Халық санағы ҚАЗАҚТЫ қанша қылады?

Биыл Қазақстанда халық санағы жүреді. Өз еліндегі қазақ қанша болды, келімсек халық көбейді ме, азайды ма? Қазақтың тілі мен рухын отаған орыстардың олқы тартар түрі бар ма? Осы сияқты демографиялық сұрақтарға нақты жауап алуымыз керек. Алдырса…

Бұлай дейтін бір себеп – тәуелсіздік алған сонау 1992 жылдан бергі ширек ғасырдан астам уақытта елдегі жалпы халықтың саны 3 миллионға ғана өсті. Оның ішіндегі қазақтың үлес салмағы – 1,5 миллионның о жақ-бұ жағында ғана. Ал осы аралықта көршілес өзбек халқы 10 миллионға жуық артты: оның 95 пайызы – кілең өзбек.

Бұған дейінгі 2009 жылғы халық санағында қазақтардың үлес салмағын екі есептеп, жетпіске жеткізбей қойған еді. Бұл санақ «былық болды» деген пікірді ел арасына сіңіру үшін, әлде қазақтың нақты үлес салмағын жасыру жөніндегі тапсырманы орындамағаны үшін сол кездегі Статистика комитетінің басшысы Анар Мешімбаеваны жемқорлық жаласымен соттап жіберді.

Ендігі санақ қалай болады? Бұл науқанды жүргізетін мүдделі ведомство – Статистика комитеті үкіметке бағынысты болған соң, оның есебі Ақорданың айтқанынан айнымай шығуы тағы мүмкін. Айтқаны – «артық қыл» десе, жөн басқа: арқы-жалымызды күдірейтіп жүрейік… Мейілінше «кеміт» десе, тағы сол: бірер миллион қазақтың «сайда – саны, құмда – ізі» қалмауы ғажап емес. Бұлай қылудың саясатына бас жетпейді: не үшін? Путин патшаның «орыс әлеміне» (русский мир) залал келтірмей, ормандай орысы қалың Ресейдің қытығына тимеу үшін ғана ма?

Дегенмен, соңғы онжылдықтың ар жақ-бер жағында қалыптасқан күрделі әлемдік геосаяси жағдайда Ақорда билігі қазақтың санын нақты қылуға мүдделі болса керек деп топшылаймыз. Тіпті қолында тұрған соң, оңтүстіктің жарты миллион қазағын солтүстікке қосып жіберсе де, көршіге сес боларлық баланс жасауға болар еді. Бұл ретте елдегі түркітектес, түркітілдес халықтың жалпы санымен қазаққа қарайлас айқын басымдылықты көрсетудің де әбестігі бола қоймас.

Әрине, жаңсақтықты жасанды ету – үшбаққа шығармас, бірақ алакөз көршілерге көрнекі көрсеткіш керек-ақ. Оның үстіне демографиялық дүмпуге дәйек болар дерек те керек. Ал ол дүмпуді қолдан жасау аса қиын болмас: Астананың қисапсыз құрылысы мен даңғаза саяси жобаларға жұмсалып жатқан мұнайдың миллиардтарын ана мен бала капиталына бұрып жіберсе, қазақтың әйелдері топырлатып тууды бастап кетер ме еді?

Осындай уайымға толы сұрақтармен әлеуметтік желі арқылы халық санағына қатысты дәйекті ой айтатын, азат ой-пікірі бар азаматтарды іздеген едік. «Бұл жолғы халық санағын бақылауға алу қажет. Бізге нақты, бұлтартпас есеп керек» дедік. Сондағы біздің жазбаға үн қосқан бірнеше пікірді төменде жариялап отырмыз.

Ермұрат БАПИ

Еркін Рақышев: 

  • Статистика комитетіндегілер бұл мәселенің кемшілігін де, жетістігін де жақсы біледі. Тек сол жерден ашық ақпарат беретін біреуді табу керек.

Ермек Калигожин:

  • Толық косыламын. Өскемен қаласында мектеп бiтiрiп, Ресейге кетiп жатқан орыс жастары көп, шамамен 70–80%, қайтып келгендері шамалы. Көрші орыс әже «болашақта мұнда орыстың кемпір-шалдары ғана қалатын шығар» дейді. Оның екi баласы – Ресейде.

ҰБТ-ыны орыс сыныптары керек қылмайды. Кейде ойлаймын: орыс мектептеріне бюджеттен бөлінiп жатқан қаражат құмға сiнiп жатқандай. Мен қалада 18–30 жастағы қанша қазақ баласы бар деген ақпаратты ала алмадым: жасырып отырған сияқты ма деген ой келеді.

Халелхан Ибрайымханұлы:

  • Тіркеуде жоқ жарты миллион қазақты қайдан табамыз? Біздің «Шаңыраққа» келсеңіз, 20 жылдан бері үйін заңдастыра алмай отырғандар бар. Мен өз үйімді былтыр, 12 жыл дегенде заңдастырып, пропискаға отырдық. Жер әлі аренда. Оған дейін анда-мұнда «бомж» боп жүрдік.

Nurtai Qazaqtyn Balasy:

  • 2009 жылы Ақтөбе қаласында Статистика департаментінде жасадым, халық санағына қатыстым. Сол кезде әр адам басына 80 теңгеден төледі, артынан соны программаға енгіздік. Кейбір өтірік қосылған, не алынып тасталған ақпараттар шықты: жалпы, менің ойымша, сол кезде Ақтөбе қаласында (санақ) әділ болды. Қортындысы Астанаға кетті, одан ары қарайғысынан хабарым жоқ.

Қазақ Қазақ:

  • Қазақстан жайлы барлық мағлұматты Қытайдан табасыз. Өйткені біздің географиялық байлығымыздың картасын да, демографиялық мәліметімізді де солар жүргізіп отыр. Әрине, алу қиын (китайские хакеры не спят!)…
Республиканский еженедельник онлайн