Қаз-қалпында
Шымылдық сыртындағы шытырман оқиға! Ақтауда Облыстық драма театрдың актрисасы мәдениет ошағының басшысын қызметкерлерін жыныстық қатынасқа мәжбүрлейді деп айыптады. Басты рөлді актерлік шеберлік емес, төсектегі «өнері» үшін береді деген актриса бұрынғы жұмыс орнын «жезөкшелер мекені» деп атады. Театр басшылығы, әрине, өздеріне шаң жуытқан жоқ. Енді тараптар мәселені сотта шешпек.
Мұның бәрі Маңғыстау драма театрының сахнасында емес, сыртында өрбіп жатыр. Дина Ахметжан өнер ордасында 11 жыл еңбек етіпті. Содан бергі ішінде сақтап жүрген сырын қазір ашып отыр. Айтуынша, театр директоры бірнеше жылдан бері сөз салыпты. Актриса бастығына ашына болудан бас тартып, жұмыстан қағылған көрінеді.
Дина Ахметжан, актриса:
– Менің көңілімнен шығуың керек деді. Ашықтан-ашық айтты. Төсектес бол деді. Келіскен жоқпын. Есің дұрыс па, сен менің кім екенімді білесің бе, бәрі мені жақтайды деді. Сені бір-ақ күнде қуып жіберемін деді.
Ал бұл мәселенің ушығуына директордың көңілдес болуға жасаған ұсынысы емес, баспана жайы себеп болып тұр. Динаның өз үйі болмаған. Қызметтік пәтер алуы керек екен. Өткен жылы оған театр баспана сатып алып беріпті. Бірақ 700 мың теңгесін өзіне төлеткен. Содан соң жұмыстан шығара салыпты.
– Бұл жерде директор Нұрнияз Мұқанов пен театр режиссері Гүлсина Мирғалиева пәтерді тек өзі жақсы көретін адамдарына ғана береді. Көңілінен шыққан адамдар ғана атақ, пәтер алады, – дейді Дина Ахметжан.
Сөйтіп, театр пәтерін де бермеген, төлеген ақшасын да қайтармапты. Өмір спектаклінің бұлайша бітуіне қарсылық танытқан актриса жұмыстан заңсыз шығарды деп сотқа арыз жазған. Алайда жеңіліп қалады.
Нұрнияз Мұқанов, Н.Жантөрин атындағы драма театрының
директоры:
– Қаралау дейтін болады. Актер мен актрисалар мені «әке» дейді. Солардан қалған балалар, немерем. Мынау «суға кеткен тал қармайды» дейді ғой. Сізге жауап беруім де ұят.
Өздеріне лас айып таққанына қарамастан, театр ұжымы бұрынғы әріптесінің өнерін жоғары бағалайды. Режиссердің сөзіне сенсек, ол әртістік шеберлігін сахнадан тыс кезде де қолданады екен.
Гүлсина Мирғалиева,
Н.Жантөрин атындағы драма театрының режиссері:
– Ол менің кинома түсті. Аяйтынмын. Бір кездері күйеуімен ажырасып жүрді. Оған басты рөлдерді аямай бердім. Қыз Жібекті, Баян сұлуды ойнады. Адамның аяушылығын тудыра алатын актриса болып тұр ғой. Тіпті күлкілі екен.
Енді қос тарап сотта кездесетін болды. Дина Ахметжан баспана мен ақшасын қайтарып алуға талпынып жатыр. Ал театр директоры бұрынғы қызметкерін жала жапқаны үшін жазасын бермек.
«КТК»