Қазақстан билігіне деген «СЕНІМСІЗДІК ВОТУМЫ»* және оны қалай білдіреміз

Дастан ҚАДЫРЖАНОВ,

саясаттанушы

  • Халыққа билік көзі ретіндегі конституциялық мәртебесін қайтару

Өзгешелігімен есте қалар 2020-шы жыл аяқтала салысымен, 10-қаңтарда қазақстандықтар келесі бес жылдық, мүмкін одан да көбірек уақыт үшін  саяси бағытын айқындауы керек. Осылайша, екі күннен кейін біздің тағдырымыз, өмірлік бағытымыз, қандай заңдарды орындауымыз және қандай құқықтарға ие болуымыз керек екені шешіледі. Біздің бостандығымыз бен әл-ауқатымыз, қадір-қасиетіміз және тіпті денсаулығымыз 10 қаңтарында болатын сайлауға тәуелді.

Бұл тек саясат саласына қатысты мәселе емес – бүгінде мемлекетте болып жатқан барлық нәрсе өзара байланысты екенін бәрі түсінетін шығар. Үкіметте, Парламентте, президенттік креслода, әкім лауазымында немесе сотта кімнің және қалай отыратыны тек «жоғарыдағы кейбір шешімдерге ғана тәуелді емес, біздің бүкіл өміріміз – балабақша мен мектептен бастап идеялар еркіндігіне, зейнетақы қауіпсіздігі мен әл-ауқатқа дейін осы үдеріске байланысты.

Соңғы жылдары қарапайым адамдарға қарапайым шындық ашылды – мемлекетіміз бізді соттарда қылмыс пен озбырлықтан қорғамайды, тек қудалау мен жазалауға дайын, ол біздің әл-ауқатымыздың жақсаруына ықпал етпейді, керісінше бізді тонауға тырысады, тіпті өз еңбегіңнің жемісін көруге де мүмкіндік бермейді.

Біздің ұлттық байлығымыз енді бізге де, балаларымызға да, тіпті немерелерімізге де тиесілі емес. Ел байлығы бір кездері осы байлықты бөлуге атсалысқан санаулы адамдардың ғана қалтасын толтыруда. Бұл елдегі барлық нәрсе – соттар, салықтар, заңдар, банктер, іскерлік қатынастар, бюрократия және қауіпсіздік күштері – бәрі әділетсіздікке толы! Егер сіз Конституцияда жарияланған құндылықтар туралы ғана емес, сонымен бірге қарапайым ақыл-парасат пен азаматтық қадір-қасиет туралы айта бастасаңыз, сізді еш аяусыз және ашық түрде, өздеріне ыңғайлы заңдармен жабдықталған репрессивті алып күш машинасы қудалайды, уландырады және қорқытады.

Бұл түсінік бізге аспаннан түскен жоқ, оны бізге шетелден немесе өткеннен біреу келіп ұғындырған жоқ. Қазақстан халқы айналасында болып жатқан  оқиғалардың шынайы көрінісі мен өзінің өміріне қарап тәжірибесі мен түсінігі арқылы көз жеткізді. Бүгінгі таңда ешкімді ақымақ және қарапайым насихатпен алдау мүмкін емес, себебі қоғам жоғалтқан адамдардың құны елде болып жатқан жайттарға соқыр және мылқау түрмен қарауға жол бермейді.

Енді тек бұл жағдайда не және қашан істеу керек екенін түсіну ғана қалды.

Қашан? Әрине, биылғы сайлаудан бастап. Көптеген жылдар бойы бізге «тиімді және дана» менеджменттің нәтижесі ретінде көрсетуге тырысып баққан бассыз заңдар мен нормаларды кімдер жасайды? Әрине, билікке мойынсұнуға даяр отырған парламент пен мәслихаттардағы азаматтар, себебі олар тек күші мен құдіреті барлардың қалауын бұлжытпай орындайды. Ал бізді «біз халық үшін алаңдаулымыз» деп жұбатады. Олар тек «Нұр Отанның» ғана құрамында емес, басқа да «рұқсат етілген»  партиялардың құрамында отыр, себебі олар ешқашан өз қожайынына ашық қарсы келмейді. Ал адамдарға қамқорлық көрсетуінің астарында  өзін-өзі жарнамалаудан басқа ештеңе жоқ, бар үміттері шынайы мақсаттары мен құндылықтарын жасыра отырып адамдарды қайта-қайта алдау арқылы биліктегі ғұмырларын ұзарту.

Алдымыздағы сайлауда оларды тағы да өз рөлдерін әрі қарай атқарып, халыққа тиімсіз заңдарды орнатуы үшін Парламентке және басқа да өкілетті органдарға отырғызуға тырысады. Шын мәнінде, олардың бір ғана міндеті бар – ел қазынасынан жымқырылған ақашалардың, сыбайлас жемқорлықтың, әділетсіздіктің, мемлекетті айқын түрде басқара алмаудың, ұлттық мүдделерді қорғай алмаудың, сыртқы саясатты абыроймен жүргізе алмаудың, қарапайым адамдар мен олардың қажеттіліктерін ескермеудің артын жабу.

Бүгінде әрбір қазақстандыққа билік пен қоғамның қарым-қатынасының түбегейлі тығырыққа тірелгені түсінікті. Мұның себебі өте қарапайым – халықты биліктің көзі деп қарастыратын демократиялық құндылықтар мен  нормалардың барлығы дерлік жойылды. Елді басқару құқығын шенеуніктер мен олардың отбасыларына емес, ҚР Конституциясының 3-бабына сәйкес халыққа беру керек, ал оны жүзеге асыру үшін елден шыққан ең үздік өкілдерді сайлау қажет. Мұны «Республика» деп те, «қоғамдық  келісімшарт» деп те атайды және оны екі тарап – билік те, халық та орындауы шарт. Осы тұрғыдан алғанда, «халық» – бұл қандай да бір әдеби абстракция емес, нақты құқықтық конституциялық ұғым.

Адам құқығы мен демократиялық бостандық дегеніміз не? Бұл билік пен халықтың тұрақты түрде диалог жүргізуі. Құқық пен бостандық жоғалғанда биліктегілердің халықпен кез-келген байланысы жоғалады, ол тек қана басып-жаншу, алдау, қулыққа толы заңдарды қабылдау кейіпіне енеді, сот-құқықтық қысым көрсету және күштік құрылымдар арқылы қудалау саласына аударылады.

Ең маңызды дүние, елдегі барлық ресурстарды – жер қойнауының байлығынан бастап, біздің қалтамыздан қазынаға түсетін әр тиынға дейін иемдену жолы. Негізі оларға билік қажет емес – себебі бұл өте үлкен  жауапкершілік. Бірақ тек билік арқылы ғана өз отандастарын тонап, олардың адами қадір-қасиетін қорлай алады. Еліміздің барлық дерлік азаматтары 30 жыл ішінде қалыптасқан саяси режимнің әділетсіз, өзімшіл, менмен, ашкөз, мейірімсіз және қатал екенін түсінеді. Бұл жүйеге дәл осылай, ешқандай заңды анықтамасыз – тек адами тұрғыдан ғана анықтама беруге болады.

Бүгінгі таңда елдегі конституциялық билікті ат төбеліндей ғана бір топ адам басып алды және олар өз билігін тек абсолютті ғана емес, сонымен бірге мәңгілік деп санайды. Олардың ойынша, Парламентте, соттарда немесе президент орнында кім отыратынын халық шешпейді. Қоғамдық келісімшарт біржақты тәртіпте бұзылды және ол бізге ашық түрде жарияланды. Ел азаматтарына үндеу тасталды:

«Біз өзіміз қалаған нәрсені жасаймыз, ал сендер кедергі келтіре алмайсыңдар. Біз Парламентте өзіміз қажетті деп санайтын депутаттарға орын береміз, ал сендер тіпті өз пікірлеріңді білдіру үшін жинала да  алмайсыңдар. Бұл депутаттар бізге бұрынғыдай ел ішінде және шетелде жақсы өмір сүруге мүмкіндік беретін заңдарды қабылдайды, өйткені сендердің бізге қарсылық білдіруге намыстарың да, батылдықтарың да  жетпейді. Егер қарсы шығуға тырыссаңдар, біздің жазалау машинамыздың құрбаны боласыз».

Сол жағалауда отырып алдағы сайлауды жобалаушылар басты нәрсені ұмытып барады – егер халық шынайы бірігуді қаласа және біріксе, онда оның бәрін өз қалауынша жасауына ешнәрсе тосқауыл бола алмайды.

10-қаңтар күні сайлауға барып, Қазақстан Республикасының нағыз қожайыны кім екенін көрсете отырып, елдің ахуалы жақсарып, саяси жүйе халықтың мүддесіне сай болмайынша, өз ұстанымымыздан бас тартпау керекпіз. Бұған дейін олар үнемі біздің пассивтілігіміз бен біріге алмағандығымызды пайдаланды, бірақ сайлау күні біздің өзгеруіміз керек. Сондықтан сіздің болашағыңыз шешілетін күнді өткізіп алмаңыз!

Енді не істеу керек?

Менің ойымша, бұл сұрақтың жауабы айқын – ертеңге қалдырмай бүгіннен бастауымыз керек. Дегенмен, мұны қалай жасау керек деген сұрақ төңірегінде көптеген пікірталастар мен күмәндар бар. Солар туралы біраз айтып өтейін.

Сайлауға қатысқан сайлаушылар саны: сайлауға бару немесе бармау?

Сайлауға неғұрлым аз адам келсе учаскелік сайлау комиссияларының билік органдарына дауыс беру нәтижелерін түрлі айла амал арқылы бұрмалай отырып жіберуіне мүмкіндік туады. Негізінен сайлауға келмегендердің бюллетеньдері «тапсырыс бойынша» «Нұр Отанның» және басқа да партиялардың пайдасына өткізіледі. Келмеген адамдардың дауысы арқылы сайлау санын «көбейту» әлдеқайда оңай, өйткені ол бюллетеньдерді қайта жасаудын қажеті жоқ.

Өте аз сайлаушының келуі билік үшін тым тиімді деп айтуға болмайды. Оларға «өз жақтастарының» жоғары белсенділігі қажет. Дәстүр бойынша төменде көрсетілген бес негізгі топ билік «жақтаушылары» болып саналады:

  • «карусель» түріндегі шараларға қатысатын топ (бір үлкен топты учаскеден учаскеге тасымалдау және оларға бірнеше рет дауыс беруге рұқсат ету);
  • «еріксіз» дауыс беру тобы (бұл ең ауқымды топ студенттерден, басшыларына әкімдік немесе жұмыс беруші олигархтар қысым көрсеткен кәсіпорындардың қызметкерлерінен, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы түрлі дәстүрлі мемлекеттік қызметкерлерден құралады);
  • «бұйрықпен» дауыс беру тобы (барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері, саяси және әкімшілік лауазымдарға тағайындалғандар, қауіпсіздік қызметкерлері және форма киген барлық адамдар);
  • «қатысы бар және сенім артқандар» пулы (нұротандықтардың және басқа да тіркелген партиялардың жақындары мен отбасы мүшелері, сондай-ақ белгілі бір себептерге байланысты «Нұр Отан» барлығын дұрыс жасайтынына және осылай жалғастыратынына кәміл сенімді адамдар);
  • Бесінші топты «ерекше топ» деп атаймыз (елшіліктерде, жабық учаскелерде дауыс берушілер, мобильді жәшіктер, шалғай және қатынауы қиын елді мекендер және т.б.).

Биліктің алтыншы ең ауыр соққы беретін тобы – барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары жүйесі. Әр деңгейдегі комиссия дауыс беру нәтижелерін өз әдісі бойынша бұрмалайды. Сайлау комиссияларының бүкіл вертикалі арнайы қызмет пен әкімдік қызметкерлерінің «кураторлығымен» сүйемелденеді.

«Нұр Отанның» өркендеп тұрған уақытында, жоғарыда аталған бүкіл мәжбүрлі тетіктерді, яғни «әкімшілік ресурстарды» қоса есептегенде, «ядролық электораты» (билік партиясына саналы түрде дауыс беретіндер) әдетте сайлаушылардың шамамен 25%-ын құрайтын. Сондықтан дауыстардың басым бөлігін алу үшін оған қосымша 26% алу жеткілікті болатын. Бұл «батпақтан» сыдырылған дауыс – үгіт-насихат арқылы сендірілгендер. Қалған пайыздарды саяси «сұлулық үшін» үшін қосып отырған.

Уақыт өте келе билік партиясының «ядролық электоратының» саны азайып, бірте-бірте иллюзиядан арылғандардың саны көбейді. Бүгінгі таңда бұл кішкене ғана топ. Жоғарыда сипатталған барлық тұрақты қатысушылар манипуляция объектісі болудан шаршады. Шаршамайтындар – арам пиғылды адамдар немесе патогенді түрде «номенклатураның жазалаушы қылышынан» қорқатындар.

Алайда мотивтер мен ар-ожданның нақты күресі осы майдандарда және осы топтарда болатынына аңғалдықпен қарауға болмайды. Себебі, бұл адамдардың қандай-да бір жолмен сайлау процедураларына қатысудан жалтаруы екіталай – олар сөзсіз мәжбүр болады.

Негізгі сұрақ – оларда не басымырақ, азаматтық намысы ма әлде «әкімшілік қылыштан» қорқу ма? Егер олар әдеттегі мәжбүрлеу жолымен жүрмесе, қоғам олармен нақты ынтымақтастық орната ала ма? Түбінде көзі ашылып, көкірегі оянғандарға мұндай мүмкіндік бар ма? Меніңше, мүмкіндік бар. Тек маған аңғал және ондай адамдардың барына сенгіш екенсің демеңіз. Әрине, мен сенемін және біз ісімізді өз азаматтарымызға сенуден бастауымыз керек.

Бұрындары сайлауды ұйымдастыруға қатысуға тартылған, бірақ дауыстарды бұрмалауға көмектескісі келмейтін адамның қарсылығын ерлік деп санауға болатын. Өйткені халық бұндай сирек кездесетін адамдарды жазалаулар мен қудалаулардан қорғай алмайтын. Ал қазір әлеуметтік желі мен ақпараттық технологиялардың пайда болуымен көп нәрсе өзгерді – тек оларды өз азаматтық сеніміңді қорғау және халық қолдауына ие болу үшін дұрыс пайдалана білу керек.

Алайда, ақпараттық желінің емес, қоғамдық сананың жай-күйі маңызды. Бүгінде қоғам өзін тағы да мылқау тобыр сияқты қабылдауға жол бермейді. Сондықтан, бұл жолы мәжбүрлеу жүйесіне қарсы шыққандардың барлығы номенклатуралық және күштік озбырлыққа қарсы халық тарапынан кеңінен қолдау табады деген сенім бар. Бұл қолдауды қалай көруге және сезінуге болады?

Бұның тек бір жолы бар – ұйымдастырушылар мен сайлаудың міндетті қатысушылары қалай әрекет ететінінде емес, негізгі фактор бұқаралық сайлаушының өзін қалай ұстайтынына байланысты. Егер ол бұрын-соңды болмаған белсенділік танытса, көшедегі наразылықты қолдаумен ғана шектелмесе, қарсы дауыс беру арқылы белгілі наразылық топтың нақты санын білдірсе, онда бұл халық жеңісінің алғашқы қадамы болып саналады және бұл кері қайтпайтын тек алға итермелейтін жол болмақ.

Бұл мүмкін бе? Барлық нұсқаларды қарастырайық.

  • Азаматтық балама

«Азаматтық балама – ашық платформасы» деп аталатын біздің бастамамыз, нәтижесі есептеле алатын наразылық білдірудің жалғыз нысаны ретінде келесі әрекеттер алгоритмін ұсынады: «Нұр Отан» мен оның саяси тапсырыс берушілерінің болашақта билікте болуына келіспейтін азаматтар сайлау учаскелеріне белсенді түрде барып, бюллетеньді диагональ бойынша сызып тастау арқылы «бәріне қарсы» дауыс беруі керек.

Бұл әдіске «бюллетеньдерді бүлдіру» деген сәтсіз ат берген – ресми түрде солай қабылданғанымен, іс жүзінде бұл билікке, бүкіл саяси режимге және бұл сайлауға деген сенімсіздік вотумын  білдірудің көрінісі. Бюллетеньдер – бұл ең алдымен біздің меншігіміз, өйткені біз – мемлекетпіз.

Шын мәнінде, бұл біздің өміріміздің бүкір саласына жайлаған озбырлыққа қарсы «жоқ» деп жауап берген референдум түрі.  Жаңа ел, жаңа қоғамдық  қатынас құруға «халық» болып атсалысқан және халыққа билік көзі ретіндегі конституциялық мәртебесін қайтаруға бағытталған алғашқы қадамымыз болмақ.

Бұл шешім, учаскелік сайлау комиссиялары (УСК) деңгейінде өз бюллетеньдерімізді есептей алатынымызға негізделген. Біз дәл осы деңгейдегі сайлау қорытындысына назар аударамыз, себебі қарсы дауыс бергендердің дауысы осы жерде белгілі болады.

Бұдан ары қарайғы процесті бақылау мүмкін емес – тіпті барлық бюллетеньдер «қажетті» дауысы бар бюллетень қапшықтарымен алмастырылуы мүмкін, бірақ бұл жағдай қарапайым сайлаушыларды толғандырмауы керек. Ең басты нысанамыз – УИК, осы деңгейде біз өз наразылығымызды білдіріп, оны өз көзімізбен көріп санай аламыз.  «Жоғарыдағылар» сайлау нәтижесін алдын-ала мәлімделген «Нұр Отанды» 75-80% азаматтар қолдайды деген нәтижеге сәйкестендіруге тырысады, бірақ біздің санаған қарсы дауысымыз бен олардың санаған өз дауыстары арасында дау туғызар зор қарама-қайшылық болады.

Сандық тұрғыда біз мынаны көреміз: егер елде шамамен 12 млн. сайлаушы бар деп есептесек, «Нұр Отанға» жалпыхалықтық жеңістің көрсеткіші ретінде электортаттың шамамен 77%-ның сайлауға қатысқаны дұрыс болар еді. Яғни, «жоғарыдағылар» шамамен 9 миллионға жуық сайлаушылардың белсенділігін көрсетер еді. Өткен президенттік сайлаудың ресми деректері мен статистикасы негізге алынды. «Нұр Отанның» жоспарлаған пайызы – шамамен 70%, яғни Қ.Ж.Тоқаевқа берілген дауыс санымен бірдей (6,5 млн.).

Өткен жолғы сайлауда, бойкот негізгі тренд болғанына қарамастан, 1,4 миллионға жуық сайлаушылар А.Қосановқа дауыс берді.

Сұхбаттарының бірінде Ермұхамет Ертісбаев егер наразы дауыстардың саны 3 млн-ға жетсе, бұл Астананың сол жағалауына қысым жасаудың маңызды дәлелі болар еді деген пікір білдірді. 3 миллион дауыс – сайлаушылардың шамамен 30%-ы.

2019 жылғы президенттік сайлау кезеңінен бері біраз уақыт өтті, билік транзиті жобасы бойынша жеке Қ-Ж. Тоқаевқа берілетін сенім таусылуға шақ, себебі оның тарапынан қандай да бір айқын реформа саясатының болмауы салдарынан елімізде көптеген оқиғалар орын алды. Сондықтан бұл жолғы наразылық тек саяси және азаматтық белсенділердің ғана ойы емес, сонымен бірге елдегі сайлаушылардың басым бөлігінің де қалауы. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдар қазіргі биліктен оң өзгеріс күтпейді.  Бұл дегеніміз саяси шешімдер наразылық білдіргендерге емес, қарапайым ойлайтын еліміздің азаматтарына негізделуі керек екенін көрсетеді. Тек әрбір сайлаушы азаматтың өз наразылығын білдіруге құлшынысы болуы керек, сонда ғана нақты наразы дауыстардың саны 3 миллион емес, 6 миллион болуы мүмкін.

  • Алдын-ала жеңілісті мойындағандар

Бүгінде біреулер алдағы сайлауда таңдау жоқ деп мәлімдейді, бәрі біз үшін шешіліп қойылған, ештеңені өзгерту мүмкін емес деп ойлайды. Бұл тіпті басым көпшіліктің ұстанымы десек те болады. Қазақстандықтардың сайлау жүйесіне көңілі қалғаны соншалықты, оған ешкім сенбейді, белсенді түрде сайлауға қатысу – адам өміріне нақты өзгерістер енгізе алады деп санамайды. Көптеген адамдар «лас саясат» деп аталатын нәрседен бас тартты және алдағы сайлауға мүлдем қатысқысы келмейді.

Бұл топты – алдын ала жеңіліп, ескіше өмір сүруге келіскендер – деп атайық. (Төменде айтылатын «белсенді бойкотпен» шатастыруға болмайды)

Неге бұлай атадық, неге жай ғана «немқұрайлылар» тобы демеске? Себебі  сайлау кезеңіндегі мұндай саясат оның саяси клиенттері үшін өте тиімді. Бұл сайлаудың қаңтар айында, сарышұнақ аяз уақытында және Жаңа жыл мен Рождество мерекелеріне жақын уақытта өткізілуі кездейсоқ емес. Олар сайлауды тезірек тып-типыл етіп өткізуді көздеуде.

Өкінішке қарай, бұл топқа «пікір көшбасшылары» мен саяси белсенділерге көңілі қалған, сонымен бірге оларға мойынұсынған адамдар кіреді. Бұл көптеген жылдардағы сатқындықтың, оппозиция көшбасшыларын әр тараптан қаралау үшін жүргізілген ұзақ науқандардың, сондай-ақ, ашығын айтқанда бір-бірімізге деген алауыздықтың салдары.

Алайда, бұл тек оппозиция мен оның басшыларына тән ерекшелік емес. Жалпы, елде түбегейлі және толықтай сенім сезімін тудыратын адамды табу өте қиын. Мұндай адамдар іс жүзінде жоқ – өйткені мемлекет жылдар бойы өзінің қатарына тек тиімділерді ғана тартты және бұл үрдіс қоғамның барлық салаларына әсер еттті.

Сондықтан, менің және жақтастарымның сізге айтарымыз бар – ешкімге сенбеңіз, тек өзіңізге сеніңіз! Біздің барлық отандастарымыздың ынтымақтастығына сеніңіз. Мұны бірге жасайық, өйткені бұл бір қадам, бір күн! Біз жетістікке жетеміз, бас тартпаңыз! Осы себепті біздің бастамамыз біреудің көшбасшылығы түрінде емес, ашық платформа ретінде құрылды – әркім оған өз үлесін қоса алады.

  • «Ақылды дауыс беру» және соған ұқсас технологиялар

Ұзақ уақыт бойы бұқаралық ақпарат құралдары үкімет пен «Нұр Отан» партиясын технологиялық тұрғыдан қалай жеңуге болатыны туралы түрлі нұсқаларды талқылады. Схоның бірі «Ақылды дауыс беру» деп аталады. Бұл терминді Ресейде Алексей Навальный ойлап тапқан, кейбір жағдайларда бұл технология сәтті өтті.

Оның мәні кез келген басқа партия үшін дауыс бере отырып, “Нұр Отанға” берілетін дауыстардың санын азайту. Түрлі нұсқалар ұсынылды, оның ішінде “Ауыл” партиясына немесе “Нұр Отаннан” басқа кез-келген партияға дауыс беру болды.

Бұл әдістерде белгілі бір себептер бар, бірақ олардың кемшілігі – бұл технологиялар әлсіз сенімдерге негізделген. Осы себепті, өте қысқа мерзімде бұл технологиялар келесі себептер бойынша идеялар бәсекелестігінен шығады:

Біріншіден, бұл партиялар үгіт – насихат процесінде өз сайлаушылар пулын қалыптастырады-бұл партия мүшелеріне жақын адамдар, олардың әлеуметтік топтары, саяси тапсырыс берушілері, сондай-ақ қандай да бір себептермен “екінші эшелондағы партиялардың” біріне саналы түрде дауыс беретін сайлаушылар. Жақында қайта жасақталған «Адалдың» да осылай әрекет ететініе күмәнім жоқ.

Екіншіден, бұл партиялардың негізгі саяси қызметі – сайлау нәтижелерін және «Нұр Отанның» жеңісін мойындайтындығын мәлімдеу. Сондай-ақ бюллетеньдермен алаяқтық процесінде оларға “берілетін” пайыздармен келісетіні туралы мәлімдеу. Бұлай мойынсұнуды наразылық деп атауға да келмейді. Өйткені, бұл жерде наразылықтың көрінісі жоқ және оны іздеудің де қажеті жоқ.

Үшіншіден, жалпы алғанда, бұл партияларға берілген дауыстарды  наразы дауыс ретінде есептесек болады, өйткені кез-келген жағдайда бұл финалда «ерекше және қайталанбас» болуға тырысатын «Нұр Отанның» айқын жеңілісі. Бірақ бұл елдегі сайлаушылардың ең кең топтары қалай дауыс беретіндігіне арналған бонус. Нәтижелерді тану факторы соңында бәрін бұзады.

  • «Нұр Отан» партиясының пайдасына ойнау нұсқасы

«Барлығына қарсы дауыс беру» стратегиясы “Нұр Отанның” кезекті ойынының нұсқасы ма? Бұл нұсқаны насихаттаушылар “Нұр Отанның” жеңіске жету нәтижелері халыққа нақты жарияланғанын ескере отырып, сайлауды автоматты түрде заңдастыру деп санайды. Мұндай ойын көп күдік туғызары анық, өйткені халық барлық акторларды кезекті “қосанов ретінде” қабылдайды.  Бұл жарақат ұзақ уақыт бойы жазыла қоймас.

Алайда, “Қосанов сценарийі” соңында сайлау нәтижелерін мойындауды және оған сенім артқан осы бір жарым миллион адамның жеңілісін білдіреді. Біздің стратегиямызға бойынша сайлау нәтижесі және тұтастай алғанда олар орындалатын барлық құқықтық база мен рәсімдерді тану кірмейді. Осы себепті мұндай күдіктер негізсіз.

Біз сайлауды ұйымдастырушылармен УСК деңгейіндегі дауыстарымызды санағаннан кейін бірден қоштасамыз. Өзімізге қажетті ақпаратты алғаннан кейін, санаудың келесі кезеңдеріне бойкот жарияладық деп есептейміз.  Бізді ОСК-ның қиялдары қызықтырмайды – және бұл біздің эмоциямыз ғана емес, еліміздегі барша парасатты адамдардың ойы. Билікке сенімсіздік  вотумы бойынша халықтық референдум осы деңгейде өтеді.

«Белсенді бойкот»

Еліміздің кейбір азаматтары өздерінің келесідей нақты ойларын білдірді: «билік, қарапайым азаматтарға өз құқығы немесе талаптарын бейбіт жолмен білдіруге мүмкіндік бермейтіндей етіп түрлі заңдар мен нормалар ойлап тауып, бөгет жасауда. Астанада отырған билік басындағылар бізге тек ашық түрде наразылық білдіруден басқа амал қалдырмады. Ал бұндай жағдайда сайлауға барып дауыс беру азаматтық қадіріңді жоғалту болып табылады, сондықтан оған қатысудың қажеті жоқ, наразылығыңды білдіру үшін бірден митингке шығу керек».

Бұл ұстанымды бүгінде «белсенді бойкот» деп те атайды. Бұл стратегиядағы негізгі белсенділік  қағидаты сайлау учаскелеріне бармау ғана емес, осындай сайлау өтіп жатқан Қазақстандағы саяси жағдайға қарсылық ретінде алаңға шығып белсенді түрде наразылық білдіру.

Біздің бастамашыл топтың да ұстанымы осы топтың көзқарасына сәйкес. Алайда, біз тек азаматтық және партиялық белсенділерге ғана емес, сондай-ақ жоғарыда айтқанымдай, барлық сайлаушыларға арқа сүйер болсақ, бұл наразылық әлдеқайда тиімдірек болады деп санаймыз.

Бұл жердегі басты мәселе дауыс бермегендердің санын саяси активке қосудағы қиындық, дегенмен оның өз нақты сандық көрсеткіші болады, бірақ бұл әдістің ең осал жері оның дұрыс түсіндірілмейтінінде. Себебі, тек барлығына наразы болғандар ғана емес, барлығына риза болып, өзгерісті қаламайтындар да дауыс бермейді.

Бұған қоса, толық бойкот жасауды қолдаушылардың басым бөлігі сайлауға белсенді қатыса отырып, бірыңғай жолмен барлығына қарсы дауыс беру сценариінің алдын-ала сәтсіздікке ұшырауы мүмкін екенін де ескереді. Бұның себебі Қазақстанда бұрын-соңды мұндай наразылық білдіру тәсілі мен мұндай белсенділіктің болмауында. Өйткені адамдардың сайлау рәсіміне деген абсентеизмі мен немқұрайлылығы өте жоғары деңгейде.

Өкінішке қарай, ақиқат осындай. Шынында да, Қазақстандағы ешбір сайлау айтарлықтай белсенді түрде өткен емес. Билік бүгінде барлық ақпараттық арналар мен түрлі үгіттеу тәсілдерін қатаң түрде шектеп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі әрбір азаматқа тиісті ақпаратты жеткізуге мүмкіндік бермей отыр.

Алайда бұл тағы да сенім мәселесіне келіп тіреледі. Өз отандастарына деген сенім. Өзгеріс орын алады деген сенім. Бір жағынан адамдар да өзгеріп жатыр, келе келе олар да ең күрделі деген жағдайлардың арасындағы байланыстарды анық түсінуде. Әрине, бұндай ешқашан болған емес, бірақ түптеп келгенде бәрібір болады. Мен кәміл сенімдімін. Тіпті қателескен күннің өзінде, өз сезімдері мен сенімдері шынайы болған адамға қателесу түк те қорқынышты емес.

Егер тек сенімге жүгіну аздық етеді десеңіз, онда ғылыми көзқарасқа жүгініңіз. Ал ғылыми тұрғыдан алып қарасақ – бүгінгі таңда елдегі наразылықтың әлеуметтік базасы барынша жоғары деңгейде және жалпы халықтың барлық топтарын қамтиды. Дәл осы себепті билік тез арада социологиялық зерттеулер мен экзит полдардың мүмкіндіктерін жоюда. Дегенмен, шындықтан қаша алмайтының тәрізді, барды да жоқ дей алмайсың.

Бақылаушылар және бақылау

Стратегиялық маңызды мәселелердің бірі – біздің қарсы берілген дауыстарымыздың дұрыс есептелуі. Біз үшін ең бастысы тек «өз» дауысымызды санау және сайлауға келгендердің жалпы санын білу. Осы мақалада бақылау стратегиясын нақты ашып көрсеткім келді, себебі бұл көпшіліктің көкейіндегі сұрақтардың бірі. Алайда біз жасаған ашық қадам кенеттен кері әсер беріп, түкке тұрғысыз болып қалса ше?

Білемін, ашықтық «Azamattyq balama» платформасының негізгі іргетесі, бірақ бақылау тақырыбы біздің биліктің қытығына тиюде, сондықтан біраз уақытқа дейін кейбір мәліметтерді ашып айтпауды жөн көрдік. Дегенмен, бұл көпке созылмайды. Себебі уақыт тығыз, тіпті санаулы күн қалды.

Бақылаудың негізгі тактикасы туралы кезең-кезеңімен хабарлап отырамыз, дәл қазір негізгі үш бағытты көсетуге болады:

1. Бақылаушылар «сайлау комиссиялары» жанында әдеттегідей сайлауға қатысады. Бұл жерде ең бастысы бүкіл ел аумағы бойынша көбірек бақылау учаскелерін қамту. Осы орайда еліміздің белсенді азаматтарын бақылаушы болуға шақырамыз, сондай-ақ біздің штаб сіздерге қай ұйымдардың қатарына қосылуға болатыны туралы ақпарат береді.

2. Электрондық бастама – әлеуметтік желілерде және арнайы платформаларда бюллетеньдер мен хаттамаларды жіберу.

3. “Цитадель” бағыты – бұл сайлау комиссияларының мүшелеріне және барлық деңгейдегі сайлауды ұйымдастырушыларға арналған ерекше бағыт. Оларды өз азаматтық борышын дұрыс орындауға және сайлау учаскесінде бақылаушы болмаған жағдайдың өзінде сайлау нәтижелерін бұрмаламауға шақырамыз. Сайлау нәтижелері бойынша алаяқтық әрекеттерге қатысу қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады. Әрине, біз үшін азаматтық борышты орындау алғы орында және қазіргі билік сияқты қорқыту-үркіту, бопсалау арқылы емес, ең жақсы адами қасиеттер негізінде тіл табысу  маңызды. Халық деген – бұл барлығымызбыз, бүгінгі цитадельдің ішіндегілер де, сыртындағылар да.

• 6 миллион сайлаушы бар. Ары қарай не болмақ?

Сонымен, «Azamattyq balama» ашық платформасының қатысушыларына ең маңызды және жиі қойылатын сұрақтардың бірі – біз «барлығына қарсы» дауыс бердік және қажетті дауыс санын жинадық делік. Ары қарай не болмақ?

Мұндай қарсы дауыс берудің саяси нәтижесі айқын:

Халық өзіне «билік көзі» мәртебесін қайтарады және өзінің бар екенін,  біртұтас екенін және бұдан былай биліктегілердің оны қалағанынша билеп төстеуіне төзбейтінін көрсетеді. 

Егер біз «барлығына қарсы» дауыс беру арқылы сайлаушылардың 30 пайызынан астам дауысын жинасақ, онда бұл парламенттің легитимді емес екенін білдіреді. Легитимділік – бұл биліктің өзі ойлап тапқан заңдарға сәйкестігі емес, Парламентті әділ сайланған деп тану. Біз айтқан жағдайда, Парламент әділ сайланды деп саналмайды және бұл тек бір топ белсенділердің ғана емес, бүкіл халықтың басым бөлігінің пайымы ретінде қабылданады. Биліктің бұған қарсы айтар уәжі қалмайды. Неліктен тек 30 пайыз ғана жинау керекпіз? Себебі биліктің барынша қарсылығына қарамастан жиналған 3 млн. дауыс, бұл  біз жоғалтқан еркін бәсекелестікте жинайтын 5-6 млн. дауысымыз болып саналады. Егер бұдан көп жинай алсақ тіпті керемет, әрі халықтың табанды ұстанымын күшейте түседі.

Дауыс берудегі жеңіс бүкіл саяси жүйенің легитимділігі дағдарысын тудырады, өйткені ол Парламенттің мәртебесі мен заңдылығына байланысты. Шын мәнінде, бұл әрекетіміз арқылы қазіргі партиялық жүйеге де, оның басты  орталық буыны – «Нұр Отанға» да «қарсылығымызды» білдіреміз, ал олардың сенімді сайлаушылары бар болса, олар жай ғана еркін бәсекелестік режиміне көшеді. Елімізде билеуші партиялар болуы мүмкін, бірақ бұдан былай билік партиясы болмауы керек. КОКП-ның тоталитарлық мұрасын біржолата жою керек.

Бұл саяси нәтижені ары қарай не істейміз және ол оқиғалардың одан әрі дамуына қалай әсер етеді? Бірінші қадам сайлауды тоқтатуды және оны кем дегенде күзге ауыстыруды  талап ету.

Әрі қарай, партияларды тіркеуге кедергі келтіріп отырған түрлі шаралар қарастырылған қазіргі партиялар туралы заңға өзгеріс енгізу үшін, оны қайта қарауды талап ету. Негізгі минималды талаптар – партия құру үшін Қазақстанның небәрі 1000 азаматының жеткілікті болуы, съездер мен филиалдарға қатысты талаптардың демократияландырылуы, мәжіліске кіру шегін 3% – ға дейін төмендету және т.б.

Бұл қадам жаңа уақытша парламентті сайлау мақсатында нағыз бәсекелік орта құру үшін жасалады. Уақытша парламенттің басты саяси міндеттері,  конституциялық реформа және Қазақстан халқына Конституцияның түрлі жобалары мен келешектегі мемлекеттік құрылымды ұсыну. Партиялар Конституцияға деген көзқарасындағы айырмашылығына қарай  құрылады. ОСК Президент Әкімшілігінің бөлімі емес, нақты қоғамдық ұйым қағидаты бойынша таратылуы және қайта ұйымдастырылуы керек. Сайлау жүйесіне деген сенімді қайтадан және “нөлден” бастап құру керек.

Қазіргі Парламентке осы заңды қабылдауға мүмкіндік беріледі. Әйтпесе, жұртшылық референдум арқылы жаңа Конституцияны қабылдауды және оны қабылдау мен талқылау тәсілдерін ұсынуды қолқалайды.

Қазіргі ақпараттық технологиялар плебисциттік демократияға жаңа басымдықтар беруге өте қолайлы жағдай жасаған. Сондықтан реформаларды тезірек жасау үшін тиісті киберплатформа мен жалпыазаматтық әлеуметтік желі құруға қол жеткізу керек. Мұндай желінің алгоритмдері бұрыннан бар, олар ашық бәсекелестік ортада қабылдануы тиіс.

Халықтың ұстанымын күнделікті және қажетті шешімдер қабылданғанға дейін табандылықпен қорғау міндеті қазіргі саяси немесе азаматтық активке жүктелетіні белгілі. Ендігі жерде бұлардың қатарына сайлаушылардың әлеуметтік базасы қосылады және олардың күші артады. Менің болжауымша, егер ескі белсенділерге халықтың көңілі толмаса, саяси актив жаңа тұлғаларды ұсынуы мүмкін – бұл еркін бәсекелестіктің еншісінде, тек осы үдерісті тезірек бастатқан жөн. Ең бастысы, жаңа өмір бастағысы келетін кім екенін анықтау, әрине ол биліктің жалғыз көзі – Қазақстан халқы.

Сонымен, достар, отандастар!

10-қаңтарда біз болашақ бес жылда, мүмкін тіпті одан да көбірек уақытта қалай өмір сүретінімізді таңдаймыз. Бүгінгі саяси режим мен оның сателиті болағн «Нұр Отан» партиясы және басқа да «рұқсат етілген» партиялардың бізге дайындап жатқан келешегімен келісесіз бе? Егер келіспесеңіз, онда «жоқ» деп тоқтау айтыңыз. Өзіңіздің азаматтық сенімсіздік вотумыңызды  білдіріңіз! Осы жолғы сайлаудағы дауыстардың ұрлануына жол бермеңіз. Жаңа өмірді таңдаңыз. Бұл тек алғашқы қадам, бірақ өміріңіздің бір күні мен бір көктемінде нағыз кәсіби азаматқа айналыңыз, елді басқарып көріңіз, оны өз қолыңызбен өзгертіңіз. Маған көбісі «қолдарыңнан келмейді, ешқашан да келмеген» – дейді! Бірақ мен сенемін, егер сіз де сенсеңіз, онда біз міндетті түрде жетістікке жетеміз!

Біз ортақ қадам жасаймыз және бірге жеңеміз! Ортақ қадам, ортақ жеңіс!

  •  

*Вотум [латынша votum – тілек, серт, уәде, ант] – дауыс беру арқылы білдірілген шешім.  арттырып, саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн