«Общественная позиция»
(проект «DAT» №12 (283) от 26 марта 2015 г.
Автократия аймағында
Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримованың елдегі халықаралық ұялы байланыс компанияларын «сауын сиырға» айналдырып, бір миллиард доллар алғаны хабарланды.
«Азаттықтың» Өзбек қызметі «Президенттің Ташкентте үй қамағында отырған қызы Гүлнара Каримова Өзбекстанда бұрын жұмыс істеген және қазір жұмыс істеп жатқан халықаралық ұялы байланыс компанияларын «сауын сиырға» айналдырып, бір миллиард доллар алды» деп хабарлады. Батыстың белгілі компанияларынан бұл ақшаның көп бөлігін Каримова өз адамдары арқылы күдікті жолдармен алған.
Наурыздың 21-і күні коррупциялық және ұйымдасқан қылмыстарды зерттеу орталығы (OCCRP) бұл іске қатысты журналистік тексеру нәтижелерін Норвегияның Тонсберг қаласында жиналған жүздеген журналистің алдында жариялады. Журналистік зерттеу нәтижесінде табылған құжаттар Ресейдің МТС, UCell бренді бойынша жұмыс істеген шведтік TeliaSonera, Vimpelcom (Beeline бренді) және Mirkony Investment group ltd, сондай-ақ Eastwell group сияқты компаниялардан Гүлнара Каримованың өз сыбайластары арқылы бір миллиардтан көп АҚШ долларын қалай алғанын көрсетеді.
Үш жылға созылған зерттеу жұмысының нәтижесі – 10 парақтан тұратын есепті OCCRP орталығының жетекші сарапшысы Миранда Патручич пен Еуропаның 10-нан аса журналисі әзірлеген. Коррупциялық және ұйымдасқан қылмыстарды зерттеу орталығы мыңдаған беттен тұратын әрі Каримоваға қарсы айыптауларды растайтын құжаттарды мұқият тексеріп шыққан. Дәлел ретінде келтірілген құжаттардың ішінде компаниялардың қаржы есептері, оффшорлық реестерлер мен банктегі есеп-шоттар туралы мәліметтер, қаржы құжаттары мен қолхаттар бар.
– «Гүлнара Каримова скандинавиялық және ресейлік ұялы байланыс компанияларын пара төлеуге мәжбүрлейді» деген сөздер баяғыдан айтылып келеді. Біздің қолымызға түскен құжаттар Гүлнара Каримованың біз ойлағаннан да ашкөз жан екенін әрі оның коррупциялық әрекеттерінің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетті, – дейді Миранда Патручич.
Есепте көрсетілгендей, ұялы байланыс операторлары Өзбекстанда 3G лицензиясын кедергісіз алу үшін, оптикалық кабель мен WiMAX және WiFi желілерін тартуға рұқсат алу үшін Гүлнара Каримованың есеп-шоттарына күдікті төлемдер арқылы жүздеген миллион доллар аударған.
Есепте «Талабына көнбеген компанияларды Гүлнара Каримова Өзбекстанның мемлекеттік мекемелері арқылы жабамын деп қорқытқан. Ол компаниялардан тегін әрі ешбір шарт қоймастан үлес төлеуін талап еткен. Әдетте ол кірісі мол телекоммуникациялық компаниялардан 26 пайыз үлес алған» деп жазылған. Мысал ретінде Каримованың қысымымен Өзбекстан нарығынан кетуге мәжбүр болған COSCOM ұялы байланыс компаниясы аталады.
Миранда Патручич есебінде Гүлнара Каримованың тек телеком бизнесіндегі 2001 жылдан бергі бүкіл кірісін ғана есептеп шығуға тырысқан. Орталық сарапшылары Өзбекстандағы Гүлнара Каримова бақылауында ұстаған өзге компаниялардан түскен табысын алдағы айларда жарияламақ. Қазір Швейцарияда Гүлнара Каримованың иелігінде деп болжанған Takiland ltd компаниясының 800 миллион доллары, ал Швецияда 30 миллионнан көп АҚШ доллары бұғатталған. Коррупциялық және ұйымдасқан қылмыстарды зерттеу орталығы сарапшылары бұл есеп арқылы тергеушілер назарын Гүлнара Каримованың ондаған есеп-шоттары мен инвестициялық қорларында әлі қозғалмай жатқан жүздеген миллион долларына аударғысы келеді.
2012 жылдан бері Еуропаның оннан аса елінде қылмыстық істер қозғалып, негізгі айыпталушыларының бірі Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы деп танылған. 42 жастағы Гүлнара Каримованың бизнесін Өзбекстанның бас прокуратурасы да тексеріп жатыр. Бас прокуратураның 2014 жылдың күзіндегі соңғы мәлімдемесіне сәйкес, Гүлнара Каримова үй қамағында отыр. Оның сыбайластары ұзақ жылдарға сотталған. Кейбір сарапшылар саяси амбициялары байқалған соң Гүлнара Каримова әке қаһарына ұшырады деп санайды.
Azattyq.org