Қонаевтың ескерткішін ҚАЙДА ҚОЯМЫЗ?

Ең алдымен, 1912 жылы 12 қаңтарда Алматыда дүниеге келген қазақтың біртуар тұлғасы Дінмұхаммед Қонаевтың қысқаша өмірбаянын бүгінгі жастардың есіне салайын.

Қазақстан Ғылым академиясының академигі (1952), техника ғылымдарының докторы (1969), үш мәрте Социалистік Еңбек Ері (1972, 1976, 1982) атанған. Мәскеудегі түсті металдар және алтын институтын бітірген (1936). Балқаш, Алтай, Риддер, Лениногор кен орындарында басшылық қызмет атқарған (1936–1942). Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі, кейіннен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары (1942–1952) болған. Қазақстан Ғылым академиясының президенті (1952–1955) болып сайланған. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы (1955–1960 және 1962–1964), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы (1960–1962 және 1964–1986), Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі (1971–1987) болған.

Кеңестік заңның тәртібі бойынша, екі мәрте Еңбек Ері атағын алған адам ретінде 1976 жылы Алматыда қола бюсті орнатылды (төменгі суретте). ІІ–ХІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және ІІІ–ХІ сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Сегіз рет Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Өмірінің 45 жылға жуығын ел басқару ісіне арнаған, ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарған.

1986 жылы 16 желтоқсанда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумында Дінмұхаммед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің – басқа ұлт өкілінің сайлануын қазақ жастары кемсітушілік ретінде қабылдап, мұның соңы КСРО-дағы ұлт саясатына қатысты халықтық наразылыққа – Желтоқсан көтерілісіне ұласты. КОКП Орталық Комитетінің 1987 жылғы 26 маусымдағы пленумында оны «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болғанда, республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін» деген сылтаумен КОКП Орталық Комитетінің мүшелігінен босатқан. Көп кешікпей ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігінен де шығарылған.

Димекең 1993 жылы 22 тамызда бақилық болды. Ол қайтыс болғаннан кейін, Қазақстан Ғылым академиясының Тау-кен және түсті металлургия институтына, еліміздің бірқатар мектептері, даңғылдары мен көшелеріне оның есімі берілді. Алматыда Д. А. Қонаев атында университет бар. 1992 жылы 13 қарашада Халықаралық Қонаев қоры құрылды. 2002 жылы 12 қаңтарда оның мұражай-үйі ашылды. Өмірінің соңғы сәтін өткізген Алматы облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылында (Жетісу қақпасы) 2003 жылы 15 тамызда арнайы құлпытас орнатылды. Шымкенттегі мұражайында да облыстық қор құрылған. Мұндағылар 2002 жылдың сәуір айынан бастап «Аталар сөзі» атты газет шығарып келеді.

Басқа жерді қайдам, шымкенттіктер жыл сайын Димекеңнің жарық дүниеге келген және өмірден қайтқан күндерін елеусіз қалдырған емес. Шырайлы шаһарымыздағы Қонаев даңғылының бойындағы ескерткіштің алдына келіп, ұлы тұлғаға тағзым етуді игі дәстүрге айналдырған. Ескерткіштің алдына гүл шоқтарын қоюмен қоса-қабат ол жайында әсерлі естеліктер айтылады, қайырымдылық ас беріліп, марқұмның асқақ әруағына Құран бағышталады. Мұндай ізгілікті де игілікті іс-шара былтыр да өзінің жалғасын тапты. Облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында еске алу кеші өткізілді.
Әрине, мұның бәрі тарлан тұлғаға тағзым етудің белгісі ретіндегі сауап тірлік қой. Алайда көңілді күпті етіп жүрген мына бір жағдаятты да айтпай кетуге болмас. Шымкенттік Ержан Қалдыбаев есімді азамат осыдан жеті жыл бұрын қазақ халқының қос таутұлғасы – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровтың еңселі ескерткішін жасаған. Таза қоладан құйылған ескерткіштің салмағы екі тонна. Кәсіпкер жігіт оны жасау үшін 200 мың доллар қаржысын сарп еткен. Ақшасы жетпегендіктен, тіпті өзі тұрған үйін де сатып жіберген.

Өкінішке орай, Қазақстанда осы еңселі ескерткішті қоятын орын табылмай тұр. Дәлірегі, үлкенді-кішілі шенді-шекпенді шенеуніктер бұған онша ынта-ықылас танытып отырмаған сыңайлы. Былтыр тамылжыған тамызда Димекеңнің бақилық болғанына ширек ғасыр толды. Осы бір датаға орайластырып, шырайлы шаһарымызда оның ескерткішіне орын табылып қалар деп үміттенгенбіз… Бұл үмітіміз күні бүгінге дейін ақталмай тұр.

Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі,
Шымкент қаласы

ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМ – ХАЛЫҚТЫҚ ПАРЫЗ

Мен ол кезде Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Заманбек Нұрқаділовтың кеңесшісі болып қызмет істейтінмін. Бірде Зәкең мені шақыртып алып:

– Кеше түнде Дінмұхаммед Қонаев ағамыздың ауласындағы жеке «Волга» автокөлігінің радиосы мен магнитофонын біреулер ұрлап әкетіпті. Ұрылардың түк таппағандай, енді Қонаевқа тиісе бастағанын қарашы. Сондықтан сендерге тапсырма – бір күннің ішінде ол кісіге гараж салып беріңдер, – деді.

Мен «Алмаатагорстрой» құрылыс компаниясының директоры Игорь Мильграмды ертіп, екеуміз гараж салатын орынды белгіледік. Апай-топай қимылдап, бір күнде гараждың басын қарайттық. Келесі күні Дінмұхаммед ағамызға Заманбек Нұрқаділов гараждың кілтін апарып берді.

Бір күні Димекеңнің үйіндегі тоңазытқыш істемей қалыпты. Зухра жеңгеміз «Казторгоборудование» мекемесінің директоры Хохловқа телефон соғып: «Тоңазытқышымызды жөндеп бересіздер ме?» – деп өтініш жасапты. Сонда Хохлов: «Қонаевтың жұбайы болсаң қайтейін! Күйеуіңнің дәурені әлдеқашан өтіп кетті. Енді маған Қонаевтан гөрі, қарапайым үй сыпырушы әлдеқайда биік», – деп, Зухра Шәріпқызының намысына тиетін, одан өзге де ауыр-ауыр сөздер айтыпты.

Мұны естігенде, отырған Нұрқаділов орнынан тұрып кетіп, бөлмесінде ары-бері жүрді де, өзіне тез арада Хохловты алып келуді бұйырды. Аз уақыттан соң, бөлмесіне кінәлі мысықтай жалтақ-жалтақ қараумен енген Хохловқа Зәкең: «Қонаевтың іскерлігі арқасында Қазақстанда бой көтерген қырық қаланы айтпай-ақ қояйын, осы Алматы қаласы үшін оның қаншама тер төккенін ұмыту азаматтыққа жата ма?! Біріншіден, Зухра Шәріпқызынан ауыр сөзің үшін кешірім сұрайсың. Екіншіден, тоңазытқышын бір сағаттың ішінде жөндеп бересің. Бұл тапсырмам орындалмаса, екі сағаттан кейін жұмыстан кетесің. Осы екі талаптың қайсысын орындайсың?» – деп, Хохловқа тесіле қарады.

Хохлов бейшара: «Біріншісін, біріншісін… Оғаш мінезім үшін Зухра Шәріпқызынан да, сізден де кешірім сұраймын!» – деді басын төмен иіп.

Димекең өзінің кемел басшыға тән парасатымен, ғажап кішіпейілділігімен және замана ағымына үндесемін деп, жіберген кейбір кемшіліктерімен де қоса, ескерілуге, ардақталуға тиісті саяси тұлға екені даусыз.

Бауыржан БАЙМҰХАНОВ,
«Беймар-ойл» компаниясының бас директоры
• Рафхат Жұмабайдың (Rafkhat Zhumabay) «Фейсбук»-парақшасынан алынды

Республиканский еженедельник онлайн