РӘМІЗДЕР МЕРЕКЕСІ

қалай аталып өтуі керек

Ұлт туы,

Ұлт таңбасы,

Ұлт ұраны,

Сен десем, қан тасытар жыр туады. 

Кең байтақ Отанымның әр түкпірі 

Бүп-бүтін көз алдымда құлпырады.

Ұлт туын, Ұлт ұранын, Ұлт таңбасын 

Көтерген көк аспаным бұлттанбасын! 

 Ертіс бойындағы тау төбесіне тігілген Көк ту осынау жерұйықтың қақы иесі кім екенін әйгілейді. Тау желімен жайыла шалқып, оған қараған қазақтың еңсесін көтеріп қанын тасытады; жауын жасытады.

 Шығысқа жолымыз түссе, Өскемен шаһарының өрінде – мың метр биікте желбіреген алып тудың түбіне көтерілмей кетпейміз. Әкемізге сәлем беретін кісідей әдейілеп келеміз.

 Биікте шалқыған Қазақ туы. Оған қарағанда, маңдайың көкті сүйеді. Оған қарағанда, Отанның дидарын танисың. Оның лапылдаған дауысынан азаттықтың үнін естисің. Оның түбінде Тәуелсіз Тұтас ұлттың келбетін көресің. 

 Ту – Ұлт рухы. Көк ту – Қазақты біріктіруші құбылыс. 

 Біздегі мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар оны ұлтты біріктіруші құбылыс ретінде жете бағаламайды. Немесе ұлтты біріктіргісі келмейтін сыңайлы.

 Саяси науқандарда ғана жалаулатып, әндетіп, әлем-жәлем жасайды да, науқан бітіп, ұпай түгенделген соң, жиып тастайды, тиып тастайды. Келесі науқанға дейін ту да, туды әспеттеген асқақ әуендер де әдірәм қалады.

 Халқы отансүйгіш елдердің ең қастерлейтін мүлкі – мемлекет туы. АҚШ та, тіпті туысқан Түркияда да жыл сайын 4–5 миллион ту тегін таратылады. Әр үйдің төбесінде — төрінде, самалдығында самсаған ту. Қытайда күн сайын тәңертең-кеш әр маһалла ту түбіне жиналып, ән ұран орындайды. Бір кісі шет қалмайды. Мешіттің төріне дейін ту тігіп қойған. Бұтқанасына кірген жоқпын. Оның да төріне ту қойған шығар.

 Ту кез келген қазақтың қанын тасытады. Өскеменде өрде тұрған туға бізді бастап көтерілген Қайрат Нұрсайынұлы мен бірге барған Болат Аханның да көзі мөлдіреп, бізбен бірдей тебіренгенін байқадық. Айтпақшы, жас әкім Жақсылық Омар мырзаның да бұл маңға бір келіп кеткенін қалар едік. Себебін барса білер. Қалқаман ақынды шақырсақ, қалада жоқ екен. 

 Бұл туды (суретте) қарасаң, бөркің түсердей, биікке тіккен Бердібек Сапарбаевқа да бек ризамыз. Өскемендегідей өрде тұрмаса да, бұл көлемді ту тұғыр үлкен қаланың барлығында бар. Бірақ түбіне топтасып тоқтаған жұрт байқалмайды. 

 Алда – 4 маусым. ТУ КҮНІ – Қазақ рәміздері күні. Бүкіл Қазақтың туын қастерлейтін бір-ақ күн (365/1). Өзі жексенбіге түсіп тұр. Былтырғы жылы бұл мереке референдумның релісінде қалып қойып еді. 

 Осы мерекеге бір ай бұрын дайындалсақ ше? Мерекелеуге бір апта қалғанда, Көк туымызды көтеріп жүрсек ше, тойлай бастасақ ше? Ту көтерген қолымыз талып кете ме?

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,

ақын

ШЕРЛІ ШЕРУ –

зейінді заман зердесі

  • Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

20 жыл бұрын, 31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. 1920–1933 жылдар аралығында жасанды ашаршылықтың салдарынан Қазақ ұлты 70 пайызға жуық халқынан айырылды ( Әлихан Бөкейхановтың статистикасына сүйенер болсақ). Жалпы саны 4 млн-ға шамалас, 300 мың тұрғыны бар 13 облыстық қаланың халқы жан түршігерлік азаппен аштықта қырылды!

1930-жылдардың аяғында тағы бір сұмдық соққы болды. 25 мыңға жуық Қазақ зиялыларына өтірік айыптар тағылып, соның негізінде ату жазасына кесілді, яғни ұлттың бүкіл ойшыл қауымы дерлік жойылды! Қазақ ұлтының 2/3 бөлігі аштықтан қырылса, он жыл өтпей, бүкіл ойшыл интеллигенциясынан айырылды. 

Қазақта: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Демек, біздің қасиетті борышымыз – құрбандарды еске алып, қолдан келгенше сол уақыттың қайғысы мен қасіретін ұғыну және олардың құрметіне аза тұту. Өйткені ұлттың үштен екісін қолдан ұйымдастырылған аштықтан өлтіру, одан кейін ұлт зиялыларын жаппай қыру – Қазақ халқын психологиялық тұрғыдан нағыз мүгедекке айналдырды. Аштыққа оралған ұлы даланың кейбір тұрғындары өз балаларын жеуден тайынбады, ұрпақты сақтау үшін аналар қыздарын азық етті, ал әкелердің аштықтан туындаған мәңгүрттіктің тұманында не істеп, не қойғанын айтуға ауыз бармайды. Көбі жанын сақтау үшін шекара асуға тырысты, бірақ оларға қызыл әскердің қарша бораған оғы тосқауыл болып, ұлы далада миллиондаған жан көмусіз қалып, ит пен құсқа жем болды. Амалсыздық ұлт санасында көнбістік туындатты, ал көнбістік жалқаулық, арамдық, сатқындық, тағысын тағы сияқты, біздің ұлтқа жат ең жиіркенішті қасиеттерді бойымызға енгізді. 

Дүниежүзілік тарихта бұрын-соңды болмаған қасіретті ұғыну, халқымыздың Тәуелсіздігі үшін қандай сұмдық баға төлегенін түсіну үшін аса маңызды! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жолында құрбан болған Алашордалықтармен қатар, аттары тарих бетінен жойылып кеткен құрбандарға тағзым ету – біз үшін парыз! Онсыз біз бақытты болашақ құрамыз деп айту жалған! 

Ұлт санасының қараңғы тұңғиығына жасырынып, қоғамның бір бөлігіне айналған, орасан зұлматтың салдарында пайда болып, ірің сынды ұлттың болашағына, қасіретін күнделікті тигізіп отырған тарихтың қорқынышты беттеріне тиісті баға берілмей, оның емін табу мүмкін емес. Демек, жарқын болашаққа апарар жолды да шел басқан ауру көзбен көру мүмкін емес! 

Өкінішке орай, елдің бұрынғы басшылығы бұл жалпыұлттық қасіретті елемеді, тым болмағанда 32 жылда бір рет Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, марқұм ата-баба рухына бір минут үнсіздік арнау үшін әуре болмады! Одан қалды, Тәуелсіздігіміз бен Азаттығымыз үшін құрбан болған Қазақтың соңғы ханы Кенесарының қорланған басын әлі қайтара алмаудамыз! 100 мың қазақстандықтың Ресей Федерациясының басшылығына жасаған үндеуіне қарамастан, хан басын қайтаруға әрекеттеніп жатқан билік көрінер емес. Осыдан кейін қандай әруақтың ризалығы туралы сөз қозғауға болады, біздің ар мен намыс, еркіндік пен тәуелсіздікке моральдық құқығымыз бар ма деген сұрақ орын алады! 

31 мамырда өтетін аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг пен қаралы (зарлы) шеру өткізуді ұйымдастыру ұжымының атынан Сізге ҮНДЕУ:

1) Қуғын-сүргін құрбандарына ғана емес, аштық құрбандарына да жаңа Мемлекеттік Ұлттық аза тұту күні қабылдансын. Бұл күні Қазақтың құрбандарын еске алып, аза тұту шараларын лайықты түрде өткізіп, зиярат жасап, балаларды Алашордашылардың мұражайына апарып, оларға ұлттың қасіреті мен қайғысын түсіндіріп және ондай жағдайдың қайталанбауы үшін тарихи-тәрбиелік шаралар өткізу керек. 

2) Қалаларда көлік қозғалысы толықтай тоқтатылып, бүкіл ел бойынша ресми түрде бір минуттық үнсіздік жариялансын.

3) Сізге Мемлекет басшысы ретінде Астанада шеру рәсімінде және Алматыда Аштық құрбандарына арналған ескерткіштен (Наурызбай/Қабанбай), Республика алаңына дейін шеру рәсімін өткізуде көшбастауды ұсынамыз.

4) Осыдан 2 жылдай бұрын Ресей Федерациясының жоғарғы басшылығы Кенесары ханның басын қайтаруға дайын болды, зерттемелік-анықтау жұмыстарын жүргізді. Біздің тараптан Ұлы шейіт, хан Кенесарының басын ханға сай құрметпен қабылдап, оны абыроймен жерлеп, ата-бабамызбен үзілген тарихи байланысты жалғап, шейіт болған бабаларымыздың ризашылығы мен батасын алу ғана қалды! 

Сіз 1920–1933 жылдарда Қазақтың басына түскен қасіреттің тарихи бейнесіне мұрағаттарды зерттеу арқылы шындықты ашуға бастаушы болдыңыз. Бұл тарихи жады мен ұлттық болмысты оятудағы маңызды қадам!

Біз Алаш ісін жалғастырып, өзімізді аштықтың жаппай құрбанына айналған ұлы ата-бабаларымызға лайық, ұрпақ екенімізді әлемге көрсете білуіміз керек. Бұл жолда Сізді барша халық қолдайды! 

Бүгін ескі әлемдік тәртіп ығысып, геосаяси күрес шиеленісіп, елдің экономикасы нашарлап, ішкі және сыртқы толқулар күшейген тұрақсыз дәуірге аяқ басудамыз. 1986 жылдың желтоқсаны мен 2022 жылдың қанды қаңтарынан сабақ ала отырып, Тәуелсіздік тұрақтылығын нығайту мақсатында осындай тарихи сәтте халықтың бірлігін көрсету аса маңызды және қаралы шерудің республикалық деңгейде лайықты өтуі бұған тікелей ықпал ететініне сенімдіміз. Себебі бұл зұлмат – әрбір қазақтың және репрессияға ұшыраған әрбір диаспора өкілінің орны толмас қасіреті. Биыл Қазақ ұлтына ақырзаман болған кезеңге 90 жыл толып отыр! 

Ағымдағы жылдың 31 мамырында өтетін қаралы шеруді ұйымдастыру тобының және 100 000 адамдық «Хан Кенені қайтарайық!» қозғалысы атынан

Нұрлан Әміреқұлов және ұйымдастыру тобының мүшелері

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн