Украина мен Ресейдің арасы СОҒЫС ЖАҒДАЙЫНДА

Сонымен… Жоғарғы Рада «Соғыс жағдайы» туралы шешім қабылдады. 30 күнге және Украинаның барлық облыстарына емес, тек соғыс қаупі күшті деген облыстары мен Азау теңізі акваториясында ғана. Олар Винница, Луганск, Донецк, Одесса, Сумск, Харьков, Чернигов, Херсон, Николаевск, Запорожье облыстары.

«Тағы да қайталап айтамын – «Соғыс жағдайы» тек РФ агрессиясы басталған кезде ғана іске қосылады. Қандай да бір Ресей солдатының аяғы Украина жеріне кірген кезде, мен бір секундқа да кідірмеймін» – деді Порошенко.

Сондай-ақ кезекті президент сайлауы 2019 жылдың 31 наурызына белгіленді. Айта кетейік: «Соғыс жағдайы» шешіміне 276 депутат «иә» деп, 30 депутат «қарсы» дауыс берді. Президент сайлауына 298 – «ия», «қарсы» – жоқ. Кейбір ФБ қолданушылары тарапынан: «5 жыл бойы соғысып жатып, «соғыс жағдайын» енді ғана енгізіп жатқандары несі?» – деген сияқты сұрақтар бар екен. Салмақты сарапшылардың пікірлері әлі шыға қойған жоқ, сондықтан әзірге өз ойымды ғана айтайын.

Украинаның сол кезде «соғыс жағдайын» жариялауы нағыз суицидтің өзі болған болар еді. Неге?

РФ өте күшті жау. Әскери техникасы мен адам санын айтпағанда, оның СССР кезінен мұраға қалған мықты агентурасы, шетелдегі дипломатиялық корпусы болды. Олардың басым бөлігінің кімдер екендігіне көзіміз жетіп келеді. Олардың хакерлік шабуыл жасау әрекеті АҚШ-тың өзін састырғаны есімізде. Орыс пропагандасы да әлемде кез келген елдің басын айналдырып жіберуге қабілетті екендігі белгілі. Ал шетелдердегі орыс диаспорасы дегендеріміз де ұрпақтары сонда өсіп, бизнесі сонда өркендеп жатса да, жеме-жемге келгенде РФ-ның сөзін сөйлейтіндігі белгілі болды.

Осындай жағдайда РФ-мен ат құйрығын кесісіп, ашық соғысқа бару – Украина үшін аса қауіпті еді. Сондықтан РФ-ның: «Украинада әскеріміз жоқ, онда азамат соғысы жүріп жатыр», – деп, әлемді сендіруге тырысқан өтірігіне сенген түр көрсетуден басқа амалдары қалмады. Бұл РФ-ның өз өтірігіне өзі сеніп, әлем елдерін алдап отырмыз деген жалған сезімде болуына, сөйтіп үлкен соғыстың кейінге шегерілуіне мүмкіндік берді.

Бұл екі ортада Украина армиясын жетілдіре берді. Қорғаныс зауыттары тапсырыстар қабылдап, бұрынғы әлеуеттеріне қайтып келді. Бірнеше мобилизация арқасында армия саны толықты. НАТО-ның көмегімен әскері жаңа тактикаларға үйренді.

Қазіргі кезде «соғыс жағдайын жариялау» – бұл Украинаның күшейгендігін көрсетеді. Оның халықаралық беделі артты. Әлем халықтары кімнің кім екендігін түсінді. Оның үстіне бұрын РФ әртүрлі сылтаулармен агрессиясын мойындамай келсе, енді ашықтан-ашық, Азау теңізіндегі Мариуполь қаласына бара жатқан Украина кемелеріне оқ жаудырды. Бұл – нағыз агрессия. Осындай жағдайда Украинаның «соғыс жағдайын» жариялауы өте орынды деп ойлаймын.

Әттең, алдағы сайлау тек 30 күнге ғана мүмкіндік береді, әйтпесе қашан Қырым мен Донбассты босатқанша «соғыс жағдайын» жариялауға болатын еді. РФ агрессиясының бір себебі де осы – қалайда алдағы сайлауды болғызбау немесе кейінге ығыстыру.

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ

Республиканский еженедельник онлайн