саяси әрі экономикалық мүддесі тұрғаны о бастан мәлім еді. Оны «экономикалық одақ» деуден бұрын, Ресейдің саяси-империялық амбициясын көздейтін «саяси одақ» деген дұрыс. Кешегі посткеңестік елдерге күні бүгінге дейін шовинистік пиғылмен қарайтын Ресей бұл одақты Батысқа «жұдырық көрсетудің» амал-аспабына айналдырды. Алғашында Ресеймен шекаралас өңірлердің экспорттық әлеуеті мен шағын және орта кәсібінің дамуына, қазақстандық кәсіпкерлердің одақ елдері нарығына өз тауарларын өткізуге кең мүмкіндік жасайды деген дабыра желбуаз болып шықты.

ЕЭО шеңберінде Қазақстанға шетелдік кәсіпорындарды, олардың өнімі мен қызметін тарту, оларға салық мөлшерін төмендету шаралары жасалды. Бір қызығы, Қазақстан жағы осы одақ көлемінде елдегі шетелдік компанияларды корпоративтік табыс пен жер салығынан 10 жылға босатып, басқа да қосымша мүліктік салықтарға жеңілдік жасап, қорғаштап-ақ бақты. Оның үстіне шетелдіктер салған өндірістік нысандарды пайдалануға бергеннен соң, мемлекет олардың 30 пайыз капиталдық шығынын өтеп, шетелдік жұмыс күшін бір жылға дейін шектеусіз шақыруға мүмкіндік жасады. Шетелдік инвесторлардың салық режимінің тұрақтылығына кепілдік беру жөніндегі заңға сол кездегі президент Н.Назарбаев қол қойды.

Дегенмен, Қазақстанның араб елдері сияқты шетелдік компанияларға қатаң талап қойып, салықты халықаралық категориямен төлетуге неге біздің қауқарымыз жетпейді? Одақ шеңберіндегі шетелдіктерге мүмкіндік жасалғанда, отандық компаниялардың мүддесі неге желінуі тиіс? Бұл сұрақтардың астарында тағы да ресейлік биліктің «тізе батырған» мүддесі жатқаны айдан анық.

Мәселен, біздің елдегі шетелдік кәсіпорындарға салынатын салық мөлшері Беларусь пен Ресейге қарағанда едуәір төмен болды. Енді Қазақстан өзінің экспорт тауарларын Еуропа немесе Батыс нарығына шығару бағытында да Ресейге тәуелді болып қалды. Алғашында біздің биліктегілер ЕЭО – Қазақстанның шетел нарығына шығатын «терезесі» болады деп, қоғамды алдарқатқан еді.

Бірақ қалай десек те, ЕЭО шеңберіндегі нарыққа жаһандық өзгерістер әсер етпей қоймады. Атап айтсақ, Батыстың экономикалық санкциясы Ресей түгілі, әлемнің екінші экономикасы атанған Қытайды да шайқалтып жатыр. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Джо Байденнің тұсында батыстық санкциялар жаңа, бұрынғыдан да күшті форматқа көшуі әбден мүмкін.

Ал Батыстың экономикалық санкциясына ЕЭО қарсы тұруға оның экономикалық әлеуеті жетпейді. Себебі бұл одақ аса көп жағдайда экономикадан бұрын, шовинистік пиғылдағы Ресейдің мүддесіне жұмыс жасайды. Ал өз кезегінде Ресейге салынған санкцияның салмағы Кремльмен барлық тарапта тығыз байланып қалған Қазақстанды да оңдырмайды. Оның үстіне біздегі өндіріс дайын өнім шығарудан бұрын, барлық экономикалық сектор шикізат саудалауға байланып қалған. Ал әлемдік нарықтағы мұнайдың құны судың бағасымен теңескен жағдайда тұр. Қазба байлығы жете тұра, өндірістік әлеуеті нашар ел өзінің ішкі нарықтық бәсекесін қалыптастыра алмай отырса, ол қалайша сыртқы нарықтық бәсекеге шықпақшы? Ішкі нарықтық бәсеке өз дәрежесінде қалыптаспаған соң, қалайша біз одақта өз мүддемізді қорғап қала аламыз? Бұл – экономикалық абсурд. Міне, сондықтан да ЕЭО-да саяси да, экономикалық мүддесі жағынан да Ресейдің басып кетіп отырғаны ап-анық.

Статистикалық агенттіктің ақпары бойынша, ЕЭО нарығына кіргенге дейінгі (2012 ж.) Қазақстанның кедендік одақпен өзара саудасы 1,4 пайызға артқанымен, экспорт 5,9 пайызға кеміп кеткен жағдайда едік. Ал одаққа кіргеннен кейінгі Қазақстанның Ресеймен саудадағы үлесі (2017–2019 жж.) барынша төмендеген.Бұл көрсеткіш 2012 жылы 17,7 млрд доллар болса, соңғы жылдары 12 млрд долларға жетер-жетпес. Себебі ішкі өндірістік нарықта экономикалық бәсеке болмаған соң, сыртқы нарықта да Қазақстан өз позициясынан айырылды.

Соңғы бірер жылда «жылы жабылған» Қазақстанның ЕЭО құрамында жүріп, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіремін деген талпынысы тағы да далбаса. ДСҰ-ға мүше болған әрбір елде мемлекет ішкі нарықтағы бәсекеге қабілетті жеке компаниялар мен өндірістік секторларға ауыз сала алмайды. Еркін нарықтық бәсекені заңмен қамтамасыз етіп, жұмыс жасауына қолайлы механизмдер жасап отырады. Бұл өркениетті елдердің ғана тірлігі.

Ал егер біз ДСҰ-ға кірсек, мынау тоқыраған одаққа – бір, ДСҰ-ға – екі жалтақтап, ішкі нарықты одан ары құлдыратып алу қаупі асқынады. Бізде халықаралық деңгейдегі өркениетті елдердегі сияқты фритредерлік саясат (мемлекеттің жеке өндіріске араласпауы – Ред.) атымен де, затымен де жоқ. Экономикасы өркендеген капиталистік елдердің ішкі және сыртқы нарығына сауда еркіндігі мен фритредерлік идеологиялық саясат барынша ықпал етті. Біз болашақта сол сатыға шықпай, қуатты ел бола алмаймыз. Ал ЕЭО құрамында бола тұрып, фритредерлік идеологияны іске асыру тіпті де мүмкін емес. Бұл енді тіпті басқа әңгіме.

Еуразиялық одақтың сыртқы геосаяси сипаты қандай деген сұраққа келер болсақ, ЕЭО құрамында жүрген мемлекеттердің арасында шынайы достық пен әділ теңдік жоқ екенін, нақты тәуелсіз елдердегідей мүдде бөлінісі болмайтынын, ЕЭО-ны Батыстың санкциясы тоқырауға алып келетіні жайында көптеген аспектілер бар. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, Батыс (АҚШ пен Еуроодақ) посткеңестік елдерді экономикалық санкциямен-ақ бөліп тастайды. Себебі шын мәнінде ЕЭО-ға мүше елдер Ресейдің ырқынан тыс ешқандай да экономикалық мәселелерді шеше алмайды.

Осындай қатерді алдын ала болжаған Молдава, Украина, Грузия үшеуі ЕЭО құрылар алдында Еуроодаққа қарай бет бұрып кеткен еді. Ресей сол кезде «жұдырығын жең ішінде жасырып қалған». Алдымен Украина мен Грузияға тауарлық баж салығын арттырып тастады. Соның салдарынан Ресейдің Украинамен арадағы сауда қатынасы 23 пайызға құлаған. Дәл сол кездің өзінде-ақ ЕЭО болашағының бұлыңғыр болатынын экономикалық сарапшылар болжап қойған еді. Себебі Ресейдің тізе батыруы салдарынан ЕЭО нарығында бәрібір еркін сауда айналымы мен бәсеке болмайтыны болжанды. Бұл шын мәнінде Кеңестер Одағының «екінші рет құлауы» деген сарапшылар да болды.

Ал егер АҚШ-тың жаңа әкімшілігі жағдайында ЕЭО-ға қарсы салынатын Батыстың санкциясы турасында айтар болсақ, Қазақстан Ресеймен бірге құжыраға құлауы әбден мүмкін деген долбар бар. Мәселен, ЕЭО-ға қарсы Еуроодақ мен АҚШ-тың ең алғашқы тұтыну тауарлары бойынша салған санкциясы Еуразиялық одақтың нарықтық мән-мағынасын өшіріп тастады. Себебі Ресейге қарсы Батыстың санкциясын құрамында Қазақстан бар ЕЭО-ға қарсы экономикалық санкция деп қабылдау қажет.

Ал Джо Байденнің президенттік тұсында бұл санкциялардың тұзағы тіптен тарыла түсуі әбден мүмкін. Себебі Ресейге салынған санкция кезінде Кремль Қазақстан мен Беларусьті үнемі қалқан-құрбан қылып отырмақ. Ресеймен бірге санкция салмағынан қайысатын да осы екі ел. Ресей әдеттегідей, санкция кезінде Қазақстан мен Беларусь тауарларын Еуропа мен Батыстың нарығына өткізбеуге тырысады. Соның салдарынан Қазақстан мен Беларусь Ресеймен қатар санкцияның ауыртпалығын тең көтереді. Бұл Қазақстан мен Беларусьтің Еуроодақ және АҚШ-пен сауда қатынасында көптеген келеңсіздіктерді туындатады. Бірақ Астана мен Минск бәрібір Мәскеумен санкция астында жұмыс жасауға әрекеттенді. Бұл екеуі өзінің экономикалық әрі саяси амбициясын осылайша Ресейдің құрбандығына береді. Ал АҚШ пен Батыс болса, Ресейдің «сыбағасын» беру жолында Қазақстан жапа шегеді деп қиналмайды. Глобалдық геосаяси соғыстың жарқыншағы экономикалық әлеуеті әлсіз Қазақстанды құртып тыну қаупі осы арада асқынады.

Кеше ғана президенттік тағына жайғасқан АҚШ-тың «су жаңа» президенті Джо Байденнің Washington Post газетіне берген сұхбатында: «Ақ Үй Кремльге қатысты бұрынғы позициясында қалады және Кремль өткен уақыттардағы агрессивті әрекеті үшін жауап береді. Біз Кремльдің барлық қадамдары мен агрессивті әрекеттерінің барлығын бақылаумен келдік», – деген еді. Сол сес көрсетудің нақты дәлелі – Ресей үшін аса маңызды «Солтүстік ағын» (Северный поток) газ құбыры жобасын жауып тыну болды. Алдағы уақытта Ресейге кері көзқарастағы Джозеф Байден санкциялық соғыстың жаңа манёврін көрсетеді. Яғни, бұл «санкциялық соғыстың» салдары Еуразиялық одаққа, оның ішінде Қазақстанға міндетті түрде аяусыз ауырлық алып келеді.

Еуразиялық одақ қойылымында басты рөлді сомдаушы геосаяси ойыншы Ресей мен Путиннің императивті-агрессиялық саяси амбициясын жаншу үшін АҚШ барлық экономикалық тетіктер қарастырып отыр. Қазақстан мен Беларусьтің билігі бұл одақтың басты ойыншысына жалтақтап қарап, өзінің саяси әрі экономикалық мүддесін құрбандыққа шалуға мәжбүр болады. Ал мұндай мұқтаждықтан құтылудың жалғыз ғана жолы бар, ол – Еуразиялық одақ құрамынан шығу. Бірақ оған тоқаевтық-назарбаевтық қышыр жете ме, жоқ па – бұл келесі тақырыптың әңгімесі болмақ.

Бекболат ҚАРЖАН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн