Рысбек Сәрсенбай: Мені сайлаушылар тізімінен ШЫҒАРЫП ТАСТАҢЫЗ!

  • № 861 учаскелік сайлау комиссиясына Талғар ауданы Тұздыбастау ауылы Д.Нұрпейісова көшесі, 24-үйде тұрушы Рысбек Сәрсенбайдан Сайлаушылар тізімінен шығару туралы ӨТІНІШ (ықшамдалып жарияланды).

2021 жылғы 10 қаңтарда болатын ҚР Парламенті мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына жария түрде қарсылық білдіремін. Оған мынандай себептер бар:

– тәуелсіздік алған жылдардан бергі сайлаулардың бірде-біреуі әділетті, таза өткен емес; заң бұзушылықтармен, дауыс беру нәтижелерін билік партиясының пайдасына қарай үнемі бұрмалаулармен өткізілді;

– соның салдарынан «Отан» кейін «Нұр Отан» атанған партия басым көпшілік болған парламенттің қабылдаған заңдары демократияны орнықтыруға емес, авторитарлық жүйені қалыптастыруға және нығайтуға қызмет етті;

– әлеуметтік, экономикалық, құқықтық салаларға байланысты заңдар дамуға, ілгерілеуге жәрдемдесе алмады, керісінше, халықтың кедейленуіне, өндірістің, ауыл шаруашылығының тоқырауына, игіліктердің әділетті бөлінбеуіне апарып соқты;

– Жер туралы заң оны шетелдіктердің меншіктеуіне жол ашты, халық арасында толқу туғызды, мораторий жарияланғанымен, ол мәселе әлі күнге шешімін таппады;

– қисық заңдардың салдарынан ұлт патриоттары түрмеге қамалды, саяси қудалаулар үдей түсті, ал бұған парламент немқұрайлы қарап отыр;

– Қазақстан жемқорлық бойынша әлемдегі елдер арасында алдыңғы орында, алайда сыбайластар жиналған парламент оны жоюдың пәрменді тәсілдерін заңдастыруға ынтасыз және қабілетсіз;

– мүгедектердің, көп балалы аналардың жағдайын тіптен ауырлатқан, жазықсыз жазалауға, айыппұлдар төлетуге, азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеуге негіз болған құбыжық заңдар наразылықтарды өршітті;

– жеке адамның билікті иемденіп кетуіне, қандай қылмыс жасаса да, жауапкершілікке тартылмауына жол ашқан, Конституцияға қарсы заңдардың бәрі – сайқымазақ сайлауларда сайланған депутаттардың ісі;

– Жаңаөзен мен Шетпеде бейбіт адамдарды атып өлтіргендер мен оларға тапсырма бергендер лайықты жазасын алған жоқ, адамзатқа қарсы жасалған аса ауыр бұл қылмыс туралы депутаттар мәселе көтермеді, өздеріне мандат бергізген қожаларының құлына айналды; халықтың төгілген қаны мен көз жасы, қайғы-қасіреті үшін жауапкершілік, басқалармен бірге сондай сорақы сайлауларды өткізгендердің де мойнына ілінеді;

– қазіргі қолданыстағы, бұрынғы президент Н.Назарбаевтың өз жарлығымен 1995 жылы 28 қыркүйекте қабылдаған «Сайлау туралы заңы» заңсыз және легитимді емес, өйткені жаңа Конституция бойынша президенттің ондай конституциялық заң қабылдауға құқығы болмаған. Заңсыз саналатын заңды пайдаланып сайлау өткізудің өзі заңсыздық!

– мәжіліс пен мәслихатқа депутаттыққа тек партиялық тізімдермен сайлау, Қазақстан халық ассамблеясына 9 депутатты сайлауға артықшылық беру, сайланатындар арасында кемінде 30 пайыз әйелдер мен жастардың болуын міндеттеу – Конституцияға қайшы, азаматтардың құқығын шектеушілік, әлеуметтік, нәсілдік, жыныстық, ұлтаралық араздық туғызатын жайттар;

– Орталық сайлау комиссиясының төрағасын қызметке президенттің тағайындауы, екі мүшесін ұсынуы демократиялық ұстанымға жатпайды. Сайлауға түскен партияның көшбасшысымен және сол партиядан депутаттыққа үміткердің бірімен құдалық қатынастағы адамның ОСК басшысы болуы – сыбайластықтың нақ өзі.

Міне, осындай нақтылы себептерге байланысты мен «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», Конституцияға қайшы келетін, миллиондаған азаматтардың құқықтарын шектейтін заңдар негізінде болатын бұл сайлауды – сайлаушыларды алдау, мазақтау әрі қорлау деп есептеймін. Сондықтан менің аты-жөнімді сайлаушылар тізімінен дереу алып тастауды, оны кейін басқаша пайдаланбауды өтінемін.

Рысбек Сәрсенбай,

5 қаңтар 2021 жыл

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн