ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ОБАЛЫ – қазақша сөйлемейтін ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНДЕ!

  • «Үкімет Тіл заңының сақталуын бақылауға қарсы шығуда»деп жазды Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса өзінің «Фейсбук»-парақшасында. Біз депутаттың осы орайдағы мәлімдемесін ықшамдап жариялап отырмыз.

Қазыбек Иса мырза қоғамның назарын аударған маңызды мәселе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында көтерілді. Депутаттың айтуына қарағанда, егер Тіл туралы заңдылықтардың орындалуын бақылау үрдісі заң жолымен бекімейтін болса, қазақ тілінің мәселесін жылы жауып қоюға болады. Оның мән-жайын депутат егжей-тегжейлі жазған екен.

«Біз – бірнеше депутат Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын бапты қайта енгізу туралы ұсынысымызға ҚР Үкіметі қарсы шықты. Айтатын жауаптары: «Кәсіпкерлік субъектілерге қосымша ауыртпалық жүктейтіндігі және аталған функцияның мақсатсыз екендігіне орай түзету қолдау таппады», – дейді. 

Бұл қарсылық Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ұлттық палатасынан шығып отыр. Ал қандай «қосымша ауыртпалық жүктейтіндігі» туралы нақты айта алмайды.

Осындай негізсіз қарсылықтарға қалай сенуге болады?

Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабында белгіленген бақылау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілері қызметі салаларының тізіміне ҚР Тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды енгізген жағдайда кәсіпкерлерге ешқандай қысым жасалмайды. Себебі Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылау іс-шарасы кәсіпкерлік нысанның жұмысына ешқандай кедергі келтірмейді, кері әсер етпейді:

1. Өнім шығару, сауда-саттық жасау, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру және т.б. сияқты өндірістік процестер тоқтатылмайды. (Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тоқтатуы мүмкін).

2. Кәсіпкерлердің банктегі жеке есепшоты бұғатталмайды. (Салық немесе қаржы бақылау органдары бұғаттауы мүмкін).

3. Кәсіпкерлік нысан орналасқан үй-жайды немесе ғимаратты пайдалануға уақытша тыйым салынбайды. (Өрт қауіпсіздігін бақылау мекемелері тыйым салуы мүмкін).

4. Кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жасау деген – уақытша шара, сондықтан ол қолданыстағы заңнамаға өзгерту енгізуге бөгет бола алмайды.

5. Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабында бұрын берілген Бақылау қайта қосылғанда бюджеттен ешқандай қосымша шығын қажет етпейді.

Дәл осы Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабын алып тастағандықтан, сауда орындарында тауар мәліметтерін мемлекеттік тілде жазуды жиыстырып қойған. Өйткені Тіл басқармалары тексере алмайды.

Сондықтан тіл жанашырларының өздері дүкендер мен мейрамхана-кафелердегі заңсыздықпен күресуде. Шу содан шығуда. Павлодарда – Руза Бейсенбайтегі, Өскеменде – Жұлдызай Форт осы Тіл заңының сақталуын талап еткені үшін қудалануда. Үкіметтен де, прокуратурадан да ешқандай бақылау болмаған соң, Тіл туралы заңды – мемлекеттің Президент қол қойған заңын талап еткендердің бәрі қудаланып, алды шетел асып кетуге мәжбүр болды!

Егер осы Тіл заңнамасының сақталуы Кәсіпкерлік кодексте болғанда, ешкім көше аралап, сатушылармен дауласпаған болар еді. Яғни, біздің үкімет, атап айтқанда, Ұлттық экономика министрлігі, елдегі заңсыздықтардың өршуіне мүдделі болып отыр ма деген ойға қаласың.

Себебі Кәсіпкерлік кодекстен дәл осы Тіл заңнамасы сақталуын талап еткен бап алынып тасталған 2015 жылдан бері жылына 13 мыңға жуық шағым түскен. (2018 жылы – 12886, 2019 жылы – 12900). 

Ал сауда орындарындағы мемлекеттік тілдегі мәліметтер өрескел қателерге толы. Бұл әр адамның Конституциялық құқына зиян тигізеді.

Егер Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл заңына байланысты Бақылау қайтарылмайтын болса, онда осы баппен сабақтас, бақылауды Кәсіпкерлік кодекске байлап қойған Тіл заңындағы 25-4-бапты да алып тастау керек.

Өйткені бұл бапты 2011 жылы қосқан соң, 2013 жылы осыған сәйкес Кәсіпкерлік кодекске Тіл заңына байланысты бақылау функциясы қосылды. 2015 жылы ол функцияны алып тастағанда, 25-4-бапты да алу керек еді.

Бақылау функциясын қалай жүзеге асыру керек, Әкімшілік кодекстің 75-бабын қалай пайдалану керек туралы министрлік заң аясында нормативті акт жасауы қажет.

Мен мұны халықпен бірге кәсіпкерлер құқын қорғап жүрген «Ақ жол» партиясынан сайланған депутат ретінде мәлімдеймін. Менің жоғарыда қойған 5 дәлеліме ешкім қарсы жауап бере алмады. Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Шолпан Таңатова Кәсіпкерлік кодекске Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылау құзыретін қайтаруға қарсы болған Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ұлттық палатасына сілтеді. Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Сұлтанбек Жарас жауап бере алған жоқ. «Атамекен» ұлттық палатасы өкілі Құралай ханымның жауабы мардымсыз болды. Бас прокуратура өкілі Абат Төремұратов менің ұсынысымды қолдап, Тіл саласына құзыреттілік берілуі керектігін мойындады. Алла разы болсын!

 Бірақ Білім министрлігі Үкіметтің қорытындысына сүйенетіндігін мәлімдеп, Тіл заңын қадағалаудың басқа нұсқасын ұсынды. Ол сенімсіз нұсқаны Мәжіліс отырысында ешкім нақты дәлелдеп бере алмады.

Сонымен, жұмыс тобының дауыс беру қорытындысы бойынша, заң жобасында Тіл заңын бақылау туралы баптың сақталуын жалғыз депутат, мен – «Ақ жол» фракциясының мүшесі Қазыбек Иса ғана қолдап, үкімет қорытындысына қарсы шықтым. 

Депутаттар – жұмыс тобы жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы мен Жанарбек Әшімжанұлы көрнекті ақпаратта Тіл заңын қадағалайтын басқа заң жобасын жасау керектігін айтып, үкіметтің талабымен келісті. Басқа депутаттар да үкімет қорытындысын қолдады. Ақырында «Көрнекті ақпарат туралы» заң жобасынан Тіл заңының сақталуын бақылау функциясы алынып тасталды.

Иә, Көрнекті ақпаратта Тіл заңын қадағалаудың депутаттар бастамасымен басқа нұсқасын жасау керек! Әйтпесе көшедегі сауда орындарындағы дау өрши береді. Азаматтардың тілдік дискриминацияға ұшырап, Конституциялық құқының таптала беруінің соңы жақсылыққа апармайды. Біздің Үкіметтің тірлігіне қарасақ, осыны қалайтындай.

Ең бастысы – былтыр «Қазақ үні» ұлттық порталындағы Президентке жазылған Ашық хатта бір айда 126 мыңнан астам адам талап етіп, қол қойған Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдау керек! 

Жалпы, «Көрнекі ақпарат туралы» заң жобасында көптеген жетістіктер де бар. Сауда нүктелері мен мейрамхана-кафелерде, кәсіпкерлік нысандарда мемлекеттік тілде жазуды міндеттеу, маңдайшалар атауын мемлекеттік тілде, қажет болса ғана өзге тілде жазу, т.б. ұтымды баптар бар. Бірақ ең басты талап – Тіл туралы заңның сақталуын қадағалау бабы енбей қалды. Қазақ тілінің мүддесіне Қазақ үкіметі қарсы болды.

Мемлекеттік тілдің обалы – Ұлттық экономика министрлігі (министр Әсет Ерғалиев) және «Атамекен» ұлттық палатасында (төраға Тимур Құлыбаев). Атауында «ұлттық» деген қасиетті статусы бар осы екеуі Ұлт тіліне қарсы шықты!

2012 жылы «Ақ жол» партиясы фракциясы Тіл заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жасағанда да, Қазақ тіліне Қазақ үкіметі қарсы болып еді. Енді, міне, тағы да тосқауыл!

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ОБАЛЫ – ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙТІН ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНДЕ!

Қазақ тілінің мүддесіне қарсы Қазақ үкіметімен қанша уақыт өмір сүреді екенбіз?!. 

Әлемде мемлекеттің Мемлекеттік тілге – Мемлекеттік мүддеге қарсы шығатын масқара парадоксы тек Қазақстанда ғана бар! «Ақ жол» партиясы көтеріп келе жатқан Парламент билігін ұлғайту мәселесін қолға алмайынша, көрген күніміз осы!» деп қорытындылаған екен өз мәлімдемесін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса.

ДАТ-ақпарат

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн