ҚАСЫМОВ Назарбаевқа қалай ҚЫМБАТ?

Сонымен не керек, бүкіл Қазақстан халқы шулап жүріп, ақыры Қасымовты сегіз жыл қатарынан қонжиып отырған орнынан кетірді.

Расында, оны кетірген президенттің пәрмені емес, қоғамның қатуланған қаһары болды. «Қаһар» болғанда да, оны орнынан алу үшін бес періштенің қапия қазасы «қажет» болған сияқты. Әйтпесе осыдан бірер ай бұрын ғана президенті «ең адал министр» деп баға берген, ал министрліктің өз ішінде «дядя Коля» атанған Қалмұхаметтің қалғысы бар-тын.

Қалмағанда ше, ұры-қарының дәстүрлі жаргонымен «Коля ағай» деген «кличкаға» ие болған ол майшелпек министрліктен өздігінен кете қояр ма еді? Қазақшалап айтқанда, «өлсе – кетпейтін».

Неге дейсіз бе? Негесі былай. Бұған дейін ішкі істер түгілі, үкіметтің бірде-бір басқа министрі мұншалықты міз бақпай отыра алмаған лауазымды орында Қасымовтың қайығы Қазақстандағы қылмыс қасіретін тыйып емес, президентке өзінің іскерлік «ілтипатын» көрсетумен өрге жүзді. Үкімет үшін ол «табыс табу», «кіріс келтіру» мәселесі жағынан тұтас бір Ауыл шаруашылығы министрлігінен де қымбат тұлғаға айналды.

Қараңыз: тек 2017 жылы ғана Ішкі істер министрлігі жол жүру ережесін бұзу айыбынан 2 триллион 142 миллиард теңге жинаған екен (2018 жылдың «табысы» әзірге ашық ақпаратта айтылмайды). Мұндай триллиондарлық табыс ауыл шаруашылығы министрінің түсіне де кірмейді. Біздегі агрокешен шылқыған шығынның ортасында отыр. Бұйдасы бұйра бұқаны сырттан сиырға міңгестіріп әкелсек те, бұл саланың көксүт кірісі мардымсыз ғана.

Ал «дядя Коляның» кілкіген кәсібі тақыр жолда триллиондаған табыс тауып жатыр. Қылмыстың ашылу-жабылу есебі – есеп емес, бастысы – полиция бюджет үшін пайда көзіне айналған. Тіпті басқаны былай қойғанда, екі триллионды Қаржы министрлігінің өзі де қырнап таппайды. Ал «Коля ағай» онсыз да салық буындырған халықты айыппен қылқындырса да тапты.

Алысқа бармай, Алматы қаласының көше қиылыстарына қараңызшы: бейнекамералар самсап тұр. Бір ғана Сейфуллин мен Жансүгіров көшелерінің төрт бағытын аңдыған алпыс камера бар. Ал Берлин мен Лондонның көшелерінен мұндайды көрмейсіз. Себебі – ондағы халық жолда жүру мәдениетіне тәрбиеленген. Біздегі тәрбиенің сиқы – айып салу, камерамен күреп, пайда табу. Халықтан қырнап алынған қаржы тәртіп тәрбиесіне емес, паңқыған полицайды қаптатуға, камералар орнатуға жұмсалады.

Міне, ел экономикасын қаржымен қамтамасыз етуге үкіметтен қайыр болмаған соң, жол бағып, халыққа аяусыз айып салып, қазынаға қаржы құятын «колялардың» күні туады. Қасымовтың қажеттілігі – осыда. Екі триллион деген қаржы қазақстандық арамтамақ банктерге Ұлттық қордан бөлінген ақшадан асып жығылады. «МВД чем не Нацфонд?» деген сұрақ осындайда туады.

«Қазынаға қаржы құяды» дегенде: «Триллиондаған теңгенің айып ақшасы бюджеттің кіріс жағына «кіріп» жатыр ма, жоқ әлде офшордың қомағай құрсағына құйылып жатыр ма?» деген сұрақ тағы туады. Себебі, өткен жылы жекелеген қазақстандық электронды басылымдарда жазылғандай, ІІМ шетелдерден бейнекамера сатып алуға арналған ақшаны офшордан аударыпты деген түбірі күлбілте күдіктің жөні бар. Сатып алынған камералар шынында да мемлекеттің қажетіне арналған болса, ол «саудагерліктің» есебі офшордың шоты арқылы жасалғаны қалай? Импорттан келген аспаптар министрліктің есебіне қандай қисаппен тіркелді? Ақшаны төлеген – офшор, камераға иелік ететін – «дядя колялық» жігіттер болғаны қалай?

Қасымовтың қажеттілік қағидасы осындай сұрақтардан жалтаруға жарап қалса керек. Осындай «кәсіпшілік» қисаптың қиюын қалаған Қасымов қалай қажет болмасын? Оның үстіне қоғамда «Жаңаөзен жазықсыздарын жайратып салуға кім оқ аттырды?» деген сұрапыл сұрақтың жауабы жұмбақ боп тұрған кезде Қасымовты «қаңғыртып жіберудің» жөні жоқ: жаңа тарихты тазалауға қажет мүмкін «құрбандар» қасыңда жүргені керек.

…Өткенде балық сатып алайын деп, базарға бардым. Құдай оңдағанда, мен сөресіне кез болған саудагер біздің ауылдан шыққан бір бала боп шықты. «Сізді танып тұрмын, аға… Әкем мектепті сіздерден кейін бітірген еді…» – дейді әлгі бала.

«Танығаның жақсы болды… Ендеше маған сазан бер…» – дедім.

«Ой, аға, сазан емес, судак алыңыз…».

«Е, неге? Зайсанның сазанымен «көз ашқан» едік қой?..».

«Базардағы сазанның дені – Сорбұлақтың сазаны, аға… Не рекомендую… Білесіз ғой Сорбұлақты… Алматының канализациясынан барлық боқ-сідік ағып баратын…».

«Білем… Ендеше оны неге сатасыңдар?!».

«Сіз де сұрайды екенсіз… Сорбұлақтың балығына «Дядя Коляның» жігіттері контроль жасайды ғой…».

Сонда мен: «Е-е, ендеше судак бер…» – деп, көксерке сатып алып кеткен едім.

Ермұрат БАПИ

Республиканский еженедельник онлайн