ЕЛБАСЫНЫҢ СЫҢАРЫ Тәжікстаннан «табылды»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №14 (285) от 09 апреля 2015 г.

 

Апта аптығы

 

Тәжікстанда билік партиясының ресми сайтында Тәжік мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Носирджон Салими мен ғалым Холмахмади Саме «ұлт көшбасшысы» деп жариялау үшін, ел президенті Эмомали Рахмонның сіңірген еңбектері жеткілікті деп жазылған үндеу жариялаған. Үндеу авторларының пікірінше, Эмомали Рахмон сияқты тұлғалардың көшбасшылық қасиеті дәлелдеуді қажет етпейді, бірақ «өркениеттер мен мүдделер қақтығысқан заманда, жаһандану жағдайында ұлттар мен елдер ресми танылған көшбасшыға мұқтаж».

Носирджон Салими мен Холмахмади Саменің жазуынша, «тәуелсіздік алған жаңа мемлекеттердің саяси мәдениетінде «ұлт көшбасшысы» атағын беру жаңа әрі сирек құбылыс». Бірақ бұл жаңадан пайда болған құбылыс емес. Қазақстанның тұңғыш әрі әзірше жалғыз президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәртебеге бес жыл бұрын ие болған.

2010 жылдың мамырында Қазақстан парламенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз артықшылық беруді қарастыратын заң жобасын қабылдаған. Құжатта отставкаға кеткен күннің өзінде Назарбаевтың жеке басы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдіктер берілетіні жазылған. Мәтінде «президенттік қызметті атқару кезіндегі, сондай-ақ президенттік өкілеттілігі тоқтатылғаннан кейін, Қазақстанның тұңғыш президенті мәртебесін жүзеге асыруға байланысты іс-әрекеттері үшін елбасыны тұтқындауға, қамауға алуға, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартуға болмайды» деп жазылған. Бұл айрықша кепілдіктер елбасы және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің дүние-мүлкіне де қатысты қолданылады.

Кезінде бұл заң жобасын халықаралық демократиялық ұйымдар қатты сынаған. Белсенділер құжатты қабылдауға қарсы наразылық акцияларын өткізген. 2010 жылдың 4 маусымында Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына қол қоймайтынын мәлімдеген. Бірақ 11 күннен кейін сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев, сол кездегі мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов және премьер-министр Кәрім Мәсімов қол қойған құжат ресми баспасөзде жарияланып, заңды күшіне енген.

Эмомали Рахмонға «ұлт көшбасшысы» мәртебесін беру бастамасына қарсылық білдірушілер Тәжікстанда да бар. «Азаттықтың» тәжік қызметіне сұхбат берген құқықтанушы әрі белсенді Ойнихол Бобоназарованың айтуынша, автократиялық мемлекет президенттері ғана өздерін «ұлт көшбасшысы және көсем» деп атайды. Рахмонның сыншылары «тәжік шенеуніктері президенттің жеке басын осылай мақтап-мадақтау арқылы үкіметтің сәтсіз саясатын бүркемелегісі келеді» деп санайды. Тәжікстанның оппозициялық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Шокирджони Хаким мұндай ұлықтау Орталық Азия елдері ішінде әуелі Түркіменстанда, кейін Қазақстанда пайда болып, заң жүзінде бекітілгенін ескертеді. Оның пікірінше, бұл саяси мәдениеттің төмендігін көрсетеді.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн