ҮРЕЙ СЫЙЛАҒАН МЕРЕКЕ

Алматыдағы жағдайға қарап, Тәуелсіздік күні мерекесін шынымен 25 қазан – Егемендік туралы декларация қабылданған күнге ауыстырған жөн бе деп қалдым.

Өйткені билік мерекелік күллі шараларды 15 желтоқсанға дейін өткізіп, студенттерді әдеттегідей қысқа мерзімдік каникулға жіберіп, 16 желтоқсанды мерекелік шаралардан бос күнге айналдырып тастапты. Содан мерекелік көңіл-күйден гөрі, траурлық фон басым көрінді. Алаң бос, ескерткішке гүл қойғысы келген, не құран бағыштағысы келген адамдарды полиция ұстап әкетіп жатқаны туралы әлеуметтік желілердегі хабар үрей туғызады. Далада да, қалада да қаптаған полиция.

Ал тәуелсіздік күніне арналған билборд та, ұран сөздер де жоқтың қасы. Ойын-сауық орталықтарында («Достық-плаза») тәуелсіздікпен құттықтаған бір де құттықтау ілінбеген. Құлақтан пергілеген музыкасы – тек «Санта Клаус». Кинотеатрында тәуелсіздікті былай қойғанда, бірде-бір қазақ фильмі жоқ. Республика сарайында «Мистер Адам» дегеннің кәнсерті болыпты. Он жылдан бері айтып келеміз: Тәуелсіздік мерекесі Жаңа жылдың көлеңкесінде қалмасын деп. Естір құлақ болса, еститін уақыт болды. Бірақ ешкім қыстырып жатқан жоқ. Ойдан шығарылған Санта Клаус мерекесі шынайы азаттық тойынан көш ілгері тұр. Тәуелсіздік күні дата ретінде сақталғанымен, халықтық мереке ретінде мерекелер санатынан ысырылып қалған. Сонда бұл қуаныш орнына үрей сыйлаған неғылған мереке? Басқа датаға ауыстыру туралы ой төркіні содан.

Марат БАЙДІЛДӘҰЛЫ
(Marat Baidildayly)

Республиканский еженедельник онлайн