Сайрагүл әлі күнге «ПАНА ІЗДЕУШІ» САНАТЫНДА ЖҮР

Қаңтардың 28-інде Алматы облыстық полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы Сайрагүл Сауытбайға үш айға ұзартылған «Пана іздеуші тұлға» куәлігін берді: 25 қаңтар күні мерзімі аяқталған құжат сәуірдің 25-іне дейін ұзартылды.

Еске сала кетейік, өткен жылы тамыз айында «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған қандасымыз Сайрагүл Сауытбайды Алматы облысының Панфилов аудандық соты алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны «жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына» байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен еді. Осылайша сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Сотта Сайрагүл Қытайда «саяси қысым жасалғандықтан, шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын» мәлімдеген еді. Егер Қазақстан билігі геосаяси жағдайдың салқынымен қазақтың қызын Қытайға қайтарса, оған өлім жазасы кесілуі мүмкін еді. Сондықтан Сайрагүл сол соттан «Қазақстанда – өзімнің атажұртымда қандай жаза кесілсе де, мойынсұнатынын, бірақ кері қайтармауын» сұраған болатын.

 Сол кезде қоғамның қызу қолдауымен оған Қазақстан билігі үш ай мерзімге «Пана іздеуші тұлға» куәлігін беріп, былтыр қазан айында оның мерзімін тағы үш айға ұзартқан. Ал қазанның 4-і күні Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Көші-қон комитетінің жанынан құрылған комиссия Сайрагүл Сауытбайдың өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған өтінішін қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты.

Сайрагүл болса, өзіне «босқын» мәртебесінің не үшін берілмей отырғанынан хабарсыз, мән-жайды адвокаты Абзал Құспан арқылы білуге болатынын айта келіп: «Мен Қазақстанға өз елім, жерім, отбасым деп келдім. Менде басқа мақсат жоқ. Аңсап келген отанымда бала-шағаммен бірге болсам деймін. Менің бақытым да, отбасым да осында. Ана үшін отбасынан артық еш нәрсе жоқ. Біздің билік те менің жағдайымды түсініп, өз Отанымда отбасыммен бірге тұруға мүмкіндік береді деп ойлаймын», ­­­­­– деді.

Отанына оралып, отбасымен қауышып, балапандарын бауырына басу үшін от пен суды кешіп, қос бірдей шекараны «бұзып» келген ананы алты ай жаз, алты ай қыс бойы зарықтырып, сенделтіп қою – билік басындағыларға сын екені даусыз. «Босқын» деп кемсіткеннен гөрі, Сайрагүлге «Қазақстанның азаматы» деген мәртебе берсе екен деген барша қазақтың тілегі жуық маңда орындалады деген үміттеміз.

Республиканский еженедельник онлайн