Соқыр ат пен қотыр ат… АСТАНАДА ЖОЛЫҒАТ

Бұрында бір «Белизді білесіз бе?» деген тақырыппен мақала жазғаным бар еді: Тынық мұхиттың ортасындағы иненің жасуындай ғана арал-мемлекетпен Қазақстанның дипломатиялық қатынас орнату қақысында. Ол елдің бананнан басқа өндіретін дәнеңесі жоқ екен: Белизде қандай құтымыз қалды деген сұрақты қаужауға тура келген.

Енді, міне, Қазақстанның дипломатиялық жағрапиясында Зимбабве деген ел пайда болды. Алып Африканың оңтүстігіндегі құртақандай ел. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 21 қаңтар күні Астанаға ресми сапармен келген осы елдің президенті Эммерсон Мнангагвамен кездесті. Әлбетте, президент болған соң, кез келген елдің басшысымен кездесуінде алабөтен айып болмас: кездессін, сөйлессін, келіссін, елдің дипломатиялық картасын кеңейтсін – проблема жоқ.

Проблема басқада. Міне, оқыңыз: «Зимбабве – ең өлімі көп, ең аштары көп ел. Халқының 20 пайызы СПИД-пен ауырады. Оған қарсы профилактикалық дәріге қаржысы жоқ. 1999 жылдан экономикасы құлдырап, қазіргі кезде елді қайыршылық жайлаған. 2008 жылғы инфляция мөлшері 231 000 000 пайызға құлдырап, әлемдік рекордты жаңартқан! 2017 жылы елдегі жұмыссыздық 80%-ға жеткен! Экономиканың барлық саласы құлдырап, банкротқа ұрынған…» – деп жазады «Фейсбук» пайдаланушы Аймұханбет Бейсембеков.

«Өзің диуанасың – кімге пір боласың» дегендей, әлемнің әдемі елдері жалғыз адам 30 жыл билеген авторитарлы Қазақстанға аттап баспаған соң, осындай зимбабвелерге зар болған түріміз бар. «Зар болғанымыз» сондай, Назарбаев өзінің «пашти» құрдасы – 76 жастағы Мнангагваны әскери шерумен, салтанатты түрде қарсы алып, екеуара «жабық есік» жағдайында ұзақ-сонар келіссөз жүргізген екен.

Бәлкім, бұл да жөн шығар: Путин патша Қазақстанның астық экспортын төрт аяқтан шідерлеп тастаған соң, аштық жайлаған Зимбабвеге бидай сатудың реті келе қалған болар. Жер қойнауы қазба байлыққа толы, бірақ «алтын сандықтың» үстінде аш отырған елге басқа не бересің, өнеркәсібі тұралап, жұмыссыздық жайлаған африкалық елден бананнан басқа не аласың? Оның үстіне бұған дейінгі президенті Роберт Мугабе елін 37 жыл билеп, адам құқы мен бостандық атаулыны аяғының астына әбден таптап тастаған Зимбабвеге АҚШ пен Еуроодақ 2002 жылдан бері санкция салып тастағаны тағы бар.

2017 жылы тақтан тайған Мугабеден кейін де Зимбабве оңып кеткен жоқ: «Азаттықтың» хабарлауына қарағанда, мұнда «бірнеше күннен бері жанармай бағасының қымбаттауына қарсылық акциялары басталған. Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, демонстранттардың полициямен қақтығысынан бірнеше адам қаза тапқан. Бірақ билік демонстранттар қазасын растамай отыр».

Қазақстан да бұдан асып тұрған жоқ: кеше Жаңаөзен демонстранттары атылды; бүгін жанармай бағасы шарықтап кетті; халықты салықпен езудің саясаты еліріп тұр. Ауызекі тілде жалғауы жұтылып айтылатын «қотыр ат пен соқыр ат – айдалада жолығат» болды да шықты…

Десек те, Зимбабвеге зар болатын жөніміз бар екен: келіссөзден кейінгі Назарбаевтың айтуына қарағанда, Қазақстан Зимбабвенің транспорт-логистикалық желісін жетілдіру мәселесіне араласуға ықтияр екен. Басқа қараң қалған қазақ ауыл-аймақтарын айтпағанда, Алматы мен Астананың арасында жөні түзу жол салынбағанында шаруасы жоқ: Зимбабвенің транспорт-логистикасын жөндеуге зәру боппыз. Елдің өз ішінде қаржы тапшылығы қылқындырып жатқанда, айдаладағы Африкаға ақша салып, тағы да қисапсыз шашылғалы жатырмыз…

Обалы не керек, Зимбабвенің зың президенті өз кезегінде: «Біздің ел қазір Қазақстанның 20 жыл бұрынғы күйін кешуде, – депті. – Сондықтан біз осы елге келіп, жылы шырайлы елдің қалай дамығанын үйренуіміз керек. 27–28 жыл арасында экономиканы дамытқан. Бұған қалай қол жеткізген екен деп, қайран қалып, таңдай қағудамыз. Біздің де даму жолымыз осындай болсын деп ұмтылудамыз».

«Қайран қалмай, қайтсін-ай, енді?!» дегің-ақ келеді. Бұлардың бір-бірімен сүйкенісетін басқа кімі қалды? Жауырларын жаласса да, дәтке қуат шығар…

Бірақ «үйренетін елді тапқан екенсің!» дегің де кеп кетеді…

Ермұрат БАПИ

Республиканский еженедельник онлайн