Қажылық ниет АЛАЯҚТАРДЫҢ алдауына түсті

Атышулы 90-жылдары талай адамды сан соқтырған қаржы пирамидаларының заманы қайта оралған секілді. Қарапайым халықтың сенгіштігі ме, заңды терең білмеуі ме, әлде құқыққорғау органдарының салғырттығы ма – әйтеуір осы күні алаяқтардың заманы орнап тұр. Өкініштісі, солардың сойылын соғып жүрген – халыққа танымал тұлғалар. Елге сыйлы әртістер мен өнер жұлдыздары өз абыройын ақшамен өлшеп, алаяқтарды жарнамаламаса, алданғандардың саны әлдеқайда аз боларына күмән жоқ.

Не десек те, пирамидаға күйгендер жеңіл ақша табу жолын көздегендер болса, оларға алданудың ендігі кезегі мұсылманның бес парызының бірі – қажылық жасау ниетіндегі қазақтар болды. Бұл жолды да өздерін көкке көтерген халықты алаяқтардың қармағына іліп берген сол – баяғы «өнер жұлдыздары». Қажылыққа барудың орнына туристік сапарға төлеген ақшасынан қағылған бір топ адам редакциямызға келіп, өзгелер де біз секілді алданып қалмасын деген оймен, бастарынан өткергенін баяндап берді.

Асылбек БЕКҚОЖАЕВ, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауылының тұрғыны:

– Ақ ниет, шын көңіл, маңдай теріммен тапқан адал ақшама имандылықтың бір биігі саналатын Умра қажылығына бармақ болып ниеттенгенмін. Алайда санасы соқыр, ісі қара алаяқтарға тап боламын деп ойламадым. Қасиетті қажылыққа да алаяқтар арам қолын салған екен. Мен де сол алаяқтардың құрбаны болдым.

Бізді алдап кеткен «Kausar Travel» туркомпаниясы туралы ақпаратты «Инстаграм» желісінен көргенмін. Жанар Айжанова, Абылай Асылхан, Нұрлан Қоянбаев («Республика» партиясының тізімімен парламенттік сайлауға түскен) сияқты, бір қарағанда абыройлы адамдар жарнамалап, мақтаған соң, еш күмәнданбаған едім. Алайда артынша сан соғарымды білмедім. Умра қажылығының жолдамасы үшін 517 мың теңге төлеп, не қажылыққа, не маңдай термен тапқан ақшамды қайтара алмай отырмын. Тергеу мен сот адал өтіп, тым болмаса алданған адамдардың ақшасы қайтарылса екен деймін. Өзге ниет еткен адамдарға да біз сияқты алаяқтарға ұрынып қалмаңыздар, сақ болыңыздар дегім келеді.

Наргиз ИСПАЕВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– Сіңілім туған күніме сыйлық жасамақ болып, «Kausar Travel» турагенттігінен Умраға жолдама сатып әперген еді. Жолдама шарты бойынша, 2023 жылдың 23 қаңтарында қажылыққа ұшуым керек болған. Бірақ бәрі жайына қалды. Алаяққа тап болғанымызды кеш түсіндік. «Kausar Travel» компаниясының басшысы Медет Мұратбайұлы (суретте) деген азамат қажылық жасаймын деген мұсылмандардың ақшасын жинап алып, алдап кеткен екен. Оны полицияға шағымданған кезде білдік.

Менің білуімше, біз секілді алданған адамдардың саны мыңнан асып жығылады. Алаяққа тап болғанымызды 23 қаңтар күні сапарға ұшпай қалған соң түсіндік. Содан кейін қолдан келгенше іс-әрекет жасап, Алматы қаласының Медеу аудандық полиция басқармасына арыздандық. Журналистерді шақырып, «Астарлы ақиқат» телебағдарламасына да шықтық. Осы күні алданған халықтың саны 1360-тан асты.

Өкініштісі, алаяқтарды жарнамалап жүрген – халыққа танымал адамдар. Осы «Kausar Travel» компаниясы туралы танымал блогер-актерлер – Абай Асылхан, Нұрлан Қоянбаев, әншілер – Жанар Айжанова, Салтанат Бакаеваның «Инстаграм» парақшаларындағы жарнамаларынан көріп, компания менеджері Саттарова Айдананың жеке Каспий картасына 520 мың теңге аудардық. Енді не ақша жоқ, не жолдама жоқ.

Қара ниетті алаяқтардың жолын кесу үшін, сіздердің газеттеріңіз арқылы қажылыққа барам деген адамдарға – сақ болыңыздар деп ескерткім келеді. Кінәлілер әділ жазасын алады деп үміттенемін. «Kausar Travel» басшысы Медет Мұратбайұлымен бірге адамдардан ақша жинаған менеджер Саттарова Айдана да жауапқа тартылуы тиіс деп санаймын.

Анар БЕКЖІГІТОВА, Алматы қаласының тұрғыны:

– Нұрлан Қоянбаев, Жанар Айжанова, Салтанат Бакаева, Айнұр Тұрсымбекова секілді елге танымал әртістер мен әншілердің «Инстаграм» парақшаларынан «Kausar Travel» компаниясының жарнамасын көріп, компания менеджері Фариза Әділханқызына хабарласып, 2023 жылдың 12 қаңтарында Умра қажылығына 1 млн теңгеге еш күмәнсіз екі жолдама сатып алдым. Ақшаны компания менеджері Фариза Адилханқызына аудардым. Кейін білгеніміздей, «Kausar Travel» компаниясының басшысы Медет Мұратбайұлы бізден түскен ақшаларымызды банкомат арқылы шешіп алып, өз қалауына жұмсаған екен.

Алаяққа тап болғанымызды 26 қаңтарда Алматы қаласы Медеу ауданы полиция бөліміне барғанда бір-ақ білдік. Тергеуші Уалихан Жорабай арызымызды қабылдап, іс жүргізе бастады. Қалай болса да, құқық қорғау органдары әділ тергеу жүргізіп, алданған адамдардың мүддесін қорғап қалады дегенге сенгім келеді. Өзге адамдарды біз секілді алданып қалмаңыздар, абай болыңыздар деп ескертем!

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн