ҚАСІРЕТ қайталанбасын ДЕСЕК…

  • Қанды қаңтар оқиғасына бір жыл толса да, күдік-күмән қоюланып, ел-жұрттың көңілі күпті болып отыр. Ал бұл қасірет қайталанбас үшін, ең алдымен осы қанды оқиғаны тудырған басты себептер анықталып, мәселені түп-тамырдан үзу керек.

Қанды оқиғаның басты себебі жөнінде билік пен халықта ортақ әділ түсінік бар. Бұл президент Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауында: «Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім», – деп айтқан шындығы.

Басты себепті тудырған жауапкерлер кімдер? Тек Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев қана ма? Назарбаевтың отбасындағы басқалардың монополияға қатысы жоқ па? Қазірге дейін отбасының бір мүшесі де жауапқа тартылмады. Бұл мәселеге ашық нүкте қойылмай тұрып, президенттің «Жаңа Қазақстанда» әділеттілік орнатуға деген талпынысы бекер іс болады.

Елдің қазынасы мен несібесін жеген отбасы мүшелері жауапқа тартылмаса, елде өзгеріс болатындығына ешкім сенбейді. Ешқандай өзгеріс болмайді. Халықтың сенімі сарқылады.

Ал «Жаңа Қазақстан» құру үшін істелетін ең маңызды жұмыстың бірі – саяси реформа жасау. Бұл бағытта айтар сөз көп. Әлбетте, әділетті Қазақстан бір күнде, бір жылда қалыптаспайды. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деген сөз бар.

Саяси реформаның басты атрибуты – саяси бәсекелестіктің қалыптасуы. Біз президент сайлауын түрлі себеппен бәсекесіз өткіздік. Енді кезектен тыс мәжіліс сайлауы жарияланды. Мәжілістің келесі шақырылымында оппозициялық саяси күш (саяси партия немесе оппозициялық коалиция) анық бой көрсетуі керек. Сонымен бірге өздерін «нағыз оппозициямыз» деп, авторитарлық билікті сынаумен айналысқан топтарға партия құруға мүмкіндік берілуі қажет. Бұл да биліктің әділ саяси бәсекелестікке жол ашқандығының айқын белгісі болады.

Президент Тоқаевтың билігінде саяси бәсекелестікке жол ашу туралы анық ниет болса, Қазақстан қоғамы саяси күштерге ұйысып, өркениетті және заңды түрде бәсекелесуге даяр. Меніңше, біз қазір мынаны анық түсініуіміз керек: елде әлеуметтік әділеттілікті іске асыру үшін, тек қана атқарушы биліктің әкімшілік механизміне ішінара өзгеріс енгізу, биліктегі лауазымгерлерді бір-бірімен алмастыру – мәселені ешқашан түбегейлі шешпейді. Тек саяси бәсекелестік қана әкімшілік құрылымда мұндай механизмдерді табиғи түрде тудырады. Амалсыз іске қостырады. Өміршең етеді.

Елде болған «қанды қаңтар» оқиғасына қатысты себеп-салдардың ара-жігін анық, әділ ажыратып, оған ашық құқықтық баға беру – мұндай қасіреттің қайталанбауына тағы бір қажетті шарт бола алады. Ата заңымызда адамның бостандық құқы – ең басты құндылық деп көрсетілген. Сондықтан елімізде өлім жазасына тыйым салынған. Ал ресми дерек бойынша, «қанды қаңтарда» 238 адам қаза тапты. Бұл адамдардың өлім құшуының себептерін заң бойынша анықтап, құқықтық баға беру – ең маңызды шарт. Бұлардың қаны кімнің мойнында? Бұлар терроршы ма еді? Бұған анық, заңдық статус, құқықтық баға берілуі керек.

Тергеу изоляторында 328 адам азапталып, 6 адам азаптаудан көз жұмды. Адамның конституциялық құқын қорғайтын күштік құрылымда адамды азаптап өлтіру – өркениет әлемінде еш ақылға сыймайды. Адам өлтірген қандықолдар мен жауапты тұлғаларды заңды жауапкершілікке тарту керек. Тек жоғары басшылық құрамды жаңалау – ешқандай өзгеріс әкелмейді. Онсыз құқық қорғау саласына ел-жұрт ешқашан сенбейді.

Алматыдағы алаңда 6 қаңтар күні «Қарапайым халықпыз, біз – террорист емеспіз!» деген плакатпен тұрған топты кім және неге атты? Қазір қоғамда мынандай жорамал бар: бейбіт шерушілер алаңда шатыр тігіп, ас-су әзірлеп, бейбіт митинг өткізіп, билікке табандап талап қоюды ойластырған (шынында бұл сөз Алматыда шеру басталған 4 қаңтарда айтылды); бұл жағдай билікке тиімсіз болғандықтан, билік мақсатты түрде атты деген пікір бар.

Алматыға «жиырма мың террорист шабуыл жасады», «екі солдаттың басы кесілді» – бұл ақпараттар президенттің аузымен айтылды. Нәтижесінде елге «ОДКБ» әскері кіргізілді. Енді президент айтқан бұл ақпарат жалған болып шықты. Шетел әскері ел аумағына кіріп, егемендігімізге қауіп төндірді. Ескертусіз оқ атудан жазықсыз жандар ажал құшты.

Мұндай жалған ақпараттың таралу жауапкерлігін кім арқалауы керек? Президент неге жалған ақпаратты жария етуге мәжбүр болды? Бұған міндетті түрде құқықтық баға беріліп, жауаптылар заңды түрде жазаға тартылуы тиіс.

Бейбіт шерудің шырқын бұзған маргинал жастар емес, арнаулы дайындалған топ. «Бұлар мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды, бұлардың бас ұйымдастырушысы Кәрім Мәсімов» деген пікір билік тарапынан ашық айтылды. «Бас ұйымдастырушы» ретінде күдікке ілінген адамға қатысты сот аяқталған жоқ. Өте құпия өткізіліп жатыр. К.Мәсімов президент болу үшін, өзі бас болып, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырыпты дегенге Қазақстанда сенетін адам жоқ. Өйткені Қазақстанда оның ұлты қазақ емес деп танылады. Егер бұл рөлде Самат Әбіш пен Қайрат Сатыбалды болды деп айтылса, онда ойлануға болар еді. Бірақ бұл екеуінің аталмыш әрекетке еш қатысы жоқ деп танылып отыр.

Олай болса, бас ұйымдастырушы кім? Бұл Қазақстан халқы тағатсыздана күтіп отырған сұрақ. Бұл сұраққа жауап берілмесе, немесе берілген жауапқа халық иланбаса, биліктің тығырыққа тірелгені – тірелген.

Ағыбай ӘКБАРҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн