Адам екенімді ӘРЕҢ ДӘЛЕЛДЕДІМ…

 

Сіздердің газеттеріңіз қазаққа жақындау болар деген үмітпен жүрегімнің жан айқайын жіберіп отырмын. Мақала жазғанымның тағы бір себебі – менің басымда болған жағдай басқа адамдарға заң орындарымен жұмыста мұқият болыңдар деген ескерту тарихы болсын дегенім.

Мен – Қазақстан Республикасының азаматымын. 2014 жылы жазда пәтерімді сатайын деген ойым болған. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталығынан (ЦОН) анықтама қағаз алғанымда менің пәтерім бұғауда (арест) тұрғанын білдім. Содан 2014 жылдың тамыз айында ҚР Әділет министрлігі сот актілерін орындау комитетінің Алматы қаласы департаментіне бардым. Міне, сол күннен бастап, жеті айға созылған «Адам екеніңізді дәлелдеңіз» деп аталатын сергелдең басталды. Ондағылар алдымен Алматы қаласы заң департаментінің бастығы Д. Айтмұханбетовтың атына арыз жазып, сонда баруым керек екенін айтты. Ол арызбен барып, біраз уақыт өткен соң (бір айдай), қолыма пәтеріме бұғауды кім, қай уақытта қойғаны туралы қағазды алдым. Ол бұғауды Алматы қаласы Медеу территориялық бөлімінің қызметкері, сот орындаушысы Бақберген Арнұр 23. 09. 2009 жылы салғанын білдім.

Сол құжаттан білгенім – 2009 жылы 15 мамыр күні Алматы қаласы Медеу ауданының соты К.Қалекеева сырттан шешім шығарған. Сот шешіміндегі құжатта қалай жазылғанын солай келтірейін: «Взыскать с Ахметовой Майры в пользу ГКП СВЭК (государственное коммунальное предприятие «Северо-Восточный Энергетический Комплекс») сумму задолженности в размере 74 606 тенге, расходы по оплате 2 580 тенге».

Сот шешімінде Ахметова Майраның тұрған жері де көрсетілген. Онда «п.Алатау, ул.Жетбаева, дом 43 кв. 32» деп атап көрсетілген. Яғни, менімен аты да, тегі де ұқсас азаматша Алатау поселкісінде тұрады және ол ГКП СВЭК кәсіпорнына жылу және ыстық суға ақы төлемеген, сондықтан олар сотқа берген, сот сыртынан шешім шығарған. Сот орындаушысы Бақберген Арнұр көп ойланбастан деректер қорындағы бірінші шыққан «Ахметова Майра» деген пәтерге арест қойған да, қағазды ары қарай жіберген.

Осы айлар ішінде Медеу ауданының бірнеше сот орындаушысы осы іспен айналысты. Атап айтсақ, Нұрсейітов Ринат, Оразова Анар. Оразова Анарға деген алғысым шексіз. Осы департаментте де адаммен адамша сөйлесіп, өз қызметін адал атқаратын адамдар бар екен деген ой жүрегімді жылытты. Ал Бақберген Арнұр деген азамат тіпті телефонмен де дұрыс жауап бере алмады. Мен ары-бері заң департаменті, сот актілерін орындау комитеті, «ЦОН» аралығында қанша жүргенімді басына осындай сергелдең түскен адам ғана біледі. Зейнеткер адамды осыншама әурге салған қызметкеріне арызданып, Алматы қаласының Медеу ауданының сот актілерін орындау департаменті бастығының орынбасары Саменов Берікболдың қабылдауына жазылдым. Оны екі апта күтеді екенсіз. Оған да шыдадым. Арызымды тіркеп, департамент бастығының орынбасарына барғанда, ол өзі қабылдамай, оның орнына Абеуов Алмасхан деген бастық қабылдады. Мен арызымда «Жеті ай бойы сіздің қызметкерлеріңізбен хабарласып, жүгіргеніме жарты жылдан асты, әбден шаршадым. Әне шешіледі, міне шешіледімен әлі келеміз. Ал пәтерде арест әлі тұр («ЦОН» анықтамасы – 03. 02. 2015 ж.). Сізден сұрайтыным – мені осындай әуреге салған қызметкеріңіз Бақберген Арнұр мемлекеттік органдағы өзінің қызметін дұрыс атқармағаны үшін жауапқа тартылса екен деймін» деп көрсеткенмін.

Ал енді Абеуовтың маған не дегенін білесіз бе? Оның жауабы: «Бақберген Арнұрдың істегені бәрі дұрыс, сіз енді 2009 жылы 15 мамыр күні дұрыс шешім шығармаған Алматы қаласы Медеу ауданының соты К.Е. Қалекееваны сотқа беріңіз» деп қарап отыр. Яғни, «адам екеніңізді дәлелдеңіз» деген сөз.

Бұл не сонда, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегенге сая ма, әлде «маған не істейсің» деген дөңайбат па? Бақберген Арнұрды да, Абеуов Алмасханды да мен сияқты қарапайым қазақтың әйелі дүниеге келтірген шығар. Олардың да біз сияқты ауылдары бар, «тәк»  деп айтатын ақсақалы бар, «ұят болады» дегенді айтатын атасы мен әжесі бар, «балам, көз жасты жинама» деп айтатыны бар әке тәрбиесін көрген шығар? Әлде түк көрмеген, білмеген көргенсіз бе, бәріне көз жұмған жетесіз бе? Бізді ешкім танымайды, білмейді, көрмейді, «халық деген не, тобыр» деп өскен жүгенсіз бе? Бізді осындай әуреге салатын олар кім, құдай ма?

Құрметті редакция! Осы мақаланы жылап отырып жаздым десем, қателеспеймін. Менің тарихым жақсы аяқталды. Оған адами көмегін аямаған, тағы да қайталап айтам, Оразова Анар деген осы департамент қызметкеріне мың да бір алғыс айтамын.

Майра АХМЕТОВА,

зейнеткер,

Алматы қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн