ҚАСЫМОВТЫҢ қорғаштағандары КІМДЕР БОЛДЫ?

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қорықшыларға қарақшылық шабуыл жасаған қанішерлерді жасырып, қайғылы оқиғадан кейінгі бірнеше күн бойы қылмыскерлердің аты-жөндерін атамай келді. «Кімдер екенін анықтадық», «үйіне бардық», «олар жоқ екен» деп, бір елдің министрінің емес, бала-шағаның сөзін сандырақтап, қоғамнан әлдекімдерді жасырып әлек болды. Неге?

Бұл орайда «Фейсбук» желісінде сан-саққа тартқан күдік кетті: «министр Қасымов күдіктілерді ұстау-ұстамау туралы президент Назарбаевтың келісімін күтіп отырған болар» деген пікірлер де айтылды. Расында, егер қылмысқа күдіктілер анықталған болса, олардың аты-жөндері неге аталмады? Суреттері неге арада бір апта өткен соң ғана жарияланды?

Яғни, «күдікті» деп көрсетілген үшеудің жанында, бөлек джип көлігінде билікке қатысы бар басқа төрт адамның болуы әбден мүмкін. Ақорданың айтуынсыз Қасымов олардың аты-жөндерін атай алмай отыр. Мұндай тұжырымға БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар негіз болса керек. Мәселен, сейсенбі күні «Азаттық» былай деп жазды:



«Астанада 21 қаңтарда браконьерлер шабуылынан қаза тапты деген қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің серіктері мен туыстары жиналып, билік органдарының қорықшы өліміне қатысты таратқан кейбір ақпаратымен келіспейтіндерін мәлімдеді.

«Номад» тұрғын үй кешенінің алдына жиналғандар полицияның қорықшының өліміне қатысты таратқан кейбір мәліметін жоққа шығарды. Өзін Ерлан Нұрғалиевтің келінімін (інісі Нұрлан Нұрғалиевтің әйелі) деп таныстырған Құралай Әлімованың (суретте) айтуынша, шабуыл жасалған 13 қаңтар күні күйеуіне таныстары хабарласып, ағасының оқыс жағдайға ұшырағанын хабарлаған.

– Күйеуім 13 қаңтар күні кешке естіп, сағат 21-де (шабуыл болған жерге – Ред.) шығып кетті, таңғы сағат 6-да Астанадағы ауруханаға ағасын өзі алып барды. Сол уақыт аралығында жедел жәрдем, не тікұшақ жібермеген, – деді Құралай Әлімова. Ол ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың «14 қаңтар күні түске дейін тікұшақ ұшыруға ауа райы қолайсыз болды» деген сөзін де жоққа шығарды.

Жиналғандар әдетте киік атуға шығатындар арасында «міндетті түрде бұрынғы полиция өкілдері болатынын» айтып, «оқиғаға куә болғандардың», яғни екінші көліктегі адамдардың кім екенін жариялауды талап етті. Өзін Ерлан Нұрғалиевтің жолдасымын деп таныстырған Абзал Масабаев:

– Сол төртеуінің фамилиясын неге айтпайды? Соның ішінде біреуі бұрынғы полицей, біз бәрін біліп отырмыз. Күдікті үшеуі бас-аяғы жеті адам болған, төртеуі, міне, осындай деп мойнына алып тұр, – деді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 15 қаңтарда Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» республикалық мекемесінің инспекторы киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, қайтыс болғаны туралы ақпарат таратқан. Министрлік мәліметінше, 13 қаңтарда кешке Toyota Land Cruiser көлігіндегі белгісіз үш адам олардың ізіне түскен инспекторлар Ницык пен Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Арада екі сағаттан астам уақыт өткенде полиция мен инспекторлар шабуылдан жараланған инспекторларды тапқан. Басынан ауыр жараланған Ерлан Нұрғалиев 14 қаңтарда Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізілген. Бір күннен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған».

Тағы бір бейресми деректерге қарағанда, «аты-жөндері аталмай отырған төртеудің арасында президент Назарбаевқа етене жақын адамдардың болуы әбден мүмкін. Егер басқадай болғанда, ел ішіндегі алып-қашпа қоғамдық пікірді ауыздықтау үшін, министр Қасымов елдегі басқа кез келген адамды атар еді», – дейді редакцияға хабар шалған инсайдерлік ақпарат көзі. «Төртеудің» аты-жөндері не себептен жасырылып отыр деген күлбілте пікірге Nur.kz ақпараттық порталы да ден қойған.

«21 қаңтарда Астанада жиналғандар екінші джипте болғандар елеусіз қалып отырғанын айтады. Тіпті 4 браконьер куәгер ретінде ғана тартылып жатқан көрінеді, деп жазады Nur.kz порталы.

«Мүйіз сатып алып, сатып жүретін. Солардың аты-жөнін неге айтпайды? Біз бәрін біліп отырмыз. Бұл төртеуді куәгер деп шығарып жібере салмақшы. Яғни, ұсталғандар ұрып өлтірді, біз кетіп қалдық демекші ғой. Оларды неге босатып жіберген?» – дейді Абзал Масабаев.

«Ол төртеуі күдікті емес, қылмыскерлер. Ішінде бірге болған. Ол төртеуі неге қарап тұрды? Неге арашаламады? Кісі өледі екен, ол төртеуі жай куәміз дейді», – деп күйінді Болат Хамитов.

Сонымен қатар марқұмның достары тағы да бірқатар мәліметтерді жайып салды. Айтуларынша, ұсталған күдікті үшеу де, куәгер ретінде тартылған төртеу де – Қызылорда облысындағы бір ауылдың жігіттері. Бұрыннан браконьерлікпен табыс тауып жүргендер екен. Ерлан Нұрғалиев тірі кезінде іздеріне талай мәрте түсіп, ұстай алмай жүріпті.

Оған қоса, ұсталған үш күдіктінің бірі Қайрат Ақшановтың үстінен былтыр ғана қылмыстық іс қозғалған. Алайда Ақтөбеде киік атып ұсталған аңшы жазадан сытылып кеткен».

Дегенмен, порталдың «бұрыннан браконьерлікпен табыс тауып жүргендер екен» деген пікіріне дау туғызарлық сұрақтар бар. Егер сол «төртеу», шынымен де, «қатардағы» қызылордалық браконьерлер болса, министр Қасымов олардың аты-жөндерін жария етуден неге зәредей болып отыр? Заңсыз «табыс тауып», ара-тұра кісі өлтіріп жүргендердің аты-жөндерін жария етпеудің себебі қандай?

Сырым ДАТОВ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн