Қатыгездік ҚҰРБАНЫ – ТӨРТ ӨМІР

Үш баласымен терезеден секіріп, қаза болған әйелдің өмірден шаршадым дегені – от басы, ошақ қасындағы мәселе ғана емес. Бұл – қоғамды үмітсіздік, торығу жайлағандығының белгісі.

«Үмітсіз – шайтан ғана». Мына тұрмысымыздың жуық маңда өзгермейтіні, алда жайлы өмір, жарқын болашақ жоқ екені шайтан болмай-ақ түсінікті ғой. Итшілеген өмірден, кедейшіліктен, әділетсіздіктен, жемқорлықтан шаршап, амал жоқтықтан өле алмай жүрген үмітсіздер осы күні өте көп.

Халықты үміттендіру, алға жетелеу, ертеңгі күнге сендіру – биліктің бірінші міндеті. Халық құрғақ сөз, жалаң уәдеге емес, нақты іске сенеді. 

Жемқорлықпен күресем дедің бе – күрес, атасына нәлет! Шетінен қама, сотта, айдап жібер. Туысқаныңнан баста.

Саяси реформа жасаймын дедің бе? Жаса! Андақ-мұндақ, қырық сылтау айтпа. Халықтың өз еркін өзіне бер.

Әлеуметтік әділет орнатам дедің бе? Орнат! Мемлекетті сорып отырғандардың көмейіне дәу ағаш қада да, халықтың Құдай берген несібесін өзіне әділетті бөліп бер.

Билік осы үш нәрсені істесе, халықта үмітсіздік болмас еді, бейбіт күнде әйелдер сәбилерін құшақтап, терезеден секірмес еді.

Осыған көп ақыл керек пе, билік? 

Осы қиын ба, билік? 

Ел басқару қиын деп қорқытпаңдаршы тек. Қиын болса, тас кенедей жабыспай, терезеден баяғыда секіріп кетер едіңдер.

Ертең, арғы күні, 2050 жылы деп алдаусыратудың да керегі жоқ! 

Біз билік қаласа, бүгін істей алатынын бес сәби өртенгенде көшеге шыққан әйелдердің алдына түсіп, жік-жіпар болған кезінде көргенбіз.

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Бет қатталып жатқанда:

Үш баласын 9-қабаттан лақтырып, өзі де секіріп өлген жас келіншектің өліміне қатысты түрлі пікірлер мен жорамалдар айтылуда. Қалай болғанда да, бұл бүгінгі қатыгез қоғамда пайда болған қасіреттен туған өлім. «Балалардың әкесі жазықты екен…» деген қаңқу сөздің астарында да қожыраған қоғамның кінәраты жатқаны тағы аян. Ал төрт бірдей өмірді алып кеткен ажалдың ақ-қарасы – пендешіліктің сөзі. Жуық күндері тергеу орындары бұл қаралы оқиғаның жай-жапсарын анықтайды деген ойдамыз.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн