ҚАЖЫГЕЛДИНДІ ЕЛГЕ ҚАЙТАРАЙЫҚ!

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи мырзаға!

Әкежан Қажыгелдиннің өзгеде жоқ бір қасиеті бар екен. Ол кісі ешқашан сенімін жоғалтпайтын, адал болмысын сақтаған кісілігімен сүйіндірді!

Ол қандай болмыс?!

Біріншіден, билік ауысып, жаңа Президентті сан-саққа жүгіртіп, сенімсіздік білдіріп, ши бөрілердей талап жатканда, сыртта жүрсе де, сырттан қалып танытқан екі адам болса, соның бірі – осы Қажыгелдин болатын. Талай пікірлесімдер де идеяластарының сөзін жасқап, жаңа Президентті ақтап отырды. Шын мәнінде, Қ.К.Тоқаевтың тағдыры қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрган сәтте Кажыгелдинді қадірлейтін көп адам сол кісінің сөзін сыйлағандықтан да, біраз саябырлағаны рас. Жаңа биліктің жасампаздығына іштей күманданған жұртшылық арасында туындаған шырғалаңдарды Әкежан сынды әділ тұлғаның бір ауыз сөзі шешіп кеткен кез де аз болған жоқ.

Бәлкім, сол көпшілік жазықсыз қудаланған Әкежан мырзаның «Елге оралатын күн туса, бар көмегімді жасаймын» деген сөзіне тоқтаған болар. Ал медальдің екінші жағын аударсақ, сыртта сырбаздық пен тектілігін тең танытқан Әкежан Қажыгелдинге Президент Тоқаевтың әлі күнге оң қабақ танытпай, бір ауыз жылы сөз айтпай отырғаны көпшілікті таңқалдырады, әрі алаңдатады. Әсіресе айналасын ши бөріидей қаптаған қорқаулар тұмшалап, адымын аштырмай жатқаны рас болса (кейбір сарапшылардың сөзі бойынша), жанашырлықпен көмек қолын созған бұрынғы әріптесінің, білікті басшының қолдауын қабылдаса керек еді?! Ел тізгіні өзіне тиген ер жанына жақсы мен жайсаңды жинаса, абыройы асқақ, мерейі үстем болмас па?!

Әлжуаз, білімсіз, білімі болса – білігі жоқ, талабы болса – тәжірибесі жоқ, таланты болса – жүрегі жоқ, буыны қатпаған бозымдардан гөрі, өресі биік, көргені көп, көсемдік таныта алар көшелі азаматтармен тізе қосқаны тиімді болары хақ! Сол үшін де кешегі теперіш көрген талантты тұлғалар: Ә. Қажыгелдин, М. Жәкішев, Ғ. Жақиянов және т. б. тарландарды топтастырып, ортақ мүдде жолында қызмет етсе, «Жаңа Қазақстанның» да жолы ашылар еді!

Көктем сайын жусанның исін сағына еске алатын арда Азаматты жат жерде құмықтырмай, туған елінің төріне шақырып, қазағына қамқор болуына жағдай жасалуы керек. Бұл елі ерге, ері жерге қараған бүгінгі білімсіз шенеуніктерге, Абай айтқан «тоқ тіленшілерге» ой салатыны анық. Сондықтан жусанды далаға дарынды ұл керек-ақ!

Қайрат Раев,

ғалым, әдебиеттанушы, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн