ҚЫТАЙДАН ҚАШҚАН ҚАЗАҚТАР Қазақстанды емес, Түркияны паналауға мәжбүр

Қытайда туып-өскен бірнеше этникалық қазақ студенті екі жылдан бері Түркияда бас сауғалап жүр. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі оларға виза беруден бас тартқан.

Египеттегі Әл-Азхар университетінде оқып жүрген Ерлан Қызыр, Қуандық Асқарбек, Айшолпан Сәрсенбай, Яхия Рахметхан мен Нұрсара Әкім 2017 жылы Түркияға бас сауғалап кеткен. Олардың айтуынша, сол жылы Әл-Азхарда Қытайдан келіп, білім алып жүрген мұсылман студенттерді жаппай ұстап, елдеріне қайтару басталған. Этникалық қазақ студенттері пана іздеп, Каирдегі Қазақстан елшілігіне барғандарын, бірақ оларды дипломатиялық өкілдік қабылдаудан бас тартқанын айтады.

«Египетте оқып жүргеніме екі жылға таяп қалған болатын. Маусым айының аяғына таман сонда (Әл-Азхар университеті – Ред.) Қытайдан келіп оқып жүрген мұсылман студенттерді Қытайдан келген сақшылар (қауіпсіздік қызметкерлері – Ред.) мен [жергілікті] полиция өкілдері бірігіп, жаппай ұстай бастады. Біз көмек сұрап, сол жердегі Қазақстан елшілігіне бардық. Бірақ олар қабылдамай қойды, – дейді Ерлан Қызыр «Азаттыққа».

Студенттердің барлығы – Шыңжаң өңіріндегі Іле Қазақ автономиялық облысының тумалары. Ерлан Қызырдың айтуынша, Әл-Азхар университетіндегі Қытайдан келіп оқып жүрген 15-ке жуық этникалық қазақ студенттерінің тек бесеуі ғана Түркияға өтіп, Шыңжаңдағы жаппай қамау науқанынан құтылған…

Египеттен басқа елге қашуға мәжбүр болған қытайлық қазақ студенттерінің Түркияға өтуіне жергілікті түрік қазақтары көмектескенін, оларға заңды түрде виза алып бергендерін айтады. Қуандық пен Айшолпан Түркияға келгенде кішкентай қызды болған. Қазір бүлдіршіннің жеке басын куәландыратын ешқандай құжаты жоқ. Ал үлкен екі баласының Қытай азаматы екендігін растайтын паспорттарының мерзімі бітуге жақын.

«Екі жыл болды Қытайдағы туыстарымыздан ешқандай хабар жоқ. Осыдан екі жыл бұрын балдызым Бағдатты Әл-Азхарда оқып жүрген жерінен шақыртып алды. Оның да отбасы болған. Әйелімен бірге ұшақтан түскен жерде ұстап, соттап жіберген. Кішкентайларының қайда екенін білмейміз. Егер Қытайға барсақ, біз де бірден сотталып кетеміз», – дейді Қуандық.

Қытайлық қазақ студенттері өздері жайлы ақпаратты толық ашып айтудан қорқады. Анкарадағы Қазақстан елшілігіне бірнеше мәрте барып, көмек те сұраған. Олардың айтуынша, әуелі анкета толтыртып, өздері жайлы ақпараттың бәрін ағылшын тіліне аудартқан. Бір аптаның ішінде Қазақстанға шығу визасын беруге уәде еткен. Бірақ елшілік кейін: «Сендерге қатысты Қытайда саяси мәселе бар екен. Қазақстанға ешқашан өте алмайсыңдар», – деген. Бірақ нақты қандай саяси мәселе екенін ашып айтпаған.

Әл-Азхар университеті мұсылман әлеміндегі ең көне әрі танымал теологиялық оқу орны болып саналады. Бес студент Түркияға өткен соң, жергілікті жоғары оқу орындардың біріне түсіп, оқып жатыр. Университетке уақытша тіркелген. «Азаттық» қытайлық қазақ студенттердің қазіргі ресми мәртебесі мен болашақ жағдайы туралы Түркия Сыртқы істер министрлігіне сұрау салып, ақпан айының 25-інде ресми хат жіберген. Министрліктің баспасөз қызметі «хатты алғандарын, кейінірек жауап жіберетіндерін» айтқан. Бірақ әлі ешқандай жауап болмады.

Биыл ақпанның 9-ында Түркия Сыртқы істер министрлігі Қытайдың Шыңжаңдағы аз санды мұсылман этнос өкілдерін жаппай қамауын қатты сынап, арнайы мәлімдеме таратқан. Анкара Қытайдан Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарын» жабуды талап еткен. Түркия Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хами Аксой: «Миллионнан астам ұйғырдың азаптау орталықтарына қамалғаны қазір құпия емес. Қамауға алынбағандар қысымға ұшырап жатыр. Қытай билігінің 21 ғасырда лагерь ашуы және ұйғырларды қудалауы – адамзатқа жасалған қарсы әрекет», – деген. Пекин Анкараның бұл мәлімдемесін «жалған айыптау» деп теріске шығарған.

Қытай билігінен қашып, Қазақстаннан көмек сұраған Түркиядағы қазақ студенттеріне не себепті виза берілмегені туралы Қазақстан Сыртқы істер министрілігіне де арнайы сауал жолдадық. Министрліктің баспасөз қызметі жазбаша жауабында: «Бес қытайлық қазақ 2017 жылы Түркиядағы Қазақстан елшілігіне виза алу үшін хабарласқан. Бірақ олардың құжаттары Қазақстанның ұлттық заңнамаларына сәйкес болмағандықтан, виза берілмегендігін мәлімдейміз» деп қысқа қайырды.

Нұртай ЛАХАНҰЛЫ,

Azattyq.org

Республиканский еженедельник онлайн