Менің мұң-зарымды КІМ ТЫҢДАЙДЫ?

Жуықта 15 ақпан күні «Орал» телеарнасынан біздің оралдықтардың су астындағы балыққа жасап жатқан қамқорлықтарын көрсетті. Құптарлық жағдай. Тек көңілге оралатын бір сұрақ: «Атам заманынан бері ол балықтар біздің қамқорлығымыссыз қалай түгелімен қырылып қалмаған?»

Меніңше, табиғат өз заңымен жүреді, оған араласудың қажеті бар ма? Көктем шыға, қар жаңа ери бастағанда, динамитпен мұз жару деген шықты. Ол мұз үйіліп, бірінің үстіне бірі мінгесіп, қайта қатып қалып жатады да, су ерігенде өзеннің арнасын мінгескен мұз басып жатқандықтан, су арнасынан шығып, далаға жайылады. Ол мұзды олай жармаған болса, мұздың беті тегіс болса, еріген су арнасынан шықпай-ақ мұздың астымен де, үстімен де ағып кете берген болар еді ғой. Дүние құралғанынан бері солай болып келеді емес пе?

Әлде бұл біреулерге жаңа үй салып берудің сылтауы үшін істелетін нәрсе ме? Ол үйлердің саны бар да, сапасы жоқ. Қабырғалары суланып, үнемі көгереді де тұратын көрінеді! Жылуы да тек газдың күшімен реттеледі екен! Тасқалада әйтеуір газ бар! Ал газдың 1 текше метрі – 16,61 теңге.

Сол балықтарға істеліп жатқан қамқорлықты басшылар шіркін жоқ-жітік адамдарға жасаса ғой! Елбасымыз теледидардан бірнеше рет «нашар тұратын, мұқтаж отбасыларына қамқорлық көрсетілсін, көмек беріңіздер» деп қарамағындағыларға мұқияттап жатқанын естісек те, басшылар тарапынан ондай қамқорлықты өз басым көре алмай отырмын.

Қайтыс болған төрт баламнан қалған, 41 жасымда көрген жалғыз ұлымды үйлендіремін деп борышқа батып едім. Жығылғанға жұдырық деген, әлдеқашан ұмытылып қалған «Хоум кредит» банкке берешегімді менің келісімімсіз, мені ешқандай сотқа шақыртпай-ақ, соттың шешімі арқылы зейнетақымның жартысын банк жалмап жатыр.

Сонымен жарық пен газға, суға, телефонға төлегенде тамаққа қалатын азғантай ғана ақша «Хоум кредитке» кетіп жатыр. Қазір үйімде тек наннан басқа ішетін тамақ та жоқ! Біраз күннен бері түскі асты ішуден де бас тарттым, аздап болса да үнем болсын деп!

Және арандары қалай ашылған банк екенін қайдам: проценті айына 65–75 пайыз құрайды. Бұл қайдан шыққан тариф? Кезінде мұқтаж болғандықтан, басқа банктен ақша ала алмағасын, амалсыздан несие алып едім. Өзімізде үй жоқтың кесірінен 2012 жылы Ақсайдан Тасқалаға көшіп-қонып жүргенде, ол несиені уақытылы қайтаруға мұршам болмады.

Он төрт жасымнан бастап жұмыс істеп, 49 жылдан кейін зейнет жасына жеткенде, тағайындалғаны ең төменгі мөлшердегі 14 мың теңге болып, биыл қаңтар айында 34–35 мыңға әрең жетіп еді. Кемпірім де сондай зейнетақы алады. Жаңа түскен келінге жұмысқа шық деп қалай айтамын?! Жалғыз ұлды Москва, Астана қалаларына жұмысқа кеткісі келгенде, дәтім барып, жібере алмадым. Жас болса 70-ке келді (менімен жастағылардың немере түгілі шөберелері бар), төрімнен көрім жуық шақта жалғыз ұлды қалай далаға қаңғытамын?! Ауылда жұмыс жоқ.

Аудан прокурорына кіріп, «Хоум кредит» менің келісімімсіз зейнетақымнан сонша ақша ұстауы заңға жата ма?» – деп сұрақ қойып едім. Аты-жөнімді жазып алып, өзім хабарлаймын деп шығарып салған, әлі хабар жоқ. Бір жұмадай жауап болмаған соң, прокуратураға қайта барып, басқа бөлімдегі Ситқалиев Нұрлан деген майор шеніндегі жігітке жағдайымды айтқанмын. Бірақ ол жігіт те ертеңіне хабарласқанымда, өзім білетін мағлұматтан басқа мардымды ештеңе айта алмады. Облыс орталығы Оралға барып, кассациялық арыз беруіме болады екен. Бірақ нан сатып алатын ақша таба алмай отырғанда, облыс орталығына қалай барайын!? Кеңес кезіндегідей жолға шығып, қол көтеріп, кез келген транспортқа әншейін мініп кететін күн келмеске кеткен!

Мен ай сайын шамам келгенінше бес мыңнан төлеп тұрар едім деп те айттым. Әуелде алған 100 000 теңге кредиттің жартысындайы өтелгеніне қарамай, айып сомасын қосқан шығар, менен тағы 160 мыңға жуық теңге өндіретін болыпты. Бұл дегеніңіз – адамды тірідей сою ғой!

Түрлі тойларды тойлауға үкіметте ақша қаражаты жетеді де, мұқтаж адамға көмек беруге келгенде жоқ болып қалатыны қалай? Осы зарым заң орындарының құлағына тиіп жатса, айтарым: мен алған ақшамнан бас тартпаймын, төле деген сомасын ай сайын бес мың теңгеден ұмытпай төлеп тұруға уәде етемін, артыққа шамам келмейді!

Қайерден ЖҰМАШЕВ,

Тасқала қаласы,

(БҚО)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн