ӨМІРІҢ ұзаратын БОЛДЫ

Нурсултан Абишевич Назарбаев

Бұдан бірер күн бұрын ақпарат агенттіктері мен биліктің байлауындағы барша басылым «президент қазақстандықтардың өмірін ұзартуға тапсырма берді» деп жазып жатты. Құдай екеш құдай да адам баласының өмірін өлшеп беріп жатқанда, президенттің бұл пәрмені қай паңқу деп ойладық.

Сөйтсек, Қазақстан президенті еліміздегі алғашқы роботтық хирургия орталығында болып, заманауи нысанның жұмысымен танысыпты. Өскеменеге іссапарымен барған Нұрсұлтан Назарбаев Аягөз, Зырян аудандарының инсульт орталықтарының ұжымдарымен де телекөпір арқылы тілдесіпті. Сол тілдесуде қырып тастаған біраз жетістігін тіліне тиек еткен екен.

«Қазақстан бойынша адамның шетінеуінің ең жоғарғы көрсеткіші – ол қан тамырларының, жүректің аурулары болатын. Қазір барлық облыстық орталықтарда жүрекке операция жасайтын жағдайға жеткіздік. Бала туу мәселесінде баланың шетінеуі көп болатын. Оны да төмендеттік. Сондықтан елдің денсаулығын нығайтып өмірін ұзарта беріңдер», – депті той қарсаңында ел аралап жүрген президент. Әлбетте, «ұзарта беріңдер» дегені дұрыс-ақ: президент болған соң, бірдеңе деуі керек қой. Бірақ оның осы «ұзартуын» ұғынған халықтың қаны басына шапшыған сияқты. «Халықтың әлеуметтiк жағдайы жақсы болса, жұмысы, үй-жайы бар болса, ғұмыры онсыз да ұзақ болады.

Қазақтың бар байлығын талан-таражға салып, қара халықты қарызға батырып-батырып, орыс пен қытайға оны құл етіп алып, мынау не көкіп отыр?» – дейді «Фейсбук» қолданушы Ася Асеткина.

Ал осы посттың астындағы жазба мынадай: «Халықты бес жасар бала сияқты алдаусыратқаны ма? Бұрын елбасы «халықтың өмірін ұзартыңдар» деген нұсқау бермегесін, адамдар қырылып жатыр екен ғой. Жол апатынан, қиналғаннан өзіне қол салғаннан, тұрмыс жағдайына байланысты кикілжіңнен бір-біріне қол жұмсап, қаншама адам, әсіресе жастар өмірден ерте өтіп жатыр. Енді тапсырма берілгеннен кейін өлім азаяр ма екен?» – дейді Асыл Ибрагимова.

(медиа-проект «DAT» №26 (438) от 5 июля 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн