Ғарыштық ДЕРЖАВАҒА айналдық


Тағы да сол шіліңгір шілдедегі той шырғалаңымен жүріп, Нұрсұлтан Назарбаев «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Қызылорда облысы салған зымыран-ғарыш техникасы музейінің экспозициясын аралапты.

Табандарынан таусылып, тойға таралғы тартқан қызылордалық жұртшылық өкілдерімен аз-кем әңгімелескен екен.
Бірақ сол қысқа-нұсқа тілдесуде таудай табыстарды төгіп-төгіп тастаған екен.

«Менің тапсырмам бойынша, француз тарапымен бірлесіп, жасанды жер серігін құрастыратын зауытты іске қостық, – деген екен елбасымыз. – Жуырда өзіміздің жер серіктерімізді құрастыруға кірісеміз. Бізде зымыран ұшыратын құрылғы бар, 2022 жылға қарай «Зенит» зымыраны дайын болады. Осылайша, ғарыш өнеркәсібіміз жаңа технологиялық деңгейге көтеріліп, Қазақстан толыққанды ғарыш державасына айналатын болады».

Иә, «айналғанымыз» да жақсы: ғылым мен техниканың дамуы ғарыш технологиясына тіреліп тұрған кезде тіске тұрып қалған көкежасық тауықтың етін шимен шұқылап, ай бағып жүруге әсте болмайды. Бірақ Астананың 20 жылдығына сыйға тартылған зымыран-ғарыш техникасы музейінің көрмесіне қазақтың басына у төккен «Протон» ракетасы да қойылған екен. Ол зымыран қайбір жетістіктің жемісі екенін президент пайымдамаса, басқа жұрт гептилдің газынан басқа иісті сезбесі тағы аян.

(медиа-проект «DAT» №26 (438) от 5 июля 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн