ӘЛСІЗ ЗАҢ ҰРЫЛАРҒА ТИІМДІ

 «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң осы күйінде қабылданып кетсе, «Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар» принципі жүзеге асуы мүмкін.

«Elge Qaitaru» қоғамдық қорының мүшелері Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов Қазақстан Республикасының «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасына қатысты пресс-конференция өткізді.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар бұл заң жобасының тек олигополияның мүддесін көздейтініне алаңдайды. «Elge Qaitaru» қоры «Ұрланған активтерді қайтару туралы мұндай заң жобасының әділдікті орнатуға және коррупцияға қарсы күреске еш әсері болмайды», «Егер заң осы күйінде қабылданып кетсе, ұрланған активтердің елге қалай қайтқанын халық көрмей де қалады», – деп санайды. Баспасөз мәслихаты спикерлерінің ойынша, елдің мүддесінен шығатыны – заң жобасының атауы ғана, ал заңның заты толығымен Нұрсұлтан Назарбаев режимі қалыптастырған олигархтардың ғана мүддесіне қызмет ететіні сөзсіз.

Баспасөз маслихатында талқыға түскен тағы бір мәселе – «Elge Qaitaru» қорының «Евразиялық топ» (ERG) тарапынан әкімшілік және қылмыстық қудалайға түскені туралы болды. Заңгер Оразалы Ержанов ERG компаниясының 2022 жылдың желтоқсан айында Қорды «жала жапты және репутациялық залал келтірді» деген желеумен әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы құқық қорғаушы органдарға арыз түсіргендігі туралы ақпаратты журналистерге жеткізді.

Тіптен 2023 жылдың қаңтар айында «Евразиялық топ» Қорды «коммерциялық құпияға жататын ақпаратты жинап, таратқаны үшін» деген желеумен «Elge Qaitaru» қорын «қылмыстық жауапкершілікке тарту керек» деген талап қойды.

Сол айып таққан мәлімдемесінде «Евразиялық топ» (ERG) өздерінің шетелдерге, яғни Қазақстаннан тыс елдерге қаржы аударғаны туралы фактіні мойындайтынын атап өтті. Баспасөз мәслихаты спикерлерінің ойынша, олигархтар өздерінің көлеңкелі істерін жасыру үшін оппоненттеріне қысым жасап отыр.

«Elge Qaitaru» қоғамдық қорының мүшелері 30 жыл бойы елді тонаған «Евразиялық топ» (ERG) пен басқа да олигархиялық компанияларға өздері жолдаған барлық сұрақ-сауалдарына қатысты шын да әділ жауап алып, Қазақстаннан шетелдерге заңсыз шығарылған барлық активтерді қайтаруға бел буғандарын мәлімдеді.

 «Elge Qaitaru» қоғамдық қоры бұл заң жобасына бірқатар түзетулер мен өзгертулер енгізуді ұсынады. Әйтпесе, олардың ойынша, қоғамға ұсынылып отырған заң жобасы тоналып шығарылған активтерді қайтарудың орнына клептократтарға жауапкершіліктен сытылып кетуге және тонап алған капиталдарын шетелдерде жасырып қалуға мүмкіндік бере отырып, оларға рахымшылық жасағандай болып шығады.

«Elge Qaitaru» қоғамдық қоры елден ұрланған активтерден біржолата айырылып қалмау үшін, Мәжіліс депутаттарына бұл заң жобасына қажетті түзетулер мен өзгертулер енгізіп үлгеру керек екенін ескерте отырып, бұл заң жобасына бірқатар түзетулер мен өзгертулер енгізуді ұсынады:

1. Осындай маңызды іске бара отырып, заң шығарушы заңсыз иемденген орасан зор активтерді қайтарудың қажеттігіне не себеп болғанын, заң жобасындағы 5 баптың талабына сай атап айтуы керек. Ол себептің Назарбаевтың билікті басып алғаны екені және ол фактіні заңда атап айтқанда, жоба мәтіні бұлайша қисынсыз жазылмас еді және оның жүзеге асатынына күмән да тумас еді.

2. Жоба президент Қ.-Ж.Тоқаевтың әлеуметтік ӘДІЛДІКТІ орнатудың қажеттігі және отандық экономиканы олигархтардан тазарту туралы декларациясын тіптен құптамайды.

3. Заң жобасы атауының мағынасы тар және аталған мақсаттарға сәйкес емес, өйткені олигархтық дүние-мүліктің барлығы дерлік мемлекеттен заңсыз иемдену арқылы қалыптасқан жоқ (мысалы, ӨТІЛАЛЫМ, Хоргос, т.б.).

4. Заң жобасының ең басты кемшілігі – активтерді негізсіз байлық деп тану шарты ретінде активтер сатып алынған қаржы-қаражаттың ЗАҢДЫЛЫҒЫН қарастыру (2- және 17-баптар). Жобада мұндай активтерді сатып алуға қатысты келісімнің өзінің заңдылығы туралы мәселе тіптен қарастырылмаған. Біздің олигархтар өзінің әрбір активін сатып алған кезде жасаған несиелік келісімшарттарын көрсете алады. Содан-ақ мұндай заңның түкке тұрмайтынын түсінеміз.

5. Тағы бір елеулі кемшілік – бұл заң қолданылатын субъектілер ретінде тек жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер ғана танылған. ОЛИГАРХТАР бұл заңның аясынан тыс қалған! Бұдан бөлек, субъект деп тану үшін қажет жиынтық анықтаманы талап ететін жобаның 2-бабының 5-тармағы кімді болмасын осы заң бойынша жауапкершілікке тарту мүмкіндігін мүлдем жоққа шығарады!

6. Мұндағы ең ерсі норма (2-бап, 7-тармақ) – субъектінің әл-ауқаты АЕК мөлшерінен он үш миллион есе асып кетсе ғана оны негізсіз байлық ретінде тану. Бұл 100 МИЛЛИОН АҚШ ДОЛЛАРЫНА пара-пар сома! Бұл норма қабылданып жатса, мемлекет бұдан аз соманы ұрлағаны үшін сотталғандардың бәрін босатуға тиіс болады, өйткені ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес «Бәрі де заң алдында тең». Бұл норма қызметте жүрген шенеуніктер үшін кең коррупциялық мүмкіндіктер туғызады, өйткені қорықпастан 100 миллион долларға дейін ұрлай беруге болады.

7. Кейбіреулерді люстрациядан құтқарып қалатын, бәріне ортақ біртұтас сома белгілеуге болмайды. Әр субъект үшін бұл сома жеке анықталуы керек және оған негіз болатын жалақысы және басқа да заңды табысы ғана болса керек.

8. Заңның 5-бабының 2-тармағының 1-тармақшасы міндеттердің бірі ретінде: «Активтерді шығару саласындағы заң бұзушылықты анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу» деп көрсеткен. Алайда жоба арнайы құрылған өкілетті органға мұндай құзырет бермейді де, соған қарап, ол органның өзіне жүктелген міндеттерді орындауға құзыретінің жеткілікті екеніне күмән келтіруге негіз бар. Сондықтан да мұндай жеке орган құрмай-ақ, бұл заңды атқаруды Бас прокуратураға жүктеуді ұсынамыз, бұл үшін оның қажет заңнамалық мүмкіндіктері жеткілікті. Сондай-ақ заңды жүзеге асыруға тиісті құралдар қатарында жазалаушы шараларды қарастыру керек, оның ішінде қылмыстық қудалау да бар.

9. Реестр (тізім) туралы. Реестрге тек субъектілер-физикалық тұлғалар жөніндегі мәліметтерді ғана енгізу ұсынылған. Бұл тізімге субъектілердің заңсыз иемдеген деп танылған барлық активтері туралы мәліметтерді енгізу қажет. Заң талабындағы мақсаттарға жету үшін, бұл тізімде тіркеліп тұруға тиіс бір жыл аздық етеді.

10. Реестрге тіркелген тұлғаның активтерін ашу туралы декларацияны көрсетуге құқы бар деген норма күмәнді. Ол оның міндеті болуы тиіс!

11. Жобадағы активтерді өз еркімен қайтарып беру туралы келісімге қол қойған тұлға болашақта қандай да бір қудалаудан босатылады деген ереже жөнсіз. Бұл коррупциялық ымырашылыққа соқтырады.

12. Жобада заңсыз иемденуге жататын активтердің 3 тобы қарастырылған: а) негізсіз байлық; ә) шығу тегі қылмысқа қатысы бар активтер; б) қылмыстық әрекеттермен (тірлікпен) байланысы бар активтер. Тек бірінші топтың ғана анықтаушы мәні бар. Қалған екі топтағы анықтаушы мәннің жоқтығы және шара қолдану үшін азаматтық-процессуалдық нормаларға жүгіну керек екені заңды осы жағдайларда қолдануға еш мүмкіндік бермейді.

13. Арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания туралы. Біздің ойымызша, ешқандай да қосымша құрылымдар құрудың қажеті жоқ. Қайтарылған ақшалай емес активтердің барлығы да ҚР қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі комитетінің құзырына берілуі тиіс. Қайтарылған барлық ақшалай қаражат және ақшалай емес активтерді сатудан түскен қаржы Ұлттық қордың құрамындағы арнайы есепшотқа аударылуы тиіс. Оны пайдалану туралы шешімді ҚР Парламенті бюджетті бекіткен кезде қабылдайды.

«Elge Qaitaru» қоғамдық қоры жобаны толықтырып жазу жұмысына қатысу мүмкіндігіне ие болған жағдайда, әр бап бойынша ескертулерін ұсынуға дайын.

ДАТ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн