ҚАЗАҚҚА Навальный ҚАЖЕТ ПЕ?

Ресейдегі митингілер толқыны «сайлаудан» соң селқос жатқан Қазақстанды селк еткізген сияқты: «Қазақстан азаматтары Навальный сынды тұлғаны аңсай ма?» деп, сұхбат сұрады менен Bugin.kz интернет-порталдың тілшісі. Сол сұхбаттың «ДАТ» үшін толықтырылған нұсқасы төмендегідей болып шықты.

Аңсағанда қандай! Назарбаевтың жеке дара билігі езіп тастаған бүгінгі қазақты қайдам, ал ежелгі қазақ рулық қауымда, Батырлар бастап, Билер белсенді болған қоғамда өмір сүрген халық. Көшбасшы көсеміне күні қараған елдің бүйрек бұрышында, ми қабаты мен зерде зейінінде осы ментальдық қасиеттің файлы тұрмыс-салттық сұлбада сақталып қалған. Елдің жаз – жайлауға, күз – қыстауға көшу мерзімін де рубасылар белгілеген.

Қазақты отыз жыл қаңғыртқан Назарбаевтың тарихы да көсемге табынған халықтың санасында сақталған тәжірибенің нәтижесі. Әйтпегенде, бұл бейкүнә халық «Судырахметтің» сылдыр сөзіне еріп, бір ұрпақтың ғұмырын сарп еткен осыншама уақытын қор қылар ма еді?

Сондықтан бүгінгі күннің көшбасшысы – қазақстандық Навальный қазақтың ментальитетіндегі қажеттілік деп білем. Тіпті ертеңгі күні елде әлдебір саяси теңселіс басталып кетіп, тобырдың нөпірі стихиялық түрде алаңға шығатын болса, халық протестік процесті басқарып кетете алатын серкені іздейді. Бұл бір жағынан заңды құбылыс.

Екіншіден, «алаңға шығайық десек, бастап баратын адам жоқ» деп, пеш түбінде бүркеніп жатқан бүгінгі қазақтың салғырттығын сыпырып тастайтын «навальныйлар» қажет екенін біздегі митингілер дәлелдеп берді. Сыртта жүріп, халықты митингіге интернетпен «итермелейтін» «ДВК-лық» доғал дабыл да далбаса болып шықты. Тіпті, қала қожайындарымен келісілген митингіге 200-300-ден ары адам жиналмайтынын қайтесің?

  • «Қазақстаннан Навальный сынды тұлға шығуы мүмкін бе? Ол үшін қандай факторлар қажет? Финанс, қолдау, шетелдік таныс…» деп сұрады тағы да сол тілші.

Мүмкін және мүмкін емес. Мүмкін болатын себебі – әлемге әйгілі Димашты тудырған халық саясаттың да сұңғыла талантын тудыруы ғажап емес. Жалпы, қазақ дарынды халық, одан неше түрлі құбылыстар күтуге болады. 

Ал мүмкін болмайтын себеп қоғамның қазіргі күйінен, халықтың бүгінгі белсенділігінен, анығы – керісінше саяси салғырттығынан туындайды. Елдің билігі, назарбаевтық режим халықтың өзгеріске деген ерік-жігерін тұлдыр қылып, осындай марғау күйдің қорасына қамап тастады. Елдегі жағдайдың даму динамикасы көпшілік үшін, орысшалап айтқанда – “до лампочки”.

Екіншіден, ел ішінде адамдардың бір-біріне деген алауыздығы пен сенімсіздігін тудыру мақсатында биліктің саясат технологиясы нақақ тарататын лақап пен өсектің идеологиясы үстемдік құрып тұр. Әлдебір тұлға ту көтеріп шықса, оны “халық жауы”, “жоба”, “КНБ-ның агенті”, т.т. құбыжық қылып көрсету – Ақорданың айласынан туындайтын саясат. Мұны мен “айдапсал технология” деп атаймын. Ал бейкүнә халықтың біраз бөлігі осы арам амалдың айласына алданады. Содан барып, ел ішіне “анау – анау екен”, “мынау – мынау екен” деген лаң мен лақап тарайды. Содан «Навальный» болмақ азаматтың салы суға кетіп, Дон-Кихот тірлікпен таусылып тынады. 

Әйтпесе, 90-жылдардың соңында Назарбаевқа қарсы шығып, қоғамды соңынан ертпек болған Әкежан Қажыгелдин несімен Навальный емес? Оны “ұры”, “халықты тонады”, “әйелі еврей екен”, “қазақтың тілін де, тінін де білмейді” деп, биліктің технологтары таратқан қаңқу қоғамға мейілінше озбырлықпен сіңірілді. Кешегі Қажыгелдиннің бүгінгі Навальный болатындай потенциалын халықтың өзі құртты.

Немесе алғашқы “ДВК”-ны бастап шыққан Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов сол кезеңнің нағыз Навальныйы еді. Оларды “анау-ақ”, “мынау-ақ” деп, билік қасақана таратқан өсекке еріп кеткен кім? Әрине – қазақ!

Немесе “Ақ жол” мен “Азат” партияларының ақберен серкесі Болат Әбілов “чем не Навальный?”. Ол тіпті биліктің “төл баласы” болмаса да, “Назарбаевтың жобасы екен”, “Сараның інісі екен” деген өсекшіл қазақ оны қолдады ма? Бұл қазаққа Бутядан асқан қандай Навальный керек еді?!

Қазақстандық Навальный шығуы үшін қандай фактор қажет дегенде, мен бірінші кезекте азаматтың таза ниетіне халықтық сенім факторы қажет дер едім. Біз билік итаршыларының айтақтауымен адал ниет пен арам пиғылды айыра алмайтын қоғамға айналдық. Азаматты арқа рухы мен көзжанар жалынынан танитын ежелгі қазақты жоғалтып алдық. Бүгінгі қазақ саясат технологиясының құлына айналып барады. Мені осы кері кеткен үрдіс қынжылтады. Қазақстандық Навальныйды шарқ ұрып іздеудің астарында біздің саяси надандығымыз жатыр!

  • «Қазақстанда Навальныйға ұқсас тұлға қазір бар ма? Оған кімдерді ұқсатуға болады?» – дейді менен комментарий сұраған тілші.

Әрине бар! Жанып тұрған жас жігіт Жанболат Мамай бар. Бірақ біз тағы да “Жанболат – биліктің жобасы” деген қауесетке елігіп, ол шақырған митингіге 200-300 адамнан артық бармаймыз. Сөйте тұра, тағы да қазақтың Навальныйын шарқ ұрып іздейміз. Ол Навальный қайдан шығады, егер біз екінің бірінен өзімізге виртуалды дұшпан жасап алсақ?!

Сол сияқты Мұхтар Әблязов ресейлік Навальныйдан ешбір кемістігі жоқ тұлға. Бірақ біз тағы да “Әблязов БТА-банкінің 6 миллиард долларын ұрлап кеткен тонаушы” деген биліктің былшылдағына сенеміз. Бұл тұп-тура саяси надандық болмағанда – не?!

Қазақтың Навальныйы болатын тағы бір жігіт – Әлнұр Ілияшев! Осы өткен сайлаудың алдында «Окупай «Нур отан» деген ұран көтеріп, билік партиясының Алматы қалалық филиалын басып алған Әлнұр нақақ жаламен сотталып жатқанда, бұл қазақ оны қорғауға шықты ма?! «Елім!» деген ерді қорғауға жарамасақ, сандалып, Навальный іздеу не теңіміз?! 

Былтырғы наразылық қозғалысы кезінде жеке дара пикетке шығып, алты рет абақтыға жабылып, жалпы жиыны 90 күннен астам қамауда отырған Асхат Жексебаев деген жалынды жігіт екі айдан бері Алматы «СИЗО»-сында жатыр. Сол азаматқа құқыққорғаушы белсенділерден басқа араша түскен қазақ бар ма? Сөйте тұра, енді неге Навальныйды іздейміз біз? Біздің көшбастаушы жігіттер қамауда жатқан жоқ па?!

  • «Ресейдегі протестік көңіл-күй Қазақстанға қалай әсер етпек?» деген тілшінің сұрағына не дейін?

Мәскеудің ауа-райы 2-3 күнде Қазақстанға да келеді деген табиғи-халықтық таным бар. Осы табиғи құбылыс биылғы көктем мен күзде саяси құбылысқа айналып, бізге де келеді. Оның үстіне, Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросы Қазақстан билігінің сыртқа тыққан байлығын Навальныйдың нұсқасымен қопрауды қолға алды. Осы наурызға дейін Батыстағы парламенттердің бірінде «Магнитский тізімі» ресми қолдауға ие болып, наразылық нөпіріне қосымша қуат береді деген болжам бар. Қысқасы, «Кітапхананың» халықпен «тышқан-мысық» ойыны осылатын күн алыс емес.

Ал Ресейдегі наразы көңіл-күйдің Қазақстанға қарай үдере көшуіне билік пен қоғам қалай дайындалады – ол басқа мәселе. Билік қандай қам жасайды: репрессияның бұрандасын қыса түсе ме, жоқ әлде халық күткен реформалық өзгерістерге бет бұра ма; қоғам қазақстандық Навальныйды шұғыл тауып алып, оның соңынан ере ме?

Гәп осы екі сұрақтың жауабында.

  • Келесі сұрақ: «Бізде Навальный сияқты зерттеу жасауға, шенеуніктердің байлығын ашып көрсетуге мүмкіндік бар ма? Ол үшін не керек?».

Әрине ізденген және сол ізденіс жолында жалтармаған, қудалаудан қорықпаған адам үшін мүмкіндік бар. Ондай зерттеу-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін журналист болу шарт емес. Бастысы – ақиқатқа адал адам болуың керек.

Ал бізде Навальный сияқты зерттеу жасауға тұратын тақырып жыртылып-айырылады. Ағасы мен қарындастарын айтпағанда, бір Болат Назарбаевтың бизнес империясын ақтарып, оған біткен байлықтың қоясын қопаруға болады. Алматының төңірегі мен Алатаудың етегінде Назарбаевтың інісі салдырған сарайлар Навальныйдың нұсқасындағы тақырыпқа пара-пар болады деп ойлаймын.

Ең бастысы – билікті уысынан шығармай, Тоқаевтың ту сыртынан елді шеңгелінде ұстап отырған Назарбаевтың байлығы 200 миллиард доллар болады деген ашық ақпарат интернет иірімінде өріп жүр. Егер осы деректің дәйегі ақтарылатын болса, бізге Ресейдегі наразылықтың нағыз көкесі сонда келеді.

  • «Навальныйдан Қазақстан билігі жасқана ма, қалай ойлайсыз» – дейді Bugin.kz тілшісі.

Несіне қорқады? Біріншіден, Навальныйға Ресей мен Путиннің тақырыбынан асқан қызық қажет емес. Екіншіден, Навальныйдың мақсаты – Ресей режимін құлату, оған Қазақстан мен Назарбаевтың қажеті жоқ. Путиндік режим бүгін құлайтын болса, ертең Назарбаевтың режимі тоңқалаң асады. Біздегі тоталитаризмнің бірінші тірегі – Путин патша. Ол кеткен күні Назарбаев Қытайдан табылуы мүмкін…

Қазақстан билігі Навальныйдан емес, парақорлық пен жемқорлықтан қажыған халықтан қорқуы керек. Ақорданы айдап салып отырған «Кітапхана» елдегі ерегесті ушықтырмайын десе, шұғыл арада нақты саяси реформаны қолға алуы тиіс. Тойған тоқтыдай томпиған Тоқаев халықты «баланың ойыншығымен» алдандырғанды қойып, өзінің назыз президент екені рас болса, түбегейлі өзгерістерге бет бұрғаны жөн болады. Қорқыныштың көкесі осы арада бұғып жатыр. Ол әзірге ғана бұғып жатыр, ертең жанартау сияқты атқылауы мүмкін. Нәтижесі неғайбыл теңселіс сонда болады…

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн