Воскресенье , 20 апреля 2025

АЙДАЙ СҰЛУ неге сотқа жүгінуге МӘЖБҮР БОЛДЫ?

Үкімің қалай?

 

«Қазақстан аруы-2013» байқауының жеңімпазы Айдай Исаева Instagram парақшасында жеке басын келеке қылған желі пайдаланушыларға ренжулі екенін жасырмады. Әрі өзін мазаққа қалдырған телеарнаны сотқа бермек.

 

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұдан біраз уақыт ілгеріде Айдай Исаеваның «КТК» телеарнасына берген сұхбаты интернетке шыққалы, оған әлеуметтік желіде тіл тигізушілер көбейіп кеткен.

Сонда қалай дейсіз ғой: желіні пайдаланушылар «Қазақстан аруы» атағын алып, медицина дипломын иеленген қыздың орысша пікірін дұрыс жеткізе алмайтынын келемеж қылған. Ал Айдай Исаеваның орыс тілін жетік білуге міндетті емес екендігін алға тартып, оның интеллектуалдық сайыс емес, сұлулық байқауының жеңімпазы екенін ескерген өзге пайдаланушылар легі Исаеваның жағына шыққан болатын.

Осылайша «аузы жүйрік» желідегі оқырман пікірі қақ бөлінген. Айдай қыздың сөзіне сенсек, ол даттаушыларға ұзақ уақыт мән бермей келген көрінеді. Алайда instavideo_kaz аккаунтында оның сұхбаттарда жіберген қателіктерден құралған «видео» салынғаннан кейін, арудың шыдам жүйкесі шыдаудан қалған. Бүйтпей қайтсін: Айдайдың айтуынша, интернет желісінде өз атына 100 мыңға жуық пікір қалғанға ұқсайды.

«Видео авторы arman_ussupov сұхбаттағы жекелеген бейнекадрларды өз ыңғайына қарай монтаждаған… Мен тиісті заңның 130, 131-тармағындағы «Тұлғаларды қорлау» баптарын жақсы білемін! Ендігі шаруа көп емес: «КТК» арнасы, #instavideo_kaz және Арман Усупов деген кісіні сотқа беру қалды. Мен бұл «видеоны» ұзақ елемей келгенмін. Алайда интернеттегі            100 000 пікірді көңіліме алып қалдым: олар зілсіз қалжың болса, түсінер едім», – деп, 2013 жылдың Қазақстандағы ең сұлу аруы өзінің қазіргі көңіл ауанын байқатқан.

Бұл арада не десек те, Айдайдың уәжі заңды екені даусыз. Себебі өз елі мен өз жерінде, өз тілінде сөйлеп жүрген қаршадай қазақ қызы үшін ойын орысша жеткізе алмау – мін емес. Мәселен, өзінің ұлттық менталитетін білдіруді мақсат тұтатын кез келген грузин орыс тілін қаншалықты жетік біліп тұрса да, орысша сөзде өзінің ұлттық акцентін айқындап сөйлейді. Бұл – грузин үшін өзінің грузиндігін білдірудің басты шарты.

Ендеше орысша дұрыс сөйлемедің деп, Айдайды айыптаудың жөні қайсы? Бұл тұрғыдан пайымдайтын болсақ, біздің газет Айдайға араша түсе алады. Сондықтан Айдай ару үшін бұл соттың жай-жапсарын жария ету қажеттігі туса, біз оның жанынан табылатынымызды мәлім етеміз!

Сауыр САЙҚАН

 

Топтаманы дайындаған Төлеу ТҰРМАН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн