Шайтаннан емес, сақалдыдан қорқатын заман болып тұр

Қаңтардың 27-сінен 28-іне қараған түні Қарағанды қаласының Майқұдық ауданында «жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі соққыға жығылғаны жөніндегі бейнежазба әлеуметтік желілерде тез тарап, бұл құқықбұзушылықты бүкіл қоғам қаралауда. Сол түні кішкентай нәресте ауырып, шақырту бойынша дәрігерлерді көпқабатты үйлердің біріне алып келген көліктің жүргізушісіне аулада бір жігіт бірнеше рет ауыр соққы жасайды. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде тараған және бірнеше телеарналардан көрсетілген бейнежазбада анық көрініп тұр. Соның салдарынан бас миы шайқалып, мұрын сүйектері сынған, кеуде қуысы мен беттің жұмсақ тіндерін ауыртып алған жәбірленуші қазір ауруханада ем алып жатыр.

Қоғамда үлкен шу мен наразылық тудырған бұл көрініске құзырлы ұйымдар шұғыл назар аударып, жедел іске кірісті. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, 2-санатты іздеу жарияланды және жағдай ерекше бақылауға алынды. Нәтижесінде полиция 1987 жылы туған Нұрболат Дәкебаев дейтін азаматқа іздеу жариялады. Полиция жариялаған суретті көрген адамның бірден назарын аудартатын жайт – күдіктінің қою қара сақалы! Шашы қысқа, мұрты білінер-білінбес болғанмен, бұл жігіттің түр-түсінен қаталдық қана көрінбесе, мейірімділіктің ұшығы да байқалмайды. Біздің де баса айтқымыз келіп тұрғаны осы жайт.

Әрине, бұрын да «жедел жәрдем» көліктеріне жол бермеу, жүргізушілеріне қоқан-лоққы көрсету, былапыт сөздер айту болғаны рас. Мұндай келеңсіз жайттар соңғы бес жылда жиі тіркеліп жатыр. Деректерге сүйенсек, бұдан төрт жыл бұрын осындай 13 жағдай орын алса, үш жыл бұрын – 17, екі жыл бұрын – 19, ал былтыр – 55 заң бұзушылық анықталыпты.

Байқасаңыз, мұндай дерек жыл сайын өсіп, 4 еседен артық көбейіп отыр. Мұның бәрі – тәрбиесіздік, өркөкіректік, менмендік, мәдениеттің төмендігінен ғана емес, біздің пайымымызша, көпшілігі – тәртіптің төмендігі, ұрпақты, ұлтты, қоғамды тәрбиелейтін мәдени, рухани шаралардың кемшіндігінен, оған бағыт-бағдар сілтейтін үгіт-насихат, ұйымдастыру жұмыстарының, бір сөзбен айтқанда, идеологиялық жұмыстардың әлсіздігі мен жүйесіздігінен болып отыр!

Қарағандыдағы мына келеңсіз жайт біздің ерекше назарымызды тартып тұрғаны – күдіктінің сақалы мен бейнежазбадағы көріністе жәбірленушіні кәсіби боксшыдай кеудесі мен аузы-мұрнына, самай тұсына дәл бағыттап, нық және ауыр соққы жасағаны болып тұр. Естеріңізде болса, қайғылы Қаңтар оқиғасының негізгі «кейіпкерлері» де сақалдылар болған еді. Сол кезде қаншама қару, оқ-дәрі ұрланды. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары құқық қорғау ұйымдарының ғимараттарына шабуылдау нәтижесінде 1 259 табельдік қару ұрланғанын, оның ішінде автоматтар, тапаншалар мен гранатометтар болғанын, атап айтқанда, Алматы облысында полиция департаменті ғимаратынан 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатомет, сондай-ақ 23 мыңнан астам патрон ұрланғанын, ал Жамбыл облысында 200 автомат, 148 тапанша, 11 гранатомет, бір пулемет және 40 мыңға жуық патрон қолды болғанын айтып еді. Ол сондай-ақ Алматыда Резиденциядағы қиратулардан кейін 130 дана қару мен оқ-дәрілердің жетіспеушілігі анықталғанын, оның ішінде 80 граната, 17 тапанша, 11 автомат, 21 гранатомет және снайпер мылтығы болғанын да айтқан еді.

Олардың біразы табылғанымен, біразы әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр. Осыдан екі күн бұрын ғана Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында қару арсеналы жасырылған орынды анықтады. «Қазақстан» ұлттық арнасының хабарлауынша, «Калашников» автоматтарын, тапаншалар мен мылтықтарды қоса алғанда, 30 бірлік қару-жарақ, сондай-ақ 5 граната, 10 түтіндету құтысы және әртүрлі калибрдегі 200-ден астам патрон табылған. Алдын ала деректер бойынша, табылған қару Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған.

Сол заңға қайшы, қоғамға қауіпті қылмыстық істерді істегендердің көбі сақалдылар немесе солардың бұйрығын орындағандар емес пе?! Мемлекет басшысының алдына қойылған мәліметке сәйкес айтылған 20 мың террорист туралы дерек қайдан шықты?! Жалған болса – неге 238 адам қаза тауып, бірнеше ондаған ғимараттар қиратылып, еліміз миллиардтаған шығынға батты?! Рас болса – олар қайда кетті?!

Сөз жоқ, олар сіз бен біздің қасымызда жүр, қалың көптің ішіне араласып кетті және жай жүрген жоқ, соңғы кездері саясаттанушылар мен сарапшылар, елінің ертеңі мен ұрпағының болашағына бейжай қарай алмайтын қоғам белсенділері, қарапайым көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар айтып, жазып, шырылдап жатқандай – қолайлы сәтті күтіп отыр. Оған Қаңтар қасіретіне жауапты негізгі күдіктілер мен қылмыскерлерді толық тауып, заңға сәйкес тиісті жазасын бере алмай отырған биліктің өзі де белгілі бір дәрежеде үміт ұшқынын «сыйлап» отыр. Ал мұның басты себебі – биліктің барлық тармақтары мен прокуратура, сот, полиция және басқа құқық қорғау ұйымдарында әлі күнге дейін «ескі Қазақстанның» кадрлары отырғандығында деп ешбір күмәнсіз айтуға болады.

Қазір қоғамда дінге деген көзқарас өте күрделі, соның ішінде бұрынғы биліктің қолдауымен ерекше етек алып, оның сарбаздары іспетті дәрежеге жеткен сақалдылар ұстанатын ағымға деген қорқынышты көзқарас қалыптасты. Олар қалай пайда болды, кімдерге сүйенді десек, көпшіліктің есіне ең алдымен бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды түсетіні анық. Ол да, оның президент ағасы да мешіт салумен құлшына айналысқанын бүкіл ел біледі. Солардың ішінде өз басым Түркістан облысының Сарыағаш ауданында салынған Сатыбалды Әбішұлы атындағы Ислам орталығын бөліп айтар едім. 2019 жылы қараша айының соңында «ҚазАқпарат» агенттігі діни орталықтың ашылу рәсіміне 10 мыңға жуық адам жиналғаны жайында хабарлады. Агенттіктің жазуынша, мәртебелі меймандар қатарында Түркиядан келген Нежметдин Ердоған Біләл мен Шешенстан Республикасы басшысының кеңесшісі Амруддин Эдилгерев, Түркістан облысының сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеев, еліміздің дін қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері және жамағат қатысқан.

Бұл Ислам орталығында 10 мың адам бір мезетте құлшылық ете алады. Мешіт ішінде медресе-колледж шәкірттеріне арналған 29 сынып бар. Орталықта бір мезетте 600 бала дәріс тыңдай алады. 69 жатын орынды қамтыған орталықта 1000 адамға арналған асхана салынған.

Келес өзенін қолдан бұрып, жан-жағы сумен қоршалған жасанды аралда орналасқан бұл мешітте мен 2020 жылдың ақпан айында болдым. Сол кезде-ақ: «Бұл орталықта шәкірттерге дұрыс бағыт көрсетілер ме екен?!» – деген сұрақ көкейімде қылт еткен еді.

Әрине, мен ата-бабаларымыз ұстанған, данышпан Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп бағалаған асыл дінімізге айып таққалы отырған жоқпын. Бірақ сол діннің сан-саққа, жік-жікке, түрлі ағымға бөлінгені мені ғана емес, бүкіл қазақ қоғамын алаңдатады. Халқының 80 пайыздан астамы исламды ұстанатын елде діни біртұтастық жоқ. Соның салдарынан рухани-адамгершілік тұрғыда азып-тозып бара жатырмыз. Шынымды айтсам, шайтаннан емес, сақалдыдан қорқатын заман болып тұр! Өйткені олар қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптастырып, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келе жатқан ең асыл қасиеттеріміз бен әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге қарсы шығуда. Сол арқылы ұлттық бірлігімізге, елдік тұтастығымызға қауіп төндіруде. Қаңтар қасіреті кезінде олардың тіпті мемлекеттілігімізге де қатер төндіргенін әлі көп адам ұғына алмай отыр!

Осындай қателіктерге жол берген бұрынғы президент өз кінәсін мешіттер салу арқылы жуғысы келетін сыңайлы. Менің ойымша, бұл да алдамшы нәрсе. Біріншіден, ол мешіттер өзі күрек ұстап күреп тапқан қаржыға салынып жатқан жоқ, бәрі – халықтың аузынан жырып, заңсыз табылған «байлықтың» есебінен. Оның үстіне, сақалдылардың көбі сол мешіттерде «тәрбиеленіп» жатқаны ешкімге сыр емес. Екіншіден, Халық деген – Құдайдың бір есімі! Жердегі Халық кешіргенде ғана Көктегі Құдай кешіруі мүмкін! Ол үшін өзі ғана емес, айналасындағы қара халықты 30 жыл бойы зар жылатып, заңсыз байыған жандардың барлығының дүние-мүлкі ел игілігіне түгел қайтарылуы тиіс!

Міне, содан кейін бұрынғы президент бүкіл ел халқынан кешірім сұраса, ежелден «иілген басты қылыш кеспейді» дейтін қазақ қоғамы оның біліп, білмей істеген қателіктерін кешіруі ықтимал. Сонда ғана Көктегі Құдай да көп тілегін қабыл алады деп ойлаймын. Меніңше, басқаша болуы мүмкін емес!

Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ

Республиканский еженедельник онлайн