Қазақстанда әзірге мектептерді жаппай салу тоқтатыла тұрады, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев.
«Барлығыңызға белгілі, биылғы бюджет әлемдік экономикадағы қиын жағдайға байланысты қысқартылды. Алайда бұл әлеуметтік жобаларға әсер етпейді. Десек те, әзірге жаңа мектептер құрылысын тоқтата тұрамыз», – деді Б. Сапарбаев өткен бейсенбіде Атырау облысына барған жұмыс сапары барысында.
«Бұл мен атап өткендей, үш ауысымда оқитын және апатты жағдайда тұрған мектептерге әсер етпейді. Егер экономикалық жағдай дұрысталатын болса, біз келесі жылдан бастап, бізге жетіспейтін мектептердің құрылысын жаңғыртамыз», – деді ол.
«Алдағы үш жылда біз аз дегенде 77 мектеп пен 27 балабақша салуымыз керек. Бұл үшауысымды және апатты мектептерді жою үшін жүргізіледі. «Нұрлы жол» бағдарламасында осындай міндет қойылған, үш жыл ішінде бұл мәселе шешімін табуы керек. Осы мақсатқа қосымша қаражат бөлінген», – деді Б. Сапарбаев.
ҚазТАГ